"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Кітапхана алғысы

Просмотров: 4589

 

Біздің кітапхана қорына  сыйлаған кітаптарыңыз үшін, Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі алғыс білдіреді.

 

   Дадан Тобықты Бораншы

Шәкірұлы, Н. Дадан Тобықты Бораншы: шежіре / Н.Шәкірұлы. – Алматы, 2023. – 108 б.
 
Кітаптың басы арғын тайпасының қысқа негізгі тарихы мен орналасуынан басталып, Тобықты руының тарихымен ұласады. Халық арасындағы аңыздар, тарихи деректер орнымен қолданылып, шежіре мен тарихтың тікелей байланысы анықталады.
Дадан Тобықтының Балқаш көлінің солтүстік жағалауымен Тоқырауын өзенінің төменгі ағысына орналасу тарихы және болыстықтың тарихындағы өмір кешкен белгілі тұлғалар жайлы мәліметтер берілген.
Алты ата Бораншы ұрпақтары шежіресі, оқуға ыңғайлы кестемен таратылған.

 


   Балқаш қалалық тарихи – өлкетану музейі

Қожақов, Д. Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейі / Қожақов, Д., Сеильханова, А. – Балқаш. – 2023. – 99 б.

Музейдің 50 жылдығы қызметіне арналған кітапта музей тарихы екі кезеңге бөлінген. Біріншісі музейдің қалыптасуы, залдар мен көрмелердің дайындалуы,  музей қорын жинақтау сияқты маңызды сәттерден тұратын мәдени  орталықтың іргетасы алғаш қаланған 1970-1991 жылдар аралығын қамтиды. Екінші кезең Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап қазіргі уақытты қамтиды. Бұл кезеңде музейдің пандемия кезіндегі мәдени-ағарту жұмыстары да көрсетіледі.
Балқаш тарихи-өлкетану мұражайының 50 жылдығына арналған кітап «Сары Казна» ЖШС және «Медная компания Коунрад» ЖШС құрған «Коунрад» корпоративтік Қорының демеушілігімен жарық көрді.

   «Тамырын тартқан тереңнен»

Тамырын тартқан тереңнен: қалалық «Балқаш өңір» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған жинақ / құраст.: Қ.Аманқұлов. – Балқаш: «Алгорифм» баспасы, 2022. – 99 б.
Бұл жинақ Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» қоғамдық-саяси газетінің жарық көргеніне 90 жыл толуына арналады. «Балқаш жұмысшысы» деген атаумен 1932 жылдың 1 мамырында жарық көрген басылымның тарихы терең.
Кітапқа газеттің әр жылдардағы редакторлары мен тілшілерінің, қызметкерлерінің өмірінен сыр шертетін түрлі мақалалар топтастырылған. Сондай-ақ, газет редакциясының марапаттары мен ұжымдық фотосуреттер қатталды.
 
 
 
 

     «Бастау»

Кәріпұлы, Ө. Бастау: роман / Ө.Кәріпұлы. – Алматы: «Алгоритм», 2022. – 552 б.

Жазушы Өмір Кәріпұлының бұл шығармасы тәуелсіз қазақ елінің кешегісі мен бүгініне арналған көркемдік ауқымы кең ішкі туынды. Роман оқиғасы тәуелсіздікке бет бұрған өтпелі кезеңнің шырғалаңына құрылған. Социализмнің қазармалық шектеуі қазақ жұртын мәңгүрт жағдайға ұшыратып, тілінен, дінінен айырғаны романда нанымды көрсетілген. Нарыққа бет бұрыстағы асыра сілтеушілік салдарынан халықтың жиған-тергені қолды-қолда кетіп талапайға түскені романның өзегін құрайды. Дүниеге өліп-өшкендер даланың аң-құсына ауыз салып, табиғат байлығын талауға түсіргені, соның салдарынан далада аң қалмағаны романда шыншылдықпен баяндалады. Ұлттық салт-дәстүрдің ток шоуға айналып, табиғаттың төл перзенті қазақ жұртының рухани деңгейінің жайдақталып,бара жатқаны, даладай кең пейіл қазақ ұлтының ниет-пиғылы тарылып дүниеге мещандық көзқарастың етек алғаны кейіпкерлердің мінез құлқы арқылы ашылған. Жазушы роман идеясына романтикалық леп берген. Келешек күндерге деген сенім әр кейіпкердің бойынан табылып жатады. Аңдарды сөйлету арқылы далаға тіл бітіреді. Қарт қаламгердің саба түбі сарқынды (2022ж) туындысы оқырманды ой тереңдігімен, тіл көркемдігімен баурайды. Роман жалпы қауымға арналған.

 

 


   «Кәрсөн Бекназарұлы Таңыбай батыр»

Кәрсөн Бекназарұлы Таңыбай батыр / құраст.:Н.Ахметжанов. – Түркістан: "Ақ Шағыл", 2021. - 24 б.

Бұл кітапшаға Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген орта жүздің арғын тармағы ішіндегі, Мейрамсопыдан тараған Қаракесек Кәрсөн Бекназарұлы Таңыбай батырдың ерлікке толы ғұмыры арқау болған. Таңыбай батырдың қазақ хандығына қауіп төндірген Жоңғар мемлекетіне қарсы барлау әскерін құрып, Тәуке ханның соғыс стратегиясы жөніндегі кеңесші болғанын, тарихи жазбаларға сүйене отырып, егжей-тегжейлі түсінік беріледі. Кітапша отан тарихына қызығатын қалың көпшілік оқырманға арналады.

 

 

 

 

 


   «Ұшқан ұя»

Мамбетаев, О. Ұшқан ұя (№3 Озерный мектеп-интернаты: ұстаздар мен түлектер) / О.Мамбетаев. – Алматы: Ғылым Ордасы, 2023. – 187 б.

Қолыңыздағы еңбек ширек ғасырдан астам тарихы бар №3 Озерный орта мектеп-интернатының өткен кезеңдегі тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімін, ұстаздар қауымының білімі мен біліктілігін көрсете отырып, елдің ертеңі үшін өсіп-өнген жас ұрпақтың бүгінгі қоғамдағы орнын баяндай отырып, жеңіл тілмен жеткізе білген.
Мектеп өмірін, келешек үшін атқарған істерді уақыт кезеңдеріне қарай тартымды бөлімдерге жинақтап, тарихи-танымдық мәліметтер беруге тырысады.
Автордың жан-дүниесінен, ізденісінен туындаған Мектеп пен Ұстаз туралы шәкірттік баяны көпшіліктің көңілінен шығып, оқырман тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз.

 

 


«Домбыраға арналған оқулық»

Қашқынбай, Т. Домбыраға арналған оқулық / Т.Қашқынбай. – Астана, 2018. – 180 б.

Домбыра – музыка аспаптары ішіндегі халқымызға ең көп тараған аспап болғандықтан, оны тартып, үйренем деушілер де өте көп. Сондай үлкен сұранысты ескере отырып, талапты үйренушіге өз бетінше аспапта ойнап, меңгеріп кетуі үшін осы еңбекті арнап отыр. Бұл оқулықта музыка сауатына да айтарлықтай көңіл бөлінді және домбырадан жеке түрде сабақ беруге байланысты қысқаша әдістемелік нұсқаулар да берілді. Кітапта жоқ кейбір кәсіптік орындаушылық әдіс-амалдарды бұрын жарық көрген «Домбыра үйрену мектебі», «Домбыра үйренейік», т.с.с. көптеген оқулықтардан қарауға болады.
Музыкалы-педагогикалық оқу орындарының оқушылары мен студенттеріне арналған.

 

 


«Қазақ өнер әлемі»

Қашқынбай, Т. Қазақ өнері әлемі / Т.Қашқынбай. – Астана, 2023. – 224 б.

Бұл монографияда қазақ мәдениетінің интегративті ерекшелік мәселелері қарастырылған. Синтез – ерте кезден осы күнге дейінгі өнер трансформациясын әлемдік процесс ретінде үндестіретін, өзіндік эволюциялық даму жолы, қайталанбас мазмұны бар қазақ өнерінің негізгі бағыттарының бірі. Қазақ өнерінің әр түрінің эволюциясы туралы түсінік оның мазмұн-сипатымен атастырыла өрілген.
Бұл еңбек жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, докторанттары, гуманитарлық сала мамандары үшін ұсынылды. Жұмыс қазақ өнерінің түйінді түйіткілдері мен тарихының дамуы қызықтыратын барша қауымға арналған.

 

 


«Ебіл-дебіл дүние»

Әлжантегі, Т. Ебіл-дебіл дүние: хикаяттар  / Т.Әлжантегі. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2022. – 336 б.

Кітапқа енген «Бақыр басты еркек», «Алма кезек дүние», «Шеңбер», «Сергелдең» секілді хикаяттардың барлығы да бүгінгі күн тақырыбына арналған. Автор хикаяттарында заман тынысы, өмір ақиқатын көркем тілмен шынайы суреттеп, оқырмандарын ойлануға шақырады. Әр туындының оқиғасы қанық, желісі шымыр.
Көпшілік оқырманға арналған.

 

 


«Жаңаарқа, жайсаң елім-ай!»

Әлжантегі, Т. Жаңаарқа жайсаң елім-ай! / Т.Әлжантегі. – Алматы: «Үш Қиян», 2019. – 344 б.


Бірнеше прозалық кітаптары арқылы оқырман ықыласына бөленген Төкен Әлжантегінің бұл шығармасы Орталық Қазақстан аймағында артына із қалдырған азаматтар хақында еңбектерден тұрады. Сайдалы Нияз өз тұсында есімі көпке танылған қазақ қоғамының белді өкілдерінің бірі. Жазушы қаламынан туған басқа да еңбектер арқылы өзге де қызықты деректерге қаныға түсеміз.
Кітаптың тілі жеңіл, көпшілік оқырманға арналған.

 

 

 


«Ақ сезім»

Қабділәшім, Е. Ақ сезім / Е.Қабділәшім. – Алматы: «Abai» baspasy, 2021. – 184 б.

Тәуелсіздік таңымен нұрланған, еркіндік шуағына шомылған жас буынның  қаламынан туған жырлар – бүгінгі күннің бейнесі. Белгісі. Ертеңге жетер, болашаққа барар сол құндылы – сезім. Сан түрлі сезім. Ең бастысы, ақынның кешкен сезімі – ақ. Оған Алатау куә, Есентай өзені куә. Сол сезім үлкен армандардың бастауы. Жүректі ізгілік пен мейірімге ұмтылдырған сәттер ақын жадынан өшпесі анық. Көңілге ұялаған сағыныш пен пәк махаббат ақын жанын жігерлендіре берері сөзсіз.
Кітап әдебиетсүйер қауымға арналады.

 

 


 «Құланиек»

Байыс, А. Құланиек: өлеңдер /А.Байыс. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2021. – 112 б.

Жас ақынның тұңғыш жинағына махаббат, табиғат, өмір жайлы толғаныс-тебіреністерге, сыршыл сезім мен сағынышқа толы өлеңдері, балладалары, сондай-ақ аудармалары еніп отыр. Оның жырлары оқырман қауымды өзінің шынайылығымен баурап аларына сеніміміз мол.


 

                                              

 

 


«Сарқылмас сырлы Сарыарқа»

Шайбеков, А. Сарқылмас сырлы Сарыарқа /А.Шайбеков. – Қарағанды: Полиграфист, 2021. – 215 б.
Жазушы Аманолла Шайбековтың «Сарқылмас сырлы Сарыарқа» халық ауыз әдебиеті негізінде сүйеніп жазылған танымдық романында Орталық Қазақстан жерінде өмір сүрген және өмір сүретін белгілі Орта жүз ішіндегі Арғын атасынан бөлініп шығатын Қаракесек руының Түйтеден тарайтын Әлтеке-Сарым тармағының ата бабаларының тарихи өзіндік келбетін ашып, келешек ұрпақ санасына сақтауға арналған.Роман әдеби көркем тілде жазылған. Ішіндегі айтылатын әңгімелер қазақ тарихында белгілі оқиғалар уақыттарымен межеленіп жазылып, кейбір тарихи қайшылықтарға пікірлер білдірілген. Жалпы шығарма оқуға тартымды және ата бабалар өміріне көңіл бөліп, оқырман ойын түйіуге ықпал ететіні сөзсіз.

 

 

 

 


«Арғын Шұбыртпалы шежіресі»

Арғын Шұбыртпалы шежіресі: 1-кітап / құраст.: А.Омаров. – Алматы: «Принт плюс», 2019. – 544 б.

  Бұл аталық шежіре – ұзақ жылдардағы көптен күткен, көкейде жүрген сұрақтарға, оқырмандарға, Шұбыртпалы руы ұрпақтарына, толғаныс ой беретін, болашақ өмірде осы кітаптың тәрбиелік мағынасына ден қойып, рухани дүниеге иемдене ізденетін ел болса деген арманда шыққан еңбек. «Жеті атаны білген ер, жеті жұрттың қамын жер!» - демек, ата-баба салтын, тарихын жалғастыру біздей пенделерге парыз. Орта жүздің Арғын тармағының Мейрамсопы Шұбыртпалы шежіресі, Ағыбай батыр бабамыздың өмірін білу көптік етпейді. Ертеден қалған нақты деректер мен этнографиялық аңыз-әңгімелер жинақтары осы кітапта мағлұмат береді.
Кітап көпшілік қауымға арналған.

 

 

 

 


«Сыныптасы жоқ бала»

Мұқаев, І.  Сыныптасы жоқ бала / І.Мұқаев. – Нұр-Сұлтан: Кәусар, 2022. – 128 б.

Ақын Ілияс Мұқаевтың бұл кітабына кестелі сөзбен өрілген көркем жырлары топтастырылған.Қоғамдағы әр құбылысты қара өлеңнің өзегіне сыйдырып, жыр тілімен сыр айта білген ақынның шуақты поэзиясы көпшілік оқырманға арналған.

 

 

 

 

 


«Темір жолы – өмір жолы»

Аринов, А.  Темір жолы – өмір жолы / А.Аринов. – Қарағанды қаласы:  ТОО «Форма Плюс» баспасы, 2022. – 166 б.

«Темір жолы – өмір жолы» кітабын теміржол саласында біраз  жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан жас талапкерлер тепловоз машинисінің көмекшілері Алмас Аринов және Ғазиз Ариновтар құрастырып жазған. Алғашқы еңбек жолдарын осы теміржолдан бастап, өмірлерін осы салаға арнауға бел буып отыр. Осы туындыда олар теміржолшылардың, машинистер мен олардың көмекшілерінің, теміржол саласындағы басқа да буындарды еңбек ететеін жандардың қызметі мен жанқиярлық еңбектерін барынша шынайы көрсетуге тырысты.

 

 

 

 

 


«Абыз бен Аңыз»

Башар, Ж.  Абыз бен Аңыз / Ж.Башар. – Нұр-Сұлтан: «Профи Медиа» баспасы, 2021. – 272 б.
«Абыз бен Аңыз» романы қиялдан туған хикаят емес, тарихи шындықты негізге ала отырып жазылған көркем туынды. Арқаның абызы Қараменде би және сол заманда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалар, олар жайлы ел аузында да жүрген аңыз әңгімелер, со замандағы тарихи оқиғалар, шығарма арқауына айналған. Қазақ хандығы жойылғаннан кейін, елді аға сұлтандар мен болыстар басқарған дәуірдегі елдің бірлігін діттеген айтулы тұлғалардың арпалысқа толы өмір көші баяндалады.

 

 

 

 

 


Өте шыққан өмір-ай!

Игенұлы, Р.  Өте шыққан өмір – ай! / Р.Игенұлы. - Нұр - Сұлтан: «Кәусар» баспасы, 2019. - 208 б.
Кітапта білігі мен тәжірибесі мол, өмірден көрген-түйгені көп Райымқұл Игенұлының естеліктері, ұрпақтарына айтар өсиеті, қуанышы мен өкініші аралас өмірлік сабақтары жазылған.
Автордың балалары, әріптестері жазған ізгі пікірлер мен тілектер де қамтылған.
Райымқұл Игенұлы айғайындық, туыстық қарым-қатынасты нығайтып, бекіте түсу үшін тікелей ұрпақтар мен жиендерінің шежіресін де әдейілеп жасаған. Бұл-келешекте осы іспетті кітап шығарамын деушілерге үлгі.
Автордың өзінің және өзінен үлкен аға-әкелердің айтқан өнегелі әңгімелерін ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан бұл кітабының оқырманға берері мол.

 

 

 


Қазақтың ас беру дәстүрі

Смағұлов, Е.М. Қазақтың ас беру дәстүрі / Е.М.Смағұлов. – Нұр-Сұлтан: «Алтын кітап» баспасы, 2019. – 248 б.
Бұл зерттеу еңбекте қазақ халқының ас беру дәстүрінің сипаттамасы, оның шығу тегі, ас берудің қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі институционалдық рөлі қарастырылады. Автор қазақ халқының этномәдени дәстүрлерінің көп уақыт мөлшеріндегі әлеуметтік-тарихи тәжірибенің нәтижесінде қалыптасқанын дәлелдейді.
Кітап қазақ тарихы мен этнографиясы бойынша мамандарға, оқытушылар мен жас ғылыми ізденушілерге, сонымен бірге бұл тақырыпқа қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған. 

 

 

 

 

 


Алтын сақа

Майбас, Т. Алтын сақа / Т.Майбас. - Алматы: «Palitra - Press», 2021. - 312 б.
Бұл кітапқа барлық саналы ғұмырын шойынжолды саясатым деп білген, өмірінің тұғыры етіп алған, сол жолмен қазақ даласының көсегесін көгертуді өмір мұратым деп есептеген, елінің ертеңін осы шойынжолмен байланыстырған, осы жолда көшелік танытқан, өскелең ұрпақтың ертеңіне өзінің бекзадалық болмысымен олжа салып, бабалар жолына салуда ағалық көрсеткен, қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Берік Әрінұлы Сейсембековтің көркем сөзбен әдіптелген кесек кескіні замандастарының, туған-туыстарының естеліктері, эсселері, жыр шумақтары арқылы берілген.
Кітап тілі көркем, шұрайлы.

 
 
 
 
 
 
 
 

Абыз дала, аңыз дала – Ақтоғай

 
Қожахметов, М.Қ. Абыз дала, аңыз дала – Ақтоғай / М.Қ.Қожахметов, Ж.Қ.Смағұлов. – Қарағанды: Теңгри, 2021. – 444 б.
География ғылымдарының кандидаты, профессор, географ – ғалым Мұратхан Қожахметұлы Қожахметов пен Халықаралық Ақпараттану академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, филолог-ғалым Жандос Қожахметұлы Смағұловтың бұл кітабының мазмұнына Тоқырауын арнасынаорналасқан Ақтоғай ауданындағы ел мен жердің тарихы, тайпалық-рулық құрылымы, географиясы өзек болған. Еңбекте тарихи және мұрағаттық деректер негізгі арқау болғанымен, олар ел аузында сақталып келген аңыз-әпсаналармен тығыз байланыстағы салыстырмалық мәнде пайымдалған. Халық бастан өткерген тарихи оқиғалардан мол мағұлымат беруімен қатар, ата-баба шежіресін зерделеуде, өз бағасын ала алмай келген тарихи тұлғалар мен ұлттық руханиятқа олжа салған өрендерді танып білу мен бағалау жолында танымдық және тағылымдық маңызы да жоғары екені анық.
Кітап туған ел мен жер тарихын білуге құмар жалпы көпшілік оқырман қауым мен зерттеушілерге арналған.

 

 


Жалғанның жүзі

Башар, Ж. Жалғанның жүзі: Роман және хикаяттар мен әңгімелер / Ж.Башар. - Қарағанды: «Теngгі Іtd» ЖШС баспаханасы. - 2019. - 345 б.
Кешегі қызыл террордың заманында қазақ халқы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ауыр зардаптарын бастан өткеріп, жантүршігерлік қасірет кешті. Жазушы Жанболат Башардың соңғы жылдарда жазған «Жалғанның жүзі» атты романына сол ауыр жылдары бір әулеттің басынан өткерген қайғы қасіреті, шеккен азабы, шырғалаң тағдыры шығарма өзегіне айналып, шынайы суреттелген. Сонымен қоса кітапқа: «Көлжанқара», «Басқа бәле.,.», «Сор», «Есукей», «Икең», «Нәкең», «Әзәзіл» атты тағы басқа хикаялары мен әңгімелері топтастырылған. Автордың қай шығармасын алсаңыз да шындық пен жалғанның, жақсылық пен зұлымдықтың шарпысуын қилы-қилы тағдырлы обрыздарды сомдау арқылы жеткізе білген. Олай болса оқыңыз, көріңіз, қызық қуанышын бірге бөлісіңіз.

 

 

 


Тынышбаев Қамза  «Есімде қалған аралым» 

«Есімде қалған аралым» - бұл Барса-келмес деген тылсым атауы бар арал тарихы туралы кітабының екінші басылымы. Бүгінгі таңда Арал теңізінің құрғауына байланысты арал құрлықпен қосылып кетті. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары аралда балпақтарды аулау бойынша аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған болатын, ал 1939 жылдан бастап сирек кездесетін жануарларды қорғау бойынша Барса-келмес мемлекеттік қорығы құрылды. Бұл кітап - 1937-1956 ж.ж. кезеңіндегі жекеленген бірегей аралдық мемлекет шаруасының ерекше өмірін өз көзімен көрген қатысушысының естеліктері. Бұл басылым Аралмаңының бөлшегі болып суреттелген жерлерге жақында барған әңгімелермен толықтырылып, компьютерлік графикамен жасалған топонимикасы және оған қоса анықтамасы бар бұрынғы аралдың картасы ұсынылды. Сонымен қатар, бірінші басылымға кейбір құжаттық анықтамалар енгізілді.

 

 

 


«Аманат»

 

Нұртазаұлы, М. Аманат: Өлеңдер жинағы / М.Нұртазаұлы. – Алматы: «Palitra-Press», 2019. – 248 б.

Өңіріміздің белгілі ақыны, білім саласына елеулі үлес қосқан ұстаз Махмет Нұртазаұлының «Аманат» кітабын ұсынамыз. Кітапта  өлеңдер жинағы берілген. Ақынның өлеңдері мен әңгімелері, шығармашылығы мерзімдік басылымдар арқылы жұртшылыққа жақсы таныс.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

 


«Қамшы»

 

Кәрім, Н. Қамшы / Н.Кәрім. – Қарағанды: «Типография Арко», 2016. – 84 б.

Ақын Нұрдос Кәрімнің тұңғыш жыр жинағына енген өлеңдері – пәк махаббат пен шынайы сезімнің нышаны іспетті. Сағыныш сазы сезіліп, жұмыр жүрегінен жібектей сезімі есіліп, жаныңды баурап алады. Өлеңдерінің басым бөлігі философиялық ойларға өрілген.

Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

 

 


Тобықты Қараменде баба
 

Тобықты Қараменде баба: Тарихи-танымдық зерттеулер мен аңыз-әңгімелер, жинағы / құраст.: М.Жанболатұлы. - Алматы: «Информ-Арна» баспасы, 2019. - 456+28 жапсырма бет.

Жинаққа XVIII ғасырда өмір сүрген, Әнет бабаңның өсиетін тыңдап, батасын алған, халқымыздың қасірет болған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» басынан кешірген Қараменде Шақаұлының (1707-1797) ғибратты өмірі топтастырылған.

Халқы Баба деп атаған – Қараменде би Абылай ханның сенімді серігі, Қаз дауысты Қазыбек, Бұқар жырау, Кеңгірбайдай билермен иық тіресіп ел мүддесін қорғаған, халық батырлары Мамай, Жидебай, Жалаңтөс, Жәнібектермен қанды көйлек дос болған, дуалы ауыз шешен, әділ би, халық қамқоршысы болып танылған тарихи тұлға.

Ұзақ уақыт есімі мен еңбектерін насихаттауға тыйым салынып келгендіктен, Бабаңның өнегелі өмірі, кемеңгерлік үлгі-өсиеттері жинақталмай, зерттелмей келген еді. Тұңғыш рет құрастырылған бұл ел жадында сақталған әңгімелер мен тарихи деректер, көркем туындылар жинағы ел тарихын зерделеп, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге зор көмегі тиеді деп қалың қауымға ұсынып отырмыз.

Кітапхана оқырмандарына Қараменде би бабаның ұрпақтарының атынан.


Өлең өзі өріледі кеудемде...

 

Бөлекова, М. Өлең өзі өріледі кеудемде...: өлеңдер / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018. – 68 бет.

Ұсынылып  отырған  өлеңдер  жинағына  көрнекті ақын, сазгер Мөлдір  Бөлекованың туған жер, ыстық ұя, табиғат т.б. тақырыптарында жазған өлеңдері мен әндері енген. Ақынның шығармалары өз бірегейлігімен, тереңдігі әрі қарапайымдылығымен оқырмандардың көңілінен шығары сөзсіз.

Өлеңдер жинағы көпшілік оқырман қауымға арналған.

 


Балқашым - бағым

 

Бөлекова,М. Балқашым - бағым: өлеңдер / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018 . – 57 бет.
Ұсынылып отырғын өлеңдер жинағына көрнекі ақын Мөлдір Бөлекованың туған жері Балқаш қаласы және Гүлшат кенті туралы өлеңдер мен әндер топтамасы енген. Ақынның шығармаларынан туған жерге, туған ауылға, Отанға деген шынайы махаббаты сезіледі. Өлеңдер жинағы, әсіресе, ұстаздар қауымы мен оқушылар, студенттер үшін аса кажетті.
Жалпы жинақ көпшілік оқырман қауымға арналған.
 
 
 
 

 
 Махаббат – ол өр сезім

 

Бөлекова,М. Махаббат – ол өр сезім: өлеңдер / М.Бөлекова.– Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018. – 34 бет.

Ұсынылып отырған өлеңдер жинағына көрнекі ақын Мөлдір Бөлекованың махаббат, достық, жастық, сезім, студенттік өмір жайлы алғашқы өлеңдері мен жарына деген сыйластық, қимастық сезімнен туындаған кейінгі жырлары енген. Ақынның өлең боп өрілген шығармалары шынайы сезімге, тұнық ойға, терең толғанысқа толы.

Өлеңдер жинағы көпшілік оқырман қауымға арналған.

 


Өмір соқпақтары

 

 
Бөлекова,М.  Өмір соқпақтары: естеліктер / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018 . – 180 бет.
Ұсынылып отырған естелікнамада көрнекті ақын Мөлдір Бөлекованың өмір деректері, өмірінде жолыққан тұлғалар мен басынан өткен елеулі оқиғалары жайында баяндалған.  Бұл естеліктер оқырманға ақынның бала, ана, жар, келін т.б. ретіндегі кескін-келбетін, табиғатын, болмысын, жан дүниесін ашады, қаламгердің өнер мен білімге деген құштарлығын, туған жерге деген махаббатын, адамзатқа деген құрметін көрсетеді. Кітаптың тәрбиелік мәні зор.
 Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

 


 Сарытерек ауылдық округі Ақтоғай ауданы Таным мен тағылым

 

Сарытерек ауылдық округі: «Таным мен тағылым». – Қарағанды: «Tengri ltd» ЖШС баспаханасы. – 2018 ж. – 416 б.

Бұл кітап - Сарытерек өңірінің өткеніне көз жіберіп, дала төсінде түліктен төл өрбітіп, ақтылы қой өсіріп, ел дәулетін еселеген ерлер туралы сыр шертеді. Тоқырауынның аңызға айналған Ақ бидайын өсіріп дүиім елді елең еткізген диханшы аталар туралы ой тербейді. Ықылым заманнан бері іргесі шайқалмаған еліне құт болған ырысты өңірдің қасиетін айтады. Отызыншы жылдардың ойранын көрген, соғыстың сұрапыл жылдарына төтеп берген қасиетті қазақтың  қайсарлығын, елдігін баян етеді. Елдігінің қаймағы бұзылмаған аталарымыздың бірлігін айтып, солардан қалған ұлағатты ізден тағылым түйеді.

Шежіре бір рудың емес, бүтін бір елді аймақтың шаруашылығының қаз басып, қалыптасуын, Сарытерек ауылының кешегісі мен бүгінін келер ұрпаққа жеткізбек.

 


Хат

 

Аманқұлов, Қ. Хат / Қ.Аманқұлов. - Қарағанды: «TENGRILTD» баспаханасы, 2017. - 36 бет.

Жыр жинаққа Қуаныш Аманқұловтың тырнақалды туындылары енген. Әрбір өлеңі - шынайы сезімнің айнасы іспетті. Жас ақын шығармаларында  жүректің  бұлқынысы, өмірдің үні анық аңғарылады.                                                                       

Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

 

 


Атажұрттан айналдым

 

Нұртазаұлы, М. Атажұрттан айналдым: өлеңдер / М.Нұртазаұлы. - Алматы: ҚазАқпарат, 2009. - 182 бет.

Ақын Махмет Нұртазаұлының бұл жинағына қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан берменгі уақыттағы жырлары енген. Жеті бөлімнен тұратын кітапта еліміздің өмірінде болған кейінгі жылдардағы соқталы оқиғалармен бірге көңіл-күй, махаббат лирикасына кеңінен орын берілген. Ақынның қай өлеңінде болсын туған жерге деген сағынышы атойлап тұрады. Сөз, намыс, ар-ождан құдыретін дәріптейтін шумақтары да кітап шырайын келтіріп тұр.

Кітап көпшілік оқырманға арналға.

 


Асыл арман

 

Нұртазаұлы, М. Асыл арман: өлеңдер / М.Нұртазаұлы. – Балқаш, 2000. – 155 бет.

Ақын Махмет Нұртазаұлының «Асыл арман» кітабында творчестволық ізденісін аңғартатын атамекен-туған жер, абзал адамгершілік, айнымас достық, адал махаббат, жастық шақ, табиғат туралы көңілге ерекше ұялайтын тебіреністі өлеңдерін автор шынайы сезім, өрнекті тіл, байсалды ойымен, сабырмен салмақтап жеткізеді.

 

 


Әкем салған соқпақ жол

 

Баймағанбетов, Е. Әкем салған соқпақ жол / Е. Баймағанбетов.- Қарағанды: ТОО «Типография Арко», 2017. - 128 бет.

Бұл кітапта автор әкесі, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Ақтоғай-Балқаш өңіріндегі алғашқы ұстаздардың бірі, ауданның оқу-ағарту, білім беру сапасына қайталанбас педагогикалық талантымен, еңбектегі шығармашылық іс-тәжірибесімен өз соқпағын қалдырған, даналарға тән ізгі қасиеттерімен шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз Қабыкен Баймағанбетовтың өмірі мен қызмет жолына қатысты барлық мәліметтер мен естеліктерді қамтыған. Әкенің балаға, баланың әкеге деген махаббаты, шексіз сүйіспеншілігі мен сыйластығы, ізеті мен құрметі, тәлім-тәрбиелік мәні зор әңгімелері мен үлгі-өнегесі кітап мазмұнын байытып, құндылығын арттырып тұр. Ұлы тұлғалармен кездесу сәттері ұлағатты ұстаз өмірінің айшықты беттерінің бірі болып, ұрпақтарын мақтаныш сезімге бөлейді. Кітаптың тілі жатық, жеңіл оқылады.

 


Ақселеу дала самалы

 

Нұрмұхамбетұлы, Н. Ақселеу дала самалы: өлеңдер, арнаулар мен мақалалар жинағы / Н. Нұрмұхамбетұлы. - Алматы: «Исламнұр» баспасы, 2017. - 208 бет.

Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын көтеруге жұмсап, ел арасында ерен еңбегі еленіп, халық құрметіне бөленіп жүрген еңбек ардагері Н.Нұрмұхамбетұлының бұл жинағына қазіргі заман көріністерін шынайы суреттейтін, рухани құндылықтарды дәріптейтін өлеңдері, арнаулары, тәрбиелік мәні зор әсерлі тілмен жазылған нақыл сөздері, ауыл өмірін, шаруашылығын көтеруге байланысты жазған мақалалары топтастырылды. Мамандығы шаруашылық бағытында болғанмен, ақындық қасиет дарыған, сөз құдіретін терең сезінетін азамат өз оқырмандарына шынайы шабыт туындыларын ұсынады. Ұйқасы шебер, тілі өткір, мазмұны терең шығармалар оқырман қауымның көңілінен шығады деген ойдамыз.

 


Орысбайдың тоғаны

 

Қалымбергенов, А. Орысбайдың тоғаны / А. Қалымбергенов. - Қарағанды: «Типография Арко» ЖШС, 2017. - 452 бет.

Бұл автордың екінші кітабы. Бірінші жыр кітабы “Ауылым Ақтоғайда Арқадағы” деген атпен 2014 жылы жарық көрді. Бұл еңбегіне агроэкономист маманның кейінгі өлеңдері, төртжолдары кірді, қазақ елінің тұғыры биік тұлғалары жайында да сыр шертеді. Жолжазбалары мен қолжазбалары қысқа да нұсқа.

Автор ауыл проблемаларын да айналып өтпеген. Журналист болмаса да прозасы тартымды, тілі жатық, оқуға жеңіл, тағлым аларлық тұстары баршылық.

 

 

Нұралы батыр

 

Самханұлы, Т. Нұралы батыр: аңыздар, ауызша шежірелер, жазбаша деректер, естеліктер / Т. Самханұлы. - Алматы: «Мерей» баспасы, 2018. - 352 бет.

Бұл кітап Қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған Нұралы батыр Есіркепұлы (1714-1787) және оның ұрпақтары туралы аңыздар мен ауызша шежіре, жазбаша деректер мен естеліктср негізінде құрастырылған.

 


Алтынкүрек

 

Мүбәрак, Б. Алтынкүрек: жыр кітабы / Б.Мүбәрак. - Қарағанды: «Мағжан» баспасы, 2018. - 96 бет.

«Алтынкүрек» желі қардың көбесін сөгіп, көктемді алып келеді. Ақын Бағдат Мүбәрактың бұл жыр кітабы да сол іспеттес. Жан сарайына поэзия желі боп еніп, жылылық сыйлайды. Махаббат, елдік пен ерлік, уакыт һақындағы өлеңдер ақынның өзіне тән мінез-бояуымен ерекше.

Кітап көпшілік окырманға арналған.

 


Тоқырауын шертпе күйлері

Анықбеков, М. Тоқырауын шертпе күйлері / М. Анықбеков күйлерді нотага түсірген. – Қараганды. - 2015.

Автор осы кітаптың шығуына демеушілік жасаған жерлесіміз, белгілі қоғам қайраткері, заңгер, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Қабылсаят Әзімбайұлы Әбішев мырзаға жүрекжарды алғысын жеткізеді.

Қолыңызға алған осынау жинаққа жас талапкер күйші Манап Бағдатұлы Анықбековтің өз жанынан шығарған туындылары мен Арқа шертпе күй мектебінің белді өкілі, қазақтың дәулескер күйшісі Мағауия Хамзиннің бірқатар күйлері енгізіліп отыр. Жинақта бұрын еш жерде жарық көрмеген күйлер де жарияланған.

Кітап арнайы кәсіби музыкалық білім беретін мектеп оқушылары мен жалпы өнерсүйер қауымға арналған.

 


Мағауия мақамы

 

Мағауия мақамы : естеліктер, пікірлер, арнаулар / құраст: Ж. Башар. -  Қарағанды: "Типография Арко" ЖШС, 2017, - 118 бет.

Бұл кітапқа Қазақстан Республикасының халық әртісі, күйші, композитор, Мағауия Хамзиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы көз көргендердің ой-пікірлері мен сыр-толғаулары, естеліктері топтастырылды.

Сонымен қоса Мағауия Хамзиннің талантына тәнті болған ақындардың арнауларына да орын берілді.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

 


Ерте үзілген гүл ғұмыр                                 

 

Ерте үзілген гүл ғұмыр: мақалалар мен естеліктер / құраст.: Е.Т.Мамырбеков. – Алматы: Ноар, 2017. – 105 б.
Бұл кітапқа Балқаш қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан директоры, «Мәдениет қайраткері» Шопанаева Ләззат Әменқызы туралы естеліктер, әр жылдардағы баспасөздегі мақалалары топтастырылған.
 

