Зәр жүйесінің жұқпасы (ЗЖЖ) – бүйректегі және зәр жолдарындағы микробты-қабыну ауруы. Балаларда жиі кездеседі, ал таралымы жағынан респираторлы жұқпадан кейін екінші орында.
«ЗЖЖ» термині жалпы зәр жүйесінде жұқпа бар екендігін сипаттайды, бірақ нақты қандай зәр шығару ағзасы зақымданғаны (бүйрек, қуық т.б.) анық емес. Жұқпаның бар-жоғын зәрді себу арқылы анықтау – емге дереу кірісуге керекті мәселе.
Дүниежүзілік әдебиетте былайша жіктеледі:
Егер жұқпа іштен туа біткен ақаулары бар зәр жүйесінде дамыса, асқынған ЗЖЖ деп, керісінше, іштен біткен ақаулар болмаса, асқынбаған ЗЖЖ деп аталады.
Клиникалық белгілеріне қарай фебрильді, яғни симптомды және афебрильді, яғни симптомсыз деп жіктеледі. Егер дене қызуы 38°С-ден жоғары болса – фебрильді. Симптомсыз болғанда ем қысқа мерзімді. Жұқпа анықталғаннан кейін оның пиелонефрит, цистит, рефлюкс екенін ажыратады.
Цистит – қуықтың кілегей қабаты мен ет қабатының қабынуы.
Рефлюкс-нефропатия – куық-несепағар рефлюксі бар балалардағы бүйректің бүрісуі.
Пиелонефрит (ПН) – бүйректің қабынып ауыруы. Егер ПН 1-2 айдан кейін толық жазылса, «жедел ағымды ПН» деп, ал ауру белгілері көп болып, ауру 6 айға созылса, созылмалы ПН деп аталады. Созылмалы ПН түрінде анатомиялық ауықтулар, не обструкция әсерінен болатын бүйректегі фиброз, астауша-тостағанша жүйесінде деформация болады.
Бір жасқа дейінгі балаларда 7:1000 жиілігімен кездеседі. Нәресте кезінде ер балаларда ЗЖЖ жиі болса, кейін бұл ұлдар мен қыздарда теңеседі. Қыздар есейгенде сырқат жиілейді.
ЗЖЖ себепшісі – ішек таяқшасы (Е.соlі). Оның зәрден де, нәжістен де табылған штамдары бірдей. Басқа флора – клебсиелла, протей, энтерококтар, стафилококк, стрептококк (В), көкіріңді таяқша сирек кездеседі. Олардың жиілігі балада іштен біткен зәр жүйесі ауытқуы болғанда, ЗЖЖ ұзақ уақыт қайталанғанда арта түседі.
Жұқпа бүйрек тініне үш жолмен түсуі мүмкін. Ең жиі кездесетіні – зәр жолы. Жұқпа төменнен жоғары қарай зәр жолдарымен көтеріледі. Гематогендік жолмен жұқпа алғашқы айлардағы нәрестелерде дамиды. Үшінші жол – лимфогендік жол сирек кездеседі.
Жұқпаның дамуы мына қауіпті факторларға байланысты: аурудың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері және қоздырғыштардың вируленттігі. Іштен біткен несеп жолдарының обструкциясы, ақаулар (нейрогендік қуық қызметінің бұзылуы) жұқпаға жақсы жағдай тудырады. Бүйректің зақымдануында қуық-несепағардың орны ерекше.
Зәр ағуы бұзылып, іркіліс жағдай (обструкция) туса, зәрде микробтар өсе бастайды. Зәрдің кері жүруі (рефлюкс) жұқпаның зәрмен жоғары қарай таралуын жеңілдетеді. Бактериялардың вируленттік қасиеттеріне жататындар: бактериялардың уроэпителийге жабысу (адгезия) қабілеті, бактерия капсуласындағы К-антиген, гемолизин, кейбір микробтардың (протей, клебсиела) мочевинаны ыдырататын қасиеттері т.б. факторлар. Ішек таяқшасының Р-фимбриясы (адгезия) пиелонефрит дамуы үшін керекті қасиет. Себебі ол микробтардаң адгезиясын арттырып, зәр жолымен көтерілуін жақсартады. Осылармен қатар, макроорганизмнің қорғаныс қабілетінің рөлі ерекше. Жұқпа зәрге ішектен түседі. Қыз балаларда вульвит, вульвовагинит, балаларда іш қату ЗЖЖ дамуына әсер етеді.
Жұқпа бүйректің милы қабатында ерте дамиды, оған бұл жердегі қан ағымының баяулығы, интерсцийдің гиперосмолярлық түрде болуы тиімді.
Интерсцийде ісіну, инфильтрация ошақтары, деструкция болады. Өзекшелер эпителийінде атрофия дамиды. Жедел (іріңді-қабыну) пиелонефрит дер кезінде емделгенде бұл өзгерістер қайтады. Бұл микробтың қасиеттеріне, патогенез ерекшеліктеріне және баланың жасына, иммунитетіне байланысты. Ерте жастағы балаларда бүйрек жақсы дамымағандықтан, склероз ошақтарының даму қаупі жоғары. Бүйрек зақымдануы үшін қуық-несепағар рефлюксінің орны ерекше. Пиелонефриттік бүйрек бүрісуі зәр жұқпасымен ауырған баланың 25%-да дамиды.
Нәрестелер мен нәрестенің алғашқы айларында бірден пиелонефрит диагнозы қойылады. Клиникасы сепсиске ұқсас – менингизм, улану, құсу, диспепсия, қызудың көтерілуі. Бала ембейді, сусыздану белгілері, кейде сарғаю, бауырдың ұлғаюы байқалады, бала қатты мазасызданады. Қанда гемолитикалық қаназдық, ацидоз, азотемия дамиды. Лейкоцитоз, нейтрофилез пайда болып, ЭТЖ артады. Бала қатая бастаған сайын ауру белгілері азаяды, бірақ негізгі өзгеріс зәрде болады. Балалардың іші, белі ауырады. Сәбилерде дәрет кезінде мазасыздану, ауырсыну, беті қызарып, күшену, зәрдің сыздықтап, аз бөлініп шығуы байқалады. Зәрдің түсі ақшыл тартып, мөлдірлігі, иісі бұзылады. Зәрден бактериурия, лейкоцитурия табылады. Бірақ лейкоцитурия нәрестелер мен сәбилерде табылмауы мүмкін. Сондықтан зәрді дәрі белгілегенге дейін тексеру керек. Негізгі белгілері – ЭТЖ ұлғаюы, лейкоциттердің артуы.
Жедел ағымды пиелонефрит асқынса, балада апостематоздық нефрит (бүйректергі абсцесс), паранефрит не пионефроз анықталып, кейде бүйректерде карбункул пайда болуы мүмкін. Нәрестелерде пиелонефрит сепсиспен, бүйрек қызметінің жедел ағымды жеткіліксіздігімен асқынуы мүмкін.
ЕМІ
ЗЖЖ бар 2 жасқа дейінгі сәбилер де ауруханада емделеді. Жедел ағымды пиелонефрит баланың төсекте жатып емделуін қажет етеді. Алғашқы күндері тұзы аз, сүт пен өсімдік тағамдары басым емдәмді, кейінірек жалпы мәзір қолдану керек. Бұрышталған, қуырылған тағамдарды берілмейді. Сұйықтық көбірек ішкізіледі, симптоматикалық ем тағайындалады. Жас балаларға ерітінділер ішкізіледі не диурезді тексере отырып, инфузия қолдану ұсынылады. Дәретке жиі отырғызу керек.
Бактерияларға қарсы ем ішу арқылы және көктамыр ішіне енгізу арқылы жүргізіледі. Ем ұзақтығы, ерекшеліктері баланың жасына, аурудың клиникасына байланысты. Несепті тексеруге кідірместен кіріскен жөн. Алғашқы күндері зәрдегі бактериялық тексерудің нәтижесін күтпей-ақ, ішек таяқшасына әсер ететін негізгі антибиотикті тағайындайды. Егер зертханалық талдама тағайындалған антибиотикке төзімділік көрсетсе және балада клиникалық белгілер үдей түссе, антибиотикті екі күн ішінде өзгерту керек. Негізгі пиелонефритке, ЗЖЖ-ге әсер ететін антибиотиктер – аминопенициллиндер (клавулон қышқылы, сульбактам қосылған ампициллин), цефалоспориннің II буыны (цефуроксим, цефаклор), ауыр түрлерінде, яғни III буыны (цефотаксим, цефтазидим, цефтриаксон, цефаперазон), қосымша – аминогликозидтер (гентамицин, нетилмицин). Жақсы әсер ететін, жиі қолданылатын антибиотиктер – аминопенициллин + гентамицин. Аминогликозидтік нефроуытты әсері бар екенін ескеріп, оны ұзақ және қайта-қайта бермеуге тырысқан жөн.
Егер фебрильді ЗЖЖ болса, антибиотик беру парентеральді жолмен басталады (қызу басылғанша), сосын ішу арқылы берілетін дәрілерге көшеді. Ұзақтығы – 14 күн. Үш жастан асқан балаларға орташа жағдайда басынан түгел курсқа тек ішілетін дәрілер ғана беріледі. Сепсис түрінде өтетін пиелонефритте (көбіне 3 жасқа дейін) екі антибиотик беріледі. Негізгі антибиотик курсынан кейін алдын алу үшін антибактериялық курс аз дозада беріледі, оған амоксициллин, нитрофурандар, котримаксозол қолданылады. Бұлар цистрографияға дейін берілгені жөн.
Цистрография екі жасқа дейінгі фебрильді ЗЖЖ болған баланың бәрінде ауру қайтқаннан кейін екі айдан кейін міндетті түрде жасалуы тиіс. Ал екі жастан асқан балаларға цистография, егер УДТ кезінде пиелэктаза белгісі табылса, жасалады.
Афебрильді ЗЖЖ емі: бактерияларға қарсы ем дәрілерді 7-10 күн ішу арқылы жүргізіледі.
Қайталанатын ЗЖЖ емі: ол қайталану клиникасына қарай жүргізіледі, шамамен 10-14 күн. Егер қайталану жылына үш не одан көп болса, цистография, микробқа қарсы алдын алу емі қолданылады. Себебі жиі қайталанатын ЗЖЖ балаларда көбінесе қуық-несепағар рефлюксіне (ҚНР) байланысты. Бактерияға қарсы алдын алу емі зәрдегі бактерия жоғалғанша және ҚНР қайтқанша ұзағырақ, яғни 5-6 ай немесе бірнеше жыл жүргізіледі. Рефлюкстің ІV-V дәрежесінде ота жасалады. Нейрогендік қызмет бұзылса, кешенді ем жүргізіледі. Дәрілермен бірге фитоем, физиоем (қуық тұсына) қолданылады. Жұқпадан тез жазылу үшін қуықты зәрден жиі босатып тұру пайдалы.
Фитоемде емдік антисептикалық әсері бар шөптер қолданылады. Балаға дәрумендер және иммунитетті көтеретін дәрілер беріледі. Балаларға арнайы емдік жаттығулар жасату керек.
АЛДЫН АЛУ Балаларға, әсіресе қыз балаларға, гигиеналық күтім керек. Жедел ағымды жұқпаны, іш қатуды, құрт инвазиясын, вульвовагиниттерді дер кезінде емдету керек. Иммунитетті көтерудің маңызы зор. Респираторлық жұқпалардың алдын алу, жедел агымды зәр жұқпасын ерте анықтау, болған жағдайда мұқият емдету керек. Жедел ағымды пиелонефриті бар балалар диспансерлік бақылауға алынуы тиіс. Созылмалы пиелонефритпен ауырған балалар терапевт дәрігердің бақылауында болуы керек.
А.ҚАНАТБАЕВА,
бала дәрігері
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2012(№12). – 5 бет.