"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Зергерлік өнер

Қазақтың зергерлік өнері – тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол – атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.
Дәстүрлі зергерлік өнерде шеберлер әр түрлі құрал-саймандарды өздері жасап пайдаланған. Оларға мыналар жатады: көрік, қышқаш, төс, сым тартқыш.
Зергерлердің аса көп жасайтыны – әйелдердің әшекей бұйымдары. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан.
Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көз тартарлық әсем болады. Қатар-қатар тізбектелген тастар қондырылып жасалған тамақ алқа асыл матамен әдіптеледі Ал інжу-маржан қадалған тамақшалар – қыздар жиі тағатын бұйымдар.
Кеудеге тағылатын әшекейлер қатарына түрлі-түсті, сәнді түйреуіштерді, асыл тасты тұмарларды, небір қымбат тастармен безендірілген таналар мен күмістен соғылған түймелерді, ілгешектерді жатқызуға болады.

Сырға

Қыз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымының бірі – сырға. Қазақ зергерлері сырға жасаудың тым көне сырларын меңгерген. Мәселен, Қарғалы археологиялық қазбасынан біздің заманымызға дейінгі кезеңге жататын алтын шекелік пен тас қондырылған сырға табылған. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, қозалы сырға, салпыншақ сырға, шұжық сырға, сабақты сырға, шашақты сырға деген сияқты әр өңірде алуан аталатын түрлері өте көп.


Шолпы мен шашбау


Келесі зергерлік бұйымның бір түрі – қыз-келіншектер шаштарының ұшына тағатын шаштеңге, шолпы, шашбау деп аталатын әшекейлер. Шаштеңгелер мен шолпылар көп жағдайда әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз теңгеден тұрады. Тоғыз – Қазақ ұғымында киелі сандардың бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан-ұзақ жалғасып, шаштың ұшына дейін бірге өріледі. Шаштың ұшында салбырап тұрған әшекейлер қыз жүрісіне үн қосып, әсем әуен шығарады. Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіліп, орталарына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен немесе күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.

Білезік
Әйел әшекейлерінің ішінде ертеден келе жатқан және күні бүгінге дейін кең қолданылатын әсемдік бұйым – білезік.
Білезік сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Оны бірнеше бөлшектен құрап та, сом темірден тұтас құйып жұмыр етіп те жасайды, сондай-ақ ашпалы-жаппалы түрлері де болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, қарта білезік, қақпақ білезік, бес білезік, сағат білезік деп әр түрлі атайды. Олардың ішінде алтын, күміс нәзік шынжырлармен шымдалып жалғасып жататын бірнеше жүзігі бар білезіктер де кездеседі. Зергерлер білезіктерге неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, зерлеп, сымдарды ширата дәнекерлеп әсемдеген. Білезіктер, көбінесе, күмістен соғылады.



Сақина


Әйелдердің саусақтарына тағылатын зергерлік бұйымдарды жүзік немесе сақина деп атайды. Сақиналар ғұрыптық дәстүрде, негізінен, үйлену салты кезінде қолданылады. Сом алтыннан құйылатын мұндай сақиналарды жас жұбайлар аты жоқ (төртінші) саусағына тағады.
Ұзатылған қыздарға нәзік жасалған құсмұрын жүзік лайықты. Ал үлкен көз орнатып, ауқымды етіп соғылған салмақты жүзіктерді құдағи жүзік деп атаған. Жасы ұлғайған әйелдер, әсіресе, жиын-тойларда әр саусағына бірнеше жүзікті қабаттап тағатын болған.
Зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, қарала жүргізіп, шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып таңғажайып жүзіктер жасаған. Олар жасалу түрі мен қолданылу ретіне қарай отау жүзік, жималы жүзік, тасбақа жүзік деп аталған.

Қапсырма
Киімнің екі өңірін бір-біріне қосып түру үшін тағатын әшекейдің бірі – қапсырма. Ол бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үшбұрыш, сүйір, доға тәріздес, төртбұрыш, сопақша сияқты әр түрлі пішінде болады. Көбінесе, күмістен құйылып, тапталып, шекімеленіп жасалады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің бейнесі немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, асыл тастар қондырылып әсемделеді.


Белдік


Қазақ халқының ұлттық киімінің сәнін келтіретін тағы бір маңызды әшекейдің бірі – белдік. Көбінесе, батырлар мен аңшылар тағатын белдіктер қос қабатталған былғарыдан жасалынады. Олар берік болып келеді. Белдіктің күміс қапсырмаларына ай мен күннің, аң-құстардың символикалық бедерлері салынады. Түрлі қарулар мен басқа да керек-жарақтар ілінетін салпыншақтары болады.
Қыз-келіншектердің белдіктері күміс әшекейлермен сәнделеді, бірақ ерлердікіне қарағанда нәзік, көркем болады. Олар теріге, асыл маталарға (барқыт, мақпал, пүліш, т.б.) жапсырылады немесе нәзік сымдармен үзбеленіп бекітілген қапсырмалармен әсемделіп жасалады.
Белдіктердің кемер белдік, кісе белдік деп аталатын түрлері кездеседі.



Дереккөзі: «Сен  білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. – 476-479 бет.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика