Көкжөтел – көкжөтел таяқшасынан туындайтын жіті жұқпалы ауру. Ауру балаға ауа-тамшы жолымен жұғады. Бұл сыркат кезінде көбіне жүйке жүйесі, тыныс жолдары зақымданады, жөтел ұстамалары байқалады.
Жұғу жолдары. Көкжөтелдің жұғу көзі – науқас адамдар. Олар әсіресе аурудың бастапқы кезінде өте жұқтырғыш келеді. Көкжөтелдің кез келген түрі баскқа адамдар үшін өте қауіпті. Әсіресе көкжөтел ұстамасы қысып, қатты жөтелген кезде сақтанған жөн. Өйткені қақырық бөлшектері 3 метрге дейін ұшады. Егер көкжөтелге тұрақты өмірлік иммунитеті қалыптаспаған болса, бұл сырқатпен кез келген жастағы адам ауыруы мүмкін.
Клиникасы. Инкубациялық кезең 3 күннен 15 күнге дейін созылады (орта есеппен 5-8 күн). Ауру ағымы үш кезеңнен тұрады – катаральды, спазмалық жөтел кезеңі және босату кезеңі.
Катаральды кезеңде құрғак жөтел, кейде тұмау болады. Дене қызуы субфебрильді немесе қалыпты. Бұл кезеңнің ерекшелігі – тұрақты қатты жөтел. Емге карамастан, жөтел үнемі күшейе береді, тіпті шектеулі ұстамаға соқтыруы мүмкін. Бұл кезең 3-14 күнге созылады.
Спазмалық кезеңде жөтел ұстама сипатында болады. Ұстама кезінде қысқа жөтел арасында демді ішке тартқан сәтте ысқырық секілді дыбыс шығады. Ұстамадан кейін қою шырыш шығады, науқастың құсуы да мүмкін. Ұстама кезінде баланың беті қызарады, одан соң көгереді, мойнындағы тамырлар ісініп, көздері қанталайды. Ырықсыз нәжіс не несеп бөлуі мүмкін. Тіл сыртқа шығып, көзден жас ағады.
Босату кезеңінде жөтел ұстамасыз болады, 2-4 аптаға созылады.
Аурудың орташа ұзақтығы 6 апта шамасында, бірақ одан да ұзақ болуы мүмкін. Көкжөтел қатты асқынған жағдайда пневмонияға ұласуы мүмкін.
Емі. Антибиотиктер көкжөтелдің спазмалық кезеңін кысқартпайды, бірақ мұрын-жұтқыншақта көбейетін қоздырғыштарды жоя алады. Оттегі жетіспеушілігі айқын болғанда оксигенотерапия қолданылады. Сонымен қатар седативті дәрмектер – феназепам, реланиум колданылады.
Көкжөтелмен ауырған баланың тамағы куатты болуы керек. Асты аз-аздап берген жөн.
Алдын алу шаралары. Көкжөтелдің алдын алудың ең баты жолы – егу. Қазір бұл мақсатта АКДС вакцинасы қолданылады. Ол балаға бірнеше кезеңмен егіледі.
Инфекция көзін жою үшін көкжөтелмен ауырады деген күдігі бар науқасты тез арада оқшаулау қажет.
Қалпына келтіру. Көкжөтелмен ауырған баланы қалпына келтіруде дәрумендерге көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар пробиотиктер, өсімдік адаптогендері, ноотропты препараттар, ми кан айналымын жақсартатын дәрмектер қолданылады.
С.М.МАДЬЯРОВА,
бала дәрігері
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2011(№4). – 15 бет.