Гидроцефалия (мишемен) — бас суйек куысында ми-жұлын сұйықтығы көлемінің көбеюі.
Этиологиясы және патогенезі. Жұлын-ми сұйықтығы сорылуының және айналысының бұзылуы немесе оның шамадан артық бөлінуі. Бұның себептері, әдетте, бастың закымдануының немесе нейроинфекцияның салдарынан болған жабыспа үдерісі, сонымен қатар ми ісіктері, мидың туа біткен ауытқулары және онық кабықтарының ауытқулары болып табылады.
Клиникасы. Жаңа туған нәрестелердің гидроцефалиясы кезінде байқалатын белгілер: бастың ұлғаюы, бас сүйек жабындысы көктамыр жүйесінің айқындылығы және көздердің төмен түсуі (батып бара жатқан күн секілді). Бас мөлшері бірте-бірте үлкейіп, алып болуы мүмкін (бас сүйек шеңбері 60 см-ге дейін жетуі және одан да көп).
Бас сүйек жіктері кеңейген, алдыңғы еңбек қатты ұлғайған. Сәбилердің бас сүйегі жұмсақ болатындықтан, гипертензия белгілері сирек байқалады.
Көбіне бас сүйек жүйкесінің сал аурулары кездеседі, әсіресе көру жүйкесінің атрофиясына байланысты көздің көргіштігі төмендейді. Өте ауыр жағдайларда баланың ақыл-есі дамымай қалуы мүмкін.
Ал ересектерде гидроцефалия бас сүйек іші қысымының жоғарылауы белгілерімен сипатталады: бастың ауыруы, құсу, көру жүйесінің іркілген (тоқтаған) шеңберлері, бас айналу. Егер ауру 17-18 жастан кейін пайда болса, бас мөлшері үлкеймейді.
Нақтамалау және ажырата нақтамалау. Науқастың жасына байланысты дамыған гидроцефалия кезінде рентгенограммада бас сүйек өзгерісі көрінеді: ересектерде түрік ершігінің бұзылысы, бас сүйек күмбезі бойынша саусақпен қысудың күшеюі байқалады. Компьютерлік томографияда және вентрикулографияда ми қарыншасының қатты үлкейгендігі және ми заттарының семуі.
Жаңа туған нәрестелердің гидроцефалиясын бастың мешелдік үлкеюінен ажырату керек. Бұған тән белгілер: бас сүйек тіндерінің қалыңдауы және мешел жағдайында қаңқаның типтік өзгерістері.
Ересектерде гидроцефалия кезінде жұлын-ми сұйықтығы айналысының бұзылыстары себебін анықтау, бірінші кезекте дер кезінде ми ісігін ажырата білу керек.
Емі. Бас сүйек ішіндегі қысымды төмендету үшін диуретиктер, глюкокортикоидты гормондар, глицерин тағайындайды. Нәрестелер гидроцефалиясының хирургиялық емі кезінде жұлын-ми сұйықтығының бас сүйек қуысынан қосымша жолдармен ағып шығуын (шунттау немесе ұштастыру) қамтамасыз ету; ересектердің гидроцефалиясы кезінде көп жағдайларда жұлын-ми сұйықтығының ағып шығу жолдарының өткізгіштік себептерін жою (мысалы, ісіктерді алып тастау, жабыспаларды кесіп тастау т.б.) қолданылады.
Болжамы. Нәрестелер гидроцефалиясының болжамы өте қолайсыз, ал ересектердің гидроцефалиясы кезінде ауруды тудырған себептерді хирургиялық жолмен түзетумен шектелу қажет.
Ә.В.САРКИСЬЯН,
акушер-гинеколог.
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2011(№9). – 24 бет.
Гидроцефалия
Гидроцефалия – нәрестелердегі жұлын ми сұйықтығының көбеюімен байланысты бас сүйегінің шамадан тыс ұлғаюы.
Орталық жүйке жүйесінің ішкі ортасы жұлын ми сұйықтығын құрайды, оны цереброспинальды сұйықтық немесе ликвор деп атайды. Ол бас сүйегінің ішінде миды жан-жағынан қоршап тұрады; әртүрлі зақымданудан қорғайды. Мидың ішінде қуыстар бар, барлығы төртеу, оларды ми қарыншалары деп атайды, олар да жұлын ми сұйықтығымен толтырылған. Бұл сұйықтық қанның ультрафильтраты болып табылады.
Жаңа туылған нәрестеде цереброспинальды сұйықтық мөлшері 15-20 мл, 1 жаста- 30-35 мл, ересектерде - 120-125 мл. Гидроцефалия кезінде сұйықтық көлемі 1-1,5 литрге дейін көбейеді. Ликвордың қалыптасу белсенділігі ересектерге қарағанда балаларда жоғары. 1 тәулік ішінде балаларда ликвор 6-8 рет жаңғырып тұрады. Гидроцефалияның даму себептері өте көп: даму ақаулары, құрсақішілік инфекция, жүктілік және босану кезіндегі патология, ісіктер, жарақаттар, қан кету, және т.б. Ликвордың айналымы бұзылғанда гидроцефалия дамиды, мысалы, ағымның бойында бөгет болатын себептерге байланысты ликвор өзінің көлемінен өте көп мөлшерде бөлінеді де оның кері сіңуі нашарлайды. Бұл ми ішіндегі қуыстардың кеңеюіне әкеліп соқтырады. Гидроцефалияның екі түрі болады: ашық (байланысқан) және жабық (окклюзия),сыртқы және ішкі, ағымы бойынша - жедел, созылмалы болып екі түрге бөлінеді. Ашық түрі бас мидың барлық қарынша жүйелерінің кеңеюімен сипатталады, ағымның бойында бөгет жоқ. Ал, гидроцефалияның жабық түрі ликвордың ағымы бөгет болған жағдайларда (ісік, аномалиялық дамуы) дамиды. Гидроцефалияның ашық түрінде бас сүйектің көлемі мен пішіні өзгереді, маңдай бөлігі алға шығыңқы, самай және маңдай бөлігінде айқын веноздық торы анықталады. Нәрестелерде еңбектің ісінуі мен кеңеюі, көздің жартылай төменге қарай ығысуы байқалады. Еңбек - ол бас сүйектің сүйектенбеген дәнекер тінмен құралған бөлігі. Нәрестенің алдыңғы, немесе үлкен еңбегі маңдай және төбе сүйектерінің арасында орналасқан, пішіні ромб тәрізді, 12-15 айлық кезеңде жабылады. Артқы, немесе кіші еңбек, шүйде және төбе сүйектерінің арасында орналасқан, ол құрсақ ішінде немесе туғаннан кейін 1 апта ішінде жабылады. Гидроцефалия жағдайында еңбек ұзақ уақыт ашық тұрады. Гидроцефалияның клиникасы әртүрлі жүйке жүйенің бұзылыстарымен көрінеді: қолдың, аяқтың, иектің дірілдеуі, құрысу, көз алмасы қозғалысының бұзылыстары, тері жамылғысының бозаруы, жүрек ырғағының бұзылуы, құсу, қатты бас ауыруы. Үдемелі гидроцефалияда балалардың дамуы тежеледі.
Нақтамасы. Гидроцефалияның белгісін анықтау үшін балалардың бас шеңберін өлшеу қажет, әр ай сайын баланың басының өсуі алғашқы 6 айда 2 см-ден аспауы керек. Жаңа туған нәрестенің бас шеңберінің көлемі 35,5 см ( орташа 33,0-37,5 см). Бір жастағы баланың бас шеңбері 46,6 см (44,9 - 48,9см). Балада гидроцефалияның белгісі болған жағдайда УЗИ (нейросонография), компьютерлік томография, немесе магниттік-резонанстық томография қажет.
Емдеу тәсілдері. Гидроцефалияның компенсацияланған түрінде бақылау қажет, дегидратациялық дәрілер (диакарб, верошпирон, магний сульфаты) тағайындалады. Көп жағдайда ота жасалады.
А.ҚАРАБАЕВА,
Ақтау қаласы дәрігер-невролог
Денсаулық №2, 2012 9 б.
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2012(№2). – 9 бет.