 

 


Сатыбалдин Капан «Мен жырлаймын»         

                               

Кітап қазақ халқының прозашы, ақыны, драматург Қапан Сатыбалдиновтың 100 жылдық мерейтойына арналған (1917-1969).  Кітаптың бірінші бөліміне  жазушының таңдамалы  өлеңдері, поэмалары, повестері, әңгімелері және очерктері енсе, екінші бөліміне – жазушының достары мен пікірлестерінің естеліктері мен мақалалары енген.  Кітаптағы ерекше орынды Қапан Сатыбалдиновтың жары Күлпан Ахметова мен қыздары Наркес пен Назымның естеліктері алған. Сонымен бірге кітапқа жазушы туралы  құжаттар мен фотоматериалдар да енгізілген.

 

 


Садуакасов, Қ. Д.  15 Күй-ғұмыр: К. Д. Садуақасов - Қарағанды: «Гласир» баспасы, 2014. - 168 б.

Бұл еңбекте шертпе күйдің теңдессіз шeбepi, Қыздарбек мектебінің дәстурін сақтап, мол мұрасын бүгінге жеткізу жолында елшеусіз еңбек сіңірген Дәулетбек Сәдуақасұлының  қазақ күй өнеpi тарихындағы орны жан-жақты баяндалған.

Бұл еңбектің қазақтың күйшілік өнер тарихын зерттеу саласына қосар үлeci мол.

 

 

 

 


БЕЙСЕМБАЕВА Зәмзәмия Бейсембайқызы - филология ғылымының кандидаты , педагогика ғылымының  докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Бейсембаева З.Б. 60-тан астам ғылыми мақала мен оқу-әдістемелік құралдарының («Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Сөз мәдениетінің негіздері», т.б.) авторы.

 


Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы - заң ғылымының докторы, профессор.

Қарағанды қаласындағы «Болашақ» институтының ректоры. 100-ден астам ғылыми мақалалар авторы.

 


Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ -  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы.

 


Жанболат Башар – журналист, қаламгер. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің  бас редакторы.

«Үкілі үміт» , «Далам менің-кием менің», «Көкше көлдің самалы» , «Самғау», «Ақпарат айдынында» , «Үркер туғанда», «Шандоз»  атты шығармалар жинағының авторы.

 


Дәулет Сейсенұлы -  жазушы-журналист. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.

«Егемен Қазақстан» газетінің Семейдегі меншікті тілшісі.

«Жұлдыздар сөнбейді», «Қазақтың саны қанша», «Семей елі, Семей жері», «Шежірелі Шыңғыстау», «Шәкәрім», «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін»  атты кітаптардың авторы.

 

 

 


Бақытжан Майтанов -  танымал әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор. Бақытжан Майтановтың 300-ден аса әдеби-сын мақалалары, жалпы саны 15-ке жуық оқу құралдары, монографиялары мен зерттеулері жарық көрді.

 

 

 

 

 


Серік Сағынтай 1976 жылы 11 желтоқсанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген.1997 жылдан Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде тілші, Балқаш қалалық "Балқаш өңірі" газетінің редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. Облыстық «Орталық Қазақстан газетінің әдеби қызметкері, облыстық «Балқантау» газетінің Бас редакторы», «Қасым» журналының Бас редакторы.

«Шабыт»(2002) фестивалінің 1 орын жүлдегері, «Зерде»(2005) қоғамдық қоры ұйымдастырған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты республикалық жыр мүшәйрасының бірінші жүлдегері.

 

 

 

 


Автор очерктері   Н.Жексенова,С.Танатарова, Қ.Саденовтің бұл басылымы  Балқаш мысының алғашқы балқымасының 75 жылдық мерейтойына арналады. Мұнда мыс алыбының әр уақыт кезеңіндегі, соның ішінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін алған жылдардағы өмірі мен қызметі жан-жақты қамтылған. Металлургтердің сан қилы тағдырлары және олардың еліміздің гүлденуі жолындағы жанкешті еңбектері кітап мазмұнының негізгі арқауы.

 


Жиырмадан  астам жыр жинақтарының авторы Бақыткерей Ысқақтың бұл кітабына соңғы жылдары жазған өлеңдері мен толғаулары топтастырылды.

Туған елдің әсем табиғаты,аң-құсы,халықтың еңбек жолы,тұрмысы,салт-дәстүрі,өткен тарих белестері жөнінде жазылған шығармалары көңілге қонымды әрі жылы.

 


Қазақ әдебиетінің классигі,алаштың халық жазушысы, айтулы сөз зергері  Софы Қалыбекұлы Сматаевтың  шығармалары көркем шеберлігімен оқырмандардың  жүрегіне жол табары хақ.

 


«Жағасында мөлдіреген Балқаштың,

Жырын жырлап әр төбе мен әр тастың.

Тораңғының тоғайлары өседі,

Куәсіндей ғасырлардың кешегі» - деп жырлағандай бұл кітапқа Балқаш аймағының 33 ақынының  жырлары еніп отыр.Тұңғыш рет жарық көріп отырған аймақтық ақындар антологиясы жыр сүйер қауымның  рухани қазынасы.

 

 

 


 

 

Дін мен дәстүр ұлттың қалыптасуында маңызды рөл атқаратын фактор. Бұл еңбектерде дін мен дәстүрдің тығыз байланысы туралы сөз болады. Рухани әлеміміздің көркеюіне үлкен септігін тигізетін бұл кітаптарда қазақ халқының дүниетанымындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі, рухани құндылықтары мен көркем мәтіндеріндегі мән-маңызын саралайды.

 

 

 

 


Дата редактирования: 19 Наурыз 2024

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика