"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Алыстан көрмеушілік

Алыстан көрмеушілік – жасөспірімдер  арасында жиі кездесетін көз кемшілігі. Санақ деректері бойынша, орта мектепті бітірген әр бес баланың біреуі көзі алыстан көрмейтіндіктен қалаған мамандығын ала алмай жүр. Көзінде мұндай кемістігі бар адам, керісінше, жақындағы нәрсені жақсы ажырата алады. Сондықтан оны «жақыннан көргіштік» деп те атайды.

Алыстан көрмеушілік екі түрге бөлінеді: туа біткен, яғни тұқым қуалаған және жүре пайда болатын алыстан көрмеушілік. Соңғысы көбіне көзге жастай ауыртпалық түскеннен болады.

Алыстан көрмеушілік үш дәрежеге бөлінеді: бастапқы дәрежесі 3,0 диоптрийге дейін (диоптрий – оптика жүйесінің сындыру күші), орташа түрі – 3,25-тен 6,0 диоптрийге дейін және жоғары дәрежесі – 6,25  диоптрийден жоғары.

Әдетте алыстан көрмеушілік жас кезде пайда болып, өсе келе оның дәрежесі жоғарылай береді. Қазіргі уақытта тіпті оқу жасына жетпеген балалардың арасында да көздің осы кемістігі өте жиі кездесіп жүр. Мұның басты себептері: кейбір ата-аналар сәбилердің сана- сезімін тез жетілдіру мақсатымен оларды сурет салуға, оқып, жазуға тым ерте баулиды және бүлдіршіндердің бірнеше сағат бойы тапжылмай теледидар көруіне рұқсат береді. Міне, мұның бәрі жаңадан жетіліп келе жатқан, қатаймаған жас көзге ауыртпалық түсіреді де осыдан келіп мектеп жасындағы балалардың көбісі алыстан нашар көретін болады.

Алыстан көрмеушіліктен алдын ала сақтану және оның асқынып кетпеуі үшін, алдымен баланың үйде және мектепте отыратын үстелі мен партасының биіктігі оның бойына сәйкес болуы шарт. Жарықтың мол болуымен қоса, сабақ үстінде дұрыс отыруы керек. Үйде сабақ дайындағанда үстел үстінде 60-75 ваттық қалпақты шам тұруы, ал пәтердің шаңырағына ілінген шамның жарығы 100-150 ваттан кем болмағаны жөн. Дәптерге жазып отырғанда шамның жарығы оқушының сол жағынан немесе қарсы алдынан түсуі керек. Ұзақ уақыт оқығанда не жазғанда көзді талдырмас үшін әрбір 45-50 минуттан кейін 10-15 минуттық үзіліс жасау қажет. Оқыған кітап пен жазатын дәптердің көзден алыстығының шамасы 30-35 сантиметр болуы керектігін үнемі естен шығармаган жөн. Жас балалар теледидардың тек өздеріне ғана арналған хабарын жетісіне 3-4рет көрсе жетіп жатыр. Теледидардың экраны балалардың отырған жерінен 2,5-3,0 метрдей қашық болғаны дұрыс. Қараңғыдан көз талмас үшін теледидар тұрган бөлмеде қалпақты шамның жанып тұрганы жөн, бірақ оның жарығы теледидардың экранына түсіп, шағылыспауы керек.

Балалардың көздері және басқа мүшелері сау болып өсуі үшін олардың күнделікті тағамы дәмді, сапалы және көбінесе көкөніс-жеміс және сүттен даярлануы қажет.

Соңғы жылдары алыстан көрмейтін көздің өткірлігін жақсарту үшін оған ота жасау әдісі қолданылып келеді. Мұны «кератомия» деп атайды.

Алыстан және жоғары және орташа дәрежеде көрмейтін адамдарға ауыр салмақ (10 килограмнан артық) көтеруге болмайды; өне бойы еңкейіп жұмыс істеу, акробатика мен ауыр атлетика, бокс, суға секіру, атқа мініп жарысу сияқты күрделі спорт түрлеріне қатысу көзге өте қауіпті. Өйткені көздің тор қабығы ауыртпалық түскен кезде өз орнынан сырылып, болмаса оның бет жағы қанталап, адам мүлдем көрмей қалуы мүмкін.

Қорытып айтқанда, көзінің көру кемшілігі бар бала уақытында көз дәрігеріне қаралып, көзілдірік жаздырып алып киіп жүрсе және дәрігердің берген ақыл-кеңесін орындап отырса, онда асқынудың алдын алып, алыстан көрмеушілік дәрежесін ұлгайтпай тоқтатуға болады.

Қ.ЖАЛМҰХАНБЕТОВ,

медицина ардагері, ғалым-дәрігер

 

Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2011(№6). – 9 бет.

 

Алыстан көрмеушілік

Емдік жаттығулардың кең түрде қолданылып жүрген  офтольмология саласындағы аурулардың бірі - миопия немесе алыстан көрмеушілік. Ғалымдардың көп жылдық зерттеу жұмыстарының деректеріне қарағанда, дүние жүзінде алыстан көрмеушілік көз ақауы бар балалардың саны жыл сайын көбейіп, олардың диоптриялық дәрежесі жоғарылай беретіні анықталып отыр.

Орта мектепті бітіретін оқушылардың 20-30 пайызына жуығында миопия кездеседі. Оның себептері өте көп. Мысалы, сыртқы ортаның қолайсыздығынан жақын жерден баланың көзіне үнемі күш түскенде (жазу, сызу, оқу т.б.), жұмыс істейтін жердің жарық  қуаты жеткіліксіз болғанда,сабақдайындайтын  устел, парта және орындықтар баланың бойына сәйкес болмағанда, ұзақ уақыт теледидар қарап, көзіне ауырлық түскен жағдайда осы ауруға шалдығуы әбден мүмкін.

Осындай кемшіліктерді жою үшін дене шынықтырудың, арнайы жаттығулардың, таза ауада көп жүрудің маңызы өте зор. Алыстан көрмеушілік ауыл балаларымен салыстырғанда қала балаларында әлдеқайда жиі. Бұның себебі, ауылдық жерде балалар табиғат аясында, таза ауада дене еңбегімен көбірек шұғылданады, сондықтан көзге салмақ азырақ түседі, ал қалада бәрі керісінше.

Емдік гимнастика миопия ауруының барлық дәрежесінде қолданылады. Әдетте, жаттығуларды жасқа қарамай барлық адамдарға жасауға болады. Дегенмен, әсіресе жасөспірім балалар үшін оның пайдасы ерекше. Қазіргі кезде мектеп оқушыларында тек көздің жақыннан көргіштік сырқаты ғана байқалмай, онымен бірге омыртқа жотасының қисаюы (сколиоз) және қазтабан аурулары кездесуі де мүмкін. Мұндай жағдайда емдік гимнастика тіпті қажет. Неғұрлым емдеу әрекетін ерте бастаса, ол соғұрлым нәтижелі болады.

Іштен туа болған миопияға жаттығулар онша әсер етпейді, дегенмен оның ешбір зияны жоқ. Жаттығуларды мүлде қолдануға болмайтын кездер өте сирек. Ол тек миопия асқынып, тор қабығы орнынан сырылып кетуге күдік туғанда ғана болмайды. Бұл өте қауіпті. Әдетте мұндай жағдай ақауы бар адамдардың 10 килограмнан артық жүк көтеруінен немесе бас-көзі зақымданғанда кездеседі. Онда көз мүлде көрмей қалады. Сондықтан жаттығулар жасағанда осы жайтты естен шығармаған дұрыс. Көзінде жоғары дәрежелі миопиялық ақауы бар адамға басын еңкейтіп  жұмыс істеуге, өте ауыр жүк көтеруге рұқсат  етілмейді.

Емдік жаттығулар жасағанда көзделетін негізгі мақсаттар:

-        бүкіл денені ширықтыру;

-        жүрек-қантамырлары мен тыныс жолдарының қызметтерін арттыру;

-        бұлшықеттер мен сіңірлерді қатайту;

-        көз тіндерінде қан айналысын жақсарту;

-        көз бұлшықеттерін жетілдіру;

-        көздегі сыртқы тығыз қабық - склераны (ақ қабық) шынықтыру, жетілдіру.

Осындай арнайы мақсатпен бірге денені түгел жетілдіруге баса назар аударылады. Мәселен, тұлғаны түзететін, тынысалу, мойын, арқа бұлшықеттерін жетілдіріп, нығайтатын жаттығулар өте қажет. Бірақ дененің, әсіресе арқа бұлшықеттерінің мықты болуы басты дұрыс ұстауға, сол арқылы көзге ауыртпалық түспеуіне жәрдемін тигізеді.

Адам кітап оқығанда не жазғанда олардың көзден алыстығы 30-35 сантиметрден кем болмауы тиіс. Столдың шетінен 3-5 см алшақ отыру керек.

Миопияға арналған жаттығуларды шартты түрде үшке бөледі:

1.      Көздің сыртқы бүлшықеттеріне арналған жаттығулар: а) көздің тік бұлшықеттеріне; ә) көздің тікжәне қиғаш бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.

2.      Көздің ішкі бұлшықеттеріне арналған жаттығулар: а) үй жағдайында; ә) эргографта; б) линзалармен. Бұл жаттығулар көз алмасын жан-жақты (төмен-жоғары, оңға-солға т.б.) қозғалтып және алысқа қарап, одан соң көз жанарын бірден жақынға ауыстыру арқылы орындалады.

3.      Өз-өзіне массаж жасау. Ол үшін көзді қатты жұмып, бірнеше рет қабақты қағып, үш саусақтың ұшымен көз алмасын басып, массаж  жасайды. Тек көзді ауыртпай әртүрлі күшпен, жылдамдықпен басады.

Төменде біз миопияға арналған жаттығулар жиынтығын беріп отырмыз. Оның үдемелілігін біртіндеп арттырады:         1-2-ші       сабақта екі жаттығуды 2 рет қайталайды; 3-ші сабақтасол

екі жаттығуды 3 рет, одан кейін әрбір 3 сабақта бір жаттығудан қосып, оның санын 5-6-ға жеткізіп, әрқайсысын 3 реттен орындайды. Осы әдістемемен жаттығуларды  1,5-2 ай бойы жасап, келесі айларда әр жаттығуды  5-6 рет қайталайды.

Миопияға арналған жаттығулар жиынтығы

ТҮРЕГЕЛІП ТҰРҒАН ҚАЛЫПТА ОРЫНДАЛАДЫ:

1.      Жоғары қарап, жылдам, төмен түсіру (6-8рет).

2.      Диагональ бойынша: алдымен жоғары- оңға, одан соң төмен-солға қарайды (6-8 рет).

3.      Диагональ бойынша жоғары-солға, кейін төмен-оңға қарайды (6-8 рет).

4.      Горизонталь жазықтық бойымен оңға және солға қарай (6-8 рет).

5.      Беттің дәл ортасы тусынан қолды алға созып бір саусаққа тесіле қарайды, саусақты біртіндеп көрінбей кеткенше жақындатады (6-8 рет).

6.      Сұқ саусақты кеңсірік үстіне қойып, екі көзбен бірдей соған қарайды (10-11 рет).

7.      Көз алмасын сағат тілі бағытында шыр айналдыру және керісінше.

    

ОТЫРҒАН ҚАЛЫПТА ОРЫНДАЛАДЫ:

8.      Көзді 15 секунд бойына жыпылықтатып, бірнеше рет кірпік қағу (3-4 рет).

9.      Көзді 3-5 секунд қатты қысып, ашу (8-10 рет).

10.    Көзді жұмып тұрып саусақтың ұштарымен 1 минут уқалау.

ТҰРҒАН ҚАЛЫПТА ОРЫНДАЛАДЫ:

11.    Алдымен жақын тұрған затқа қарап, тез алысқа көз жіберу және керісінше.

Осы жаттығуларды жасағанда көз алмасының ауытқу шегі мейлінше кең болуы керек, тек жылдам, орташа, ақырын қарқынмен көзді ауыртпай орындаған дұрыс.

Жақыннан көргіштік ақауына қолданылатын емдік  жаттығулар  кем дегенде 3 айға созылады, оның өзін екі кезеңге  бөледі; бірінші - даярлық, екінші - негізгі кезең.  Даярлық кезеңіндегі (12-15күн) негізгімақсат: а) организмді  нығайту; ә) жаттығуға денені үйрету; б) ішкі ағзалардың  жұмысын жақсарту; в) денені тік ұстауға дағдыландыру; г) бұлшықеттерді жетілдіру; д)

эмоциялық тонусты, көңіл-күйді көтеру. Бұл кезеңде барлық денеге арналған жаттығулар беріледі және басты дұрыс ұстауға, бұлшықеттерге және дұрыс тыныс алуға көңіл аударылады.

Жаттығулар жиынтығында тұлғаны түзету және табанға арналған түрі көбірек болады. Ол үшін жаттығуды жатып, отырып және түрегеліп тұрып орындауға болады. Гимнастикалық жаттығулардан  басқа ойынның, спорттің әртүрлері (доп, гимнастикалық таяқ т.б.) пайдаланылады.

Негізгі кезеңдегі (2,5-3 ай) басты мақсат: а) көздегі қан айналымын жақсарту; ә) көзді ұстап тұрған бұлшықеттерді жетілдіру; б) көздің ішіндегі зат алмасуды жақсарту; в) склераның қызметін күшейту. Денені жалпы жетілдіретін, түзететін жаттығулармен, сол сияқты тыныс алу гимнастикаларымен бірге, арнайы көз алмасына, оныжан-жағынан қоршап ұстап тұрған бұлшықеттерге жаттығулар белгіленеді. Бұл жаттығулар мөлшермен, шамамен беріледі.

Осы аталған жаттығулармен қоса массаж жасаған жөн: қабақты жиі қағып, көзді қатты жұмып, үш саусақпен жұмылған көздің үстінен 1 минут басып ұстайды. Осының бәрі ретімен кешенді түрде орындалса, көзге тигізер пайдасы ерекше.

Ал өз көзіне массаж  жасауды 10 секундтан 1 минутқа жеткізеді.

Көздің цилиарлы бұлшықетін жетілдіру үшін терезе шынысын қолданады. Терезеден 25 см қашықтықта тұрып, диаметрі 2-3 см дөңгелекті сызып, соған тесіле қарайды. Одан соң алысқа көз жіберіп, қайта жаңағы дөңгелекке тесіледі. Жаттығу мөлшерін 3 минуттан бастап, 3 күннен кейін 10 минутқа жеткізеді. Бұл жаттығулар күн ашық кезінде орындалғаны жақсы.

Тек арнайы жаттығулар емес, сол сияқты таза ауада жүру, суда жүзу, шаңғы, коньки, шана тебу, серуендеу көзге де, жалпы денсаулыққа да өте пайдалы.

 

Г. ИКІМАНОВА,

медицина ғылымының докторы, профессор

 

 

Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2013(№5). – 22-23 бет.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика