Қызылаяк бақа – жалпы келбеті мен дене пішіні жағынан (ұзындығы 8 см) сүйіртұмсық бақаға ұқсас, бірақ денесінің төменгі жағы ашық қызыл дақты (көктемде — қызғылт). Қазақстанда тек Балқаш су қоймасында таралған, соңғы 50 жыл ішінде оның саны азайып, таралуы қысқарды. Сондықтан бұл “орталықазия бақасы” деген атпен Қазақстан Қызыл кітабына енгізілді. Мұның санының төмендеуі — көлбақаның оны ығыстырып шығаруына байланысты деп есептейді. Уақытының көбін құрлықта өткізеді. Күндіз белсенді. Жәндіктермен қоректенеді. Аналығы сәуірде таяз суаттарда 600-1200 уылдырық салады. Қазаннан наурызға дейін су өсімдіктері бетін жапқан терең емес су қоймаларының түбінде қыстайды.
Дереккөзі: Қазақстандағы жануарлар әлемі. Ғылыми көпшілік басылым. – Алматы: «Алматыкітап» ААҚ, 2003. – 128 бет, суретті.