"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Теміртапшылықты қаназдық

Теміртапшылықты қаназдық – гематологиялық синдром. Ол темір тапшылығы салдарынан гемоглобин түзілуінің бұзылуымен сипатталатын, қаназдықпен және сидеропениямен көрініс беретін сырқат. ДДҰ баяндамасында аталып керсетілген 38 аурудың ішінде теміртапшылықты қаназдық бірінші орынға ие. Оған бүкіл әлемнің 1,8 млрд. халқы шалдыққан.

Себептері:

-   Аспен бірге темірдің жеткіліксіз түсуі (ерте жасанды тамақтандыру, еті аз тамақпен біржақты тамақтандыру);

-  Жүктілік және бала емізу кезінде темірдің мол шығындалуы, қарқынды өсу үдерісі (шала туған балалар, ірі туылған нәрестелер, егіз балалар, жыныстық жетілу кезінде, жоғары дене жүктемесі кезінде);

-  Қан кету салдарынан темірді жоғалту. Физиологиялық жағдайлар – донорларда, әйелдерде етеккір тым мол келгенде. Патологиялық жағдайлар – мұрыннан, асқазаннан, ішектен қан кету, әйелдерде босану кезінде, жарақат алғанда немесе отадан кейін; тұрақты түрдегі донорлық. Гастрит, көтеу, гломерулонефрит кезіндегі созылмалы қан кетулер (созылмалы постгеморрагиялық қаназдықтар), т.б;

-   Асқазан-ішек сырқаттары кезінде темірдің нашар сіңуі, сондай-ақ оның дұрыс сіңуіне шай, кофе, сүт ішу кедергі болады;

-   Гемоглобин түзілетін қызыл жұлында темір тапшылығы болғанда теміртапшылықты қаназдық дамуы мүмкін.

Аспен бірге темірдің аз түсуі бұл сырқаттың жиі кездесетін себебіне жатпайды. Әйелдер үшін оның тәуліктік мөлшері – 15 мг, ер адамдар үшін – 10 мг.

Темір тапшылығы балалардың дене және жыныстық дамуының бұзылуына, ақыл-ой және психомоторлық дамуының баяулауына алып келеді, білім алуына теріс әсер етеді, аурудың созылмалы түрге ауысуына соқтырады.

Осы дертке шалдыққан балалардың 74 пайызында – 5 әлсіздік, 60%-да – дене белсенділігінің төмендеуі, 50%-да – зейіннің төмендеуі байқалады. 35 пайызында қозғалыс аңғарымы бұзылған, түсініксіз иістерге құмарлық бар.

Теміртапшылықты қаназдықтың үш сатысы бар:

I саты – жеңіл саты. Гемоглобин деңгейі – 110-90 г/л; эритроциттер саны – 3x10'2 г/л.

II саты – орташа саты. Гемоглобин деңгейі – 90-70 г/л; эритроциттер саны – 3-2,5x1012 г/л.

III саты – ауыр саты. Гемоглобин деңгейі < 70 г/л; эритроциттер саны – < 2,5х1012 г/л.

Сырқаттың негізгі белгілері:         Қаназдық баяу дамиды, сондықтан оның белгілері барлық кезде айқын бола бермейді. Терінің бозаруы; терінің трофикалық өзгерісі: құрғақтығы, қабыршақтануы, тырнақтың деформацияланып, сынуы, шаштың ұштанып, сынуы, өкшенің жарылуы, ауыз бұрыштарының жарылуы тән, стоматиттер болуы мүмкін. Бұған қоса бұлшық еттің ауыруы, дәм және иіс сезу бұзылысы, әлсіздік, бастың айналуы, ұйқы бұзылысы, ауасы тар жерге төзбеушілік, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, жүректегі түсініксіз ауырсынулар, жүректің қағуы, көздің қарауытуы, талып қалу, қан қысымының төмендеуі, дене жүктемесі кезінде ентігу т.б. байқалады. Ауыр жағдайларда неврологиялық бұзылыстар дамуы мүмкін. Ал қаназдыққа шалдыққан балалар әлсіз болады және сабақты нашар оқиды.

Емі. Қаназдық кешенді емді қажет етеді: созылмалы қан кетуді тоқтату, темірдің нашар сіңуіне алып келген сырқатты емдеу, тамақтануды реттеу. Сырқат балаларға мұқият күтім қажет, өйткені олардың ағзасы оттегі жетіспеушілігінен зардап шегеді. Олардың таза ауада көбірек болуы маңызды. Үгу мен гимнастика әлсіздікті, қозғалыс тапшылығын азайтады. Сонымен қатар емдәм де маңызды. Яғни құрамында темірі бар тағаммен тамақтану шарт. Олар: ет, балық, бауыр. Бұларға қоса көкөніс пен жеміс жеу ләзім. Ең пайдалылары: саңырауқұлақтар, теңіз қырыққабаты, болгар бұрышы, анар, алма, сәбіз, көк-сөк, жармалар (қарақұмық, сұлы). Гемоглобин мөлшерін көбейтуде қызыл ет – бұзау еті, қызыл түсті көкөністер пайдалы. Шай, кофе, сүтті, керісінше, шектеген дұрыс.

Емге темір препараттары қолданылады: феррум лек, актиферин, сорбифер, тотема, т.б. Ауыр жағдайларда лейкофильтрленген эритроциттік соқта, лейкофильтрленген эритроцитарлық тұнба трансфузиясы жүргізіледі.

Алдын алу:

-   Қан сипаттамасын ара-тұра бақылап тұру;

-   Темірге бай тағам тұтыну (ет, бауыр т.б.);

-   Таза ауада дене шынықтырумен шұғылдану;

-    Қауіп тобындағыларға темір препараттарын қолдану;

-    Қан жоғалту көздерін ота арқылы жою.

Ж.ХАМИТОВА,

  Алматы, Республикалық қан орталығы,

жоғары санатты терапевт-дәрігер, бірінші санатты трансфузнолог.

   

 

Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2012(№12). – 5 бет.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика