04 Мамыр 2012
9 мамыр – халқымыз үшін азаттық салтанат құрған күн, қатыгез де сұрапыл шайқаста опат болған милиондарды жалпыхалықтық аза тұту күні. Бұл күндері елімізде осы мерекеге байланысты көптеген шаралар өтуде.
Биылғы жылы қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың 90 жасқа толуына байланысты А.Гайдар атындағы орталық қалалық балалар кітапханасында «Қаһарман қызы қазақтың» атты тарихи сағат өтті. Мақсаты: оқушыларға Мәншүк апамыздың өмір жолынан мағлұмат беру, артында қалдырған ерлігін үлгі ету, отансүйгіштік қасиеттерін мақтан етіп, бойларына сіңіре білуге тәрбиелеу. Қатысушы №2 интернат оқушыларына осынау сұрапыл жылдарда майдан даласында жанкешті ғұмыр кешкен батыр жүректі қазақ қызының көрсеткен ерліктері мен батыр атағын алу себептері айтылды.
«Мәншүктің жұлдызды сәті» театрланған көрініс көрсетіліп, батыр қыздың рухына арнап, ақын –жазушылардың жүрегінен жарып шыққан өлеңдері оқылды. Интернат және оқушылар сарайының жас өнерпаздары М.Сатыбалды, Д.Жангалиева, Е.Сатыбалды. А.Кемелбекова, А.Рахметоллаева ән-жырларын арнады. Соңында «Қаһарман қызы қазақтың», «Отан үшін от кешкен балқаштықтар», «Арулар отты жылдарда» бөлімдерінен тұратын «Ұрпақтарға ұран болған Ұлы Жеңіс» атты ашық кітап көрмесіне шолу жасалды. Оқушыларға слайдтардан қазақстандық батыр- жауынгерлерді мәңгі еске сақтау үшін суреттері көрсетіліп, олардың ерліктерін паш еткен жазушылар А.Бек, Қайсенов Қ., Б.Бұлқышев, Б.Момышұлының шығармаларымен танысты. Ержүрек қазақ қызы Мәншүк Мәметованың, ел басына күн туып, ер басына мұң ұялаған жылдарда әкелеріміз бен аналарымыздың Отан мен туған жердің намысын ойлап, қан майданда қан кешкендері ел жүрегінде мәңгілікке сақталады. Әділдік пен зұлымдықтың соғысы деп бағаланған майдандағы ерліктері бүгінгі және келер ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің, отанқорғаудың жоғары үлгісі болып қала бермек.