Гипотиреоз – қалқанша бездің қызметінің төмендеуі салдарынан қанда тиреоидтық гормондар жеткіліксіздігінен туындайтын клиникалық синдромдар. Гипотиреозда зат алмасу үдерісі: тіндердің оттегіге мұқтаждығы және жылудың жұмсалуы, әнергетикалық субстаттардың жинақталуы төмендейді. Май алмасуында: гиперлипидемия (ХС, ЛПНП - жоғарылайды), май қышқылы синтезі мен липолиздің төмендеуі тән. Гипотиреоздың клиникалық көрінісі қандағы тиреоидтық гормондардың қаншалықты жеткіліксіз және жеткіліксіздік мерзімінің ұзақтығына, сонымен бірге науқастың жасы мен қосымша ауруларына байланысты түрленеді. Мысалы, бір науқаста струмэктомиядан кейін гипотиреоздың көріністері айқын дамиды. Енді біреулерінде гипотиреоз айқын көрініс бермейді, аяқ астынан анықталады. Манифестік гипотиреоз белгілері: науқас өте әлсіз, қозғалысы баяу, бет пішіні бүркеніш жамылғандай (қабағы жартылай түсіңкі, ұйқыдан тұрғандай ісіңкі, өз жасынан үлкен көрінеді), терісі бозғылт сарғыш (гиперкератинемия) реңді, сөз ырғағы баяулаған (мас адам сияқты жылдам сөйлей алмайды), дауысы қарлыққан, есту (есту түтігі мен ортаңғы құлақтың ісінуі) және есте сақтау қабілетінің төмендеуі, шаштарының көп түсуі, қастың сыртқы жағынан түсуі, ерлерде сақал-мұрттың сиреуі, тырнақ сынғыштығы, аяқ-қолдың тоңғыштығы, ұюы, ұйқышылдық, түнде көрудің бұзылысы т.б. байқалады. Гипотиреоз көпшілік жағдайда бірнеше аурудың бүркеніші болып, гастроэнтеролог, нефролог, кардиолог, гинеколог, терапевт дәрігерлерді жағалатып, кеш анықталып жатады.
Гипотиреоз бүркеніштері: гастро-энтерологиялық тоқішек моторикасының бұзылысы, іш қатуға бейімділік, ет жолдарының дискинезиясы, гепатомегалия, өт тасы ауруы, сарғаю, трансаминаза деңгейінің жоғарылауымен көрінеді.
Ревматологиялық: полиартрит, полисиновит, остеоартроз байқалады.
Дерматологиялық: алопеция, гиперкератоз, онихолизис-тырнақ пластинкаларының жуандап, астында бос қуыс пайда болады.
Гинекологиялық: дисфункционалдық жатырдан қан кету, бедеулік дамиды.
Психиатриялық: деменция, депрессия жағдайына түседі.
Кардиологиялық: диастолалық гипертензия, дислипидемия, гидроперикард пайда болады.
Гипотиреоз патогенезіне байланысты үшке бөлінеді: біріншілік, екіншілік, үшіншілік.
Біріншілік гипотиреоз (қалқанша бездің зақымдануы).
1. Туа пайда болған гипотиреоз себептері: калқанша бездің гипоплазиясы немесе аплазиясы, тиреоидтық гормондар биосинтезінің тұқым қуалау ақаулары (ферменттік жүйелердің туа болған ақаулары, тиреоглобулин биосинтезінің ақаулары).
2. Жүре пайда болған гипотиреоз – операциядан кейін (струмэктомия), қалқанша безді радиоактивтік йод және йондық сәулемен емдеуден кейін, қалқанша бездің қабыну аурулары (тиреоидиттер, айрықша аутоиммундық), ағзада йод тапшылығы (эндемиялық жемсау және кретинизм) салдарынан пайда болады. Сонымен катар дәрілік препараттар әсерінен (тиреостатиктер, кордарон), қалқанша безіндегі неопластикалық үдерістерден дамиды.
Туа пайда болған гипотиреоз жаңа туған нәрестелерде бірнеше айлардан кейін дамиды. Кіндік кеш түседі және жараның орнының жазылуы ұзаққа созылады. Баланың қозғалысы өте баяу, жылаған дауысы төмен әрі жуан келеді. Іші кебіңкі, іш қаталау, тілінің аузына сыймауы, ауыз айналасы мен саусақтары көгіс тартқан, терісі салқын. 3-6 айлық кезінде физикалық дамуы жағынан қатарынан қалыс қалуы байқалады. Бұл балаларда дер кезінде нақтама қойылып, ем жүргізілмесе микседематоздық кретинизмге әкеледі.
Екіншілік гипотиреоз – гипофизарлық аймақтың зақымдануы және тиреотропин секрециясының төмендеуі.
Босану кезінде қанды көп жоғалту салдарынан және жарақат нәтижесінде аденогипофиз ишемиясы, гипофиз аймағындағы қабыну үдерістері, тиреотропин бөлетін гипофиз жасушаларынан дамитын ісіктер, ұзақ уақыт жоғары мөлшерде қолданылатын дәрмектер: резерпин, леводопа, парлодел т.б. гипофиздің аутоиммундық зақымданулары.
Үшіншілік гипотиреоз – гипоталамустың зақымдануы және ТТГ бөлетін жасушалардың тапшылығы, тиреолиберин секрециясының төмендеуі, ТТГ-РГ рецепторлары гендерінің мутациясы, гипоталамус аймағындағы қабыну үдерістері, бас-ми жарақаты, бас-ми ісіктері, серотонин препараттарымен емдеу.
Екіншілік және үшіншілік гипотиреозды біріктіріп, орталық (гипоталамо-гипофизарлық) гипотиреоз деп атайды. Орталық гипотиреоз аденогипофиздің басқа да троптық гормондар функциясының жеткіліксіздігінде, яғни гипопитуитаризмде кездеседі.
Ж.О.ЖАҚЫПОВА,
дәрігер-эндокринолог
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2013(№10). – 29 бет.