Тукбаева Людмила Мурзахметовна 1953 жылы 17 мамыр күні Балқаш қаласында туған. Л.Тукбаева институтты бітіргеннен кейін еңбек жолын № 4 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Содан кейін қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы, қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, № 17 орта мектептің директоры, әкімшілік әкімінің орынбасары, халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі, қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2011-2015 жылдары Қазақмыс Корпорациясы «Балқаштүстімет» ӨБ-нің әкімшілігінің жетекшісі лауазымында жұмыс істеді. Қалалық мәслихаттың 5 шақырылымының депутаты болып сайланды.
Балқаш қалалық білім беру бөлімін басқарған кезде, Л.Тукбаева білім беру жүйесінің ұйымдарын дамытып оны сақтап қалды. Ол инновациялық мектептер: қалалық гимназияны, Абай атындағы № 2 мектеп-лицейді, № 7 мектеп-гимназияны құруға өз күшін салды. Қала мектептерінің 60 пайызына мемлекеттік тілде оқытуды негізге алған жаңа өзгерістер енгізіп, мемлекеттік тілде тәрбиелеп, оқытатын мектепке дейінгі мекемелерді ашты.
90-шы жылдары жайсыз отбасыларынан шыққан балалардың қаңғыбастыққа салынулары, қараусыз қалулары және жүйке қоздыратын заттарды пайдаланулары жиілеп, сондай мәселелі жағдайлар көп болды. Л.Тукбаеваның ұсынысы бойынша 1998 жылы қиын тәртіптегі балаларды тәрбиелеп, қадағалау үшін № 3 мектеп-интернат ашылды.
Сонымен бірге дарынды балалармен жұмыс істейтін қалалық бағдарламаны жүзеге асыруға да көп көңіл бөлінді. «Алтын бала» деп аталатын қалалық медаль бекітіліп, дарынды оқушылардың слеттары әр жылда өткізіліп отырды, инновациялық мектептерге көмек беру үшін, мектептерге Қарағанды және Қазақ мемлекеттік университеттерінің ғалымдары мен профессорлары тартылды.
Л.Тукбаева өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қазақстандық патриотизм рухында және биік адамгершілік тұрғысында тәрбиеленулерін қатты қадағалап отырды. Мектептерде және мектептен тыс мекемелерде үйірмелер, спорттық секциялар жұмыс істеп, хор және вокалмен ән айту өнері, қолданбалы қол өнері және техникалық шығармашылық дамып, драма театрлары мен би ұжымдары жұмыс істеді. Оқу жылын бітіру қорытындысы болып жыл сайын театрландырылған салтанатты мерекелер «Ақ желкен», «Үміт жолы» өткізілді. Қаланың білім беру мекемелеріндегі эстетикалық тәрбие жөніндегі тәжірибені 1999 жылы ҚР білім беру Министрлігі қолдап, ол басқа мектептерге таратылды.
Л.Тукбаеваның барлық еңбек жолы халық қамына арналған. Қалалық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, қала әкімшілігі әкімінің орынбасары, қала әкімінің орынбасары лауазымдарында, ол Балқаш қаласының әлеуметтік саласына жетекшілік жасап, білім беру, мәдениет,спорт және денсаулық сақтау сұрақтарын шешіп, олардың дамуына өз үлесін қосты.
Л.Тукбаева өзінің еңбектегі табыстары үшін «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері» атағын алып, Ы.Алтынсарин атындағы және «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.
Балқаш қалалық мәслихатының 2017 жыл 28 тамыздағы №13/106 шешімімен Тукбаева Людмила Мурзахметовнаға «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Әдебиеттер тізімі:
7. Жас мамандармен толықты // Балқаш өңірі. – 2010. – 9 сәуір(№45-46). – 1 б.
9. Ұлы Жеңіске дайындық қаралды // Балқаш өңірі. – 2010. – 28 сәуір(№53). – 2 б.
10. Сәденов, Қ. Батырға құрмет / Қ.Сәденов // Пульс. – 2010. – 7 мамыр(№19). – 2 б.
11. Батыр ардақталды // Балқаш өңірі. – 2010. – 14 мамыр(№59-60). – 2 б.
12. Мерекеге әзірлік талқыланды // Балқаш өңірі. – 13 тамыз(№97-98). – 1 б.
13. Қаулы // Балқаш өңірі. – 2010. – 18 тамыз(№99). – 1 б.
18. Тукбаева, Л. Дамудың бағыт-бағдары / Л.Тукбаева // Балқаш өңірі. – 2012. – 19 қыркүйек(№101). – 3 б.