"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Орман (Қазақстан ормандары)

ОРМАН – жер  бетіндегі табиғи қордың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі. Орманда ағаш, бұта, шөптесін өсімдіктер, мүк, қына, т.б. өседі. Орман қорлары бүкіл биосферадағы тіршілік үшін, оның ішінде адамзат қоғамы үшін аса маңызды. Тиімді пайдаланған жағдайда өз-өзінен қайта қалпына келіп тұратын таусылмайтын табиғи қор. Орман ағаштарынан үйлер, тұрмысқа қажетті заттар, қағаз, т.б. алынады; ормандағы ағаштардың арасында жидектер мен саңырауқұлақтар өсіп, өнім береді. Орманды аймақтарды паналап, қоректерін содан табатын жан-жануарлар мен жәндіктер көп. Орман топырақтың құрылысына, су алмасуына, онда органикалық және минералдық заттардың жиналуына әсер етеді. Орман топырағында ылғал жеткілікті, сондықтан оның құрамында шірінді көп. Орманды жердің топырағы қышқыл, мұндай топырақта өсімдік тамыры терең бойлап, минерал заттарды мол алады, суды көп буландырып, ондағы жануарлар мен өсімдіктерге қолайлы микроклимат жасайды. Орман ағаштары, оның ішінде мәңгі жасыл, қылқан жапырақты ағаштар өз жапырақтары арқылы өздері өскен қоршаған ортаға зиянды ауру қоздырғыш бактерияларды өлтіретін, хош иісті заттар (фитонцид) шығарады. Сондықтан да, қылқан жапырақты орманды аймақтарда көпшілік демалып, тынығатын курорт-санаторийлер орналастырылады. Қазіргі кезде дүние жүзінде орман аум. 3 млрд. га-дан астам, яғни дүние жүзінің 27-28%-ын орман алып жатыр. Өкінішке орай, адамзат қоғамы өз тарихында бүкіл орманның 2/3 бөлігін жойған, сонымен бұрын жер бетінің 75%-н алып жатқан ормандардың көлемі көп кеміген. Әлемдегі ормандар негізінен 5 белдемде өседі. Жалпы орманның таралуындағы заңдылық салқын аймақтарда қылқан жапырақты, қоңыржай аймақтарда қылқан жапырақты және майда жапырақты ормандар аралас, ал жылы аймақтарда негізінен ірі жапырақты ормандар өседі. Жер шарындағы мемлекеттердің табиғи-климаттық жағдайларына сәйкес әр мемлекеттегі ормандардың көлемі мен түрлері әрқалай. Аумағының кеңдігіне қарамастан қазақ жерінде орманды жерлер көп емес. Оның басты себебі жеріміздің негізгі бөлігі құрғақ, жартылай шөл, шөлді аймақтарда орналасқандығы. Республика аумағындағы орман және бұталар алып жатқан аумақ 23,6 млн. га, бұл Қазақстан жерінің 4,6%-ы ғана. Ал нағыз орман 1,2% немесе 11,5 млн. га. Орман ағаштары республикада Солт. Қазақстанның орманды-дала белдемінде және дала белдемінің қосымша ылғал алатын ойпаңды жерлерінде өссе, оңт. пен оңт.-шығыстағы Қалба жотасы, Алтай-Сауыр, Солт. Тянь-Шань және Батыс Тянь-Шань тауларының ылғал мол түсетін орташа биік белдеулерінде өседі. Қазақстанның солтүстігіндегі шоқ-шоқ болып өсетін қайыңды орманды оңтүстүкке қарай далалы алаптардағы біршама жерлерде өскен қарағайлы ормандар ауыстырады. Алтай-Сауыр тауларының теңіз деңгейінен 500-2500 м биіктік аралығында қылқан жапырақты қарағай, майқарағай, шырша, балқарағай, самырсын сияқты бағалы ағаштар өседі. Ал Солт. Тянь-Шань таулы алабының төм. белдеуінде (600-1700 м) көбіне түрлі бұталар мен жалпақ жапырақты ағаштар өседі. Олардың басым бөлігін алма, өрік, жаңғақ, қарақат тәрізді жеміс-жидекті ағаштар құрайды. Биікт. 1500- 3000 м белдеулерде негізінен қылқан жапырақты ағаштар өседі. Олардың негізгісі – жасы  300 жылға дейін, биікт. 40-50 м-ге, ал жуанд. 2 м-ге жететін Тянь-Шань шыршасы. Батыс Тянь-Шань алабында – Талас  Алатауы, Қаратау мен Өгем жоталарында негізінен жерге төселіп өсетін қылқан жапырақты арша ағашы, ал бұталардан – басқа  жерлерде кездеспейтін алша, пісте, долана, таудың ортаңғы және төм. белдеулерінде алма, грек жаңғағы, алмұрт, үйеңкі, өрік ағаштары өседі. Аумағы жағынан Қазақстан ормандарының жартысына жуығын (49,7% немесе 6,14 млн. га) шөлді аймақтардағы сексеуілді ормандар алып жатыр. Сексеуілдің Қазақстанда 2 түрі (қара сексеуіл мен ақ сексеуіл) өседі. Қара сексеуіл бүкіл Бетпақдаланың батысында, Сарысу өз. бойының ортасында, Іле өз. сағасының оң жағалауында және Шу өз. мен Мойынқұмның аралығында таралған. Ақ сексеуілді орманды алқаптар Қарақұмда, Мойынқұмда, Балқаш төңірегі мен Қызылқұмда өседі. Сексеуілді орманның құмды алқаптардың жылжуын тоқтатуда маңызы зор және қой, түйе үшін қысы-жазы жақсы жайылым. Сексеуілден басқа Қазақстанның шөлді аймақтарын кесіп өтетін Сырдария, Шу, Іле, т.б. өзендердің бойында түрлі ағаш, бұталар (терек, тобылғы, жыңғыл, шетен, емен, шегіршін, тал, т.б.) өсетін тоғайлы ормандар кездеседі. Олар жыл бойы сумен жақсы қамтамасыз етілетіндіктен, шөл ішіндегі көлеңкелі, суы мол тамаша демалыс орындары болып саналады. Қазақстанда орман ағаштарын тиімді пайдалану, т.б. мәселелерімен Көкшетау қ-нда орналасқан Қазақ орман ш. және агроорманмелиорация ғыл.-зерт. институты айналысады.

 

 

Дереккөзі: «Қазақстан табиғаты»: Энциклопедия. Т.4/Бас редактор Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2012. – 116-119 б.

 

 

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика