Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мастопатияны сүт бездеріндегі эпителий мен дәнекер тіндерінің тепе-теңдігінің бұзылу нәтижесінде пайда болатын фиброзды-кистозды ауруға жатқызады. Мастопатия – ісікалды ауруы. Бұл организмдегі гормоналдық бұзылыстар салдарынан дамиды.
Қазіргі кезде сүт безінің қатерлі ісігі мастопатиясы бар ауруларда 3-5 есе, ал сүт бездері тіндерінің пролиферациясы бар мастопатияның түйінді түрлерінде 40 есе жиі кездеседі.
МАСТОПАТИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ. Сүт бездері – әртүрлі гормондардың нысанасы. Оның өсіп-жетілуіне аналық без гормондары (эстроген, прогестерон) және гипофиз гормоны – пролактин ықпал етеді. Пролактиннің әсерінен сүт бездерінің эстрогендерге сезімталдығы күшейіп, босанғаннан кейін сүт бөлінуіне әсер етеді. Сонымен қатар сүт бездеріне қалқанша без гормондары, бүйрекүсті безі гормондары және ұйқы безі гормоны – инсулин де өз әсерін тигізеді. Ал сүт бездері май тіндерінің осы гормондарды жинайтын қасиеті бар. Осы айтылған себептерден гормоналдық тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкін.
Гормоналдық тепе-теңдіктің бұзылуынан туындайтын сырқаттар:
1. Гинекологиялық аурулар;
2. Етеккір айналымының бұзылысы;
3. Гипофиздегі патологиялық өзгерістер;
4. Гормоналды аурулар немесе гормондардың әсерінен кейінгі жағдай:
- етеккіралды синдромы;
- эндокриндік бедеулік;
- сары дене қызметінің жетіспеушілігі;
- жатыр миомасы;
- эндометриоз;
- түсік тастау;
- жыныстық жетілудің кешігуі;
5. Түсіктер;
6. Бала емізбеу;
7. Сүт безінің жарақаты;
8. Бауыр аурулары;
9. Депрессиялар.
Мастопатияның бірнеше түрі бар. Олар:
- кистозды мастопатия (кисталар, яғни жылауықтар пайда болады);
- фиброзды мастопатия (дәнекер тіндер көптеп түзіле бастайды);
- диффузды мастопатия (бездік және дәнекер тіндер түзіле бастайды);
- түйінді мастопатия (фиброзды тіндер белгілі бір жерде жинақталып, түйін пайда болады);
- склерозды аденоз.
МАСТОПАТИЯНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ:
- бір немесе екі бірдей сүт бездерінде ауырсыну сезімдерінің болуы (азғантай ауырсынудан бастап өте қатты ауырсынуға дейін);
- сүт бездерінің үлкеюі және ісінуі;
- емшек ұшынан бөліндінің шығуы (түссіз немесе қан аралас);
- сүт бездерінде түйіндердің болуы;
- сүт бездерінің үлкеюі қолтықасты бездерінің ісінуімен және ауыруымен жалғасады.
МАСТОПАТИЯНЫ НАҚТАМАЛАУ:
- физикалық тексеру;
- екі проекциялы маммография;
- дуктография;
- сүт бездерін ультрадыбыстық зерттеу;
- пункциялы аспирациялық биопсия;
- цитологиялық тексерулер;
- ісік маркерлері мен гормондарға қан тапсыру.
Л.Қ.ҚАЙНАРБАЕВА,
дәрігер-рентгенолог.
Қызылорда
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2011(№5). – 6 бет.