Сарыжылан (Ophisaurus apodus) — қабыршақтылар отрядына жататын сарыбауыр кесіртке. Оңт.-батыс Еуропада, Орт. және Оңт.-батыс Азияда, ал Қазақстанда Оңт. Қазақстан, Жамбыл облыстарында кездеседі. Денесінің ұз. 1,2 м-дей, салм. 550 г-дай. Сыртқы түрі жылан тәрізді, аяғы болмайды (тек еркектерінде артқы аяғының жұрнағы сақталған). Басы ірі, біркелкі қалқанмен жабылған.
Сарыжыланның арқасы қоңыр не қоңырқай, бауыры сарғыш-қоңыр немесе қызғылт түсті болады. Нағыз жыландардан негізгі айырмашылығы қозғалмалы қабағы, құйрығы ұзын болады. Сарыжылан тау өзендерінің аңғарларын, жеміс бақтары мен егістіктерді мекендейді. Кейде теңіз деңгейінен 2000 м биіктікке де көтеріліп, тіршілік етеді. Суда жақсы жүзеді, қауіп төнген сәтте суға қарай қашуға тырысады не тастардың, шөп-бұталардың астына жасырынады. Адамды шақпайды, қолға тез үйренеді, ін қазбайды. Наурыздың соңы — сәуірдің басында қысқы ұйқыдан оянады. Аналығы маусым — шілде айларында пішіні сопақ 8 — 10 жұмыртқа салады. Тамыздың ортасында жас арыжыландар пайда бола бастайды. Омыртқасыздармен (көбінесе жәндіктер және моллюскілермен), ұсақ омыртқалылармен және жерге түскен жеміспен қоректенеді. Зиянды жәндіктерді жеп пайда келтіреді. Сарыжылан табиғатта өте сирек кездеседі. Қазақстанда Ақсу — Жабағылы қорығында қорғалады. Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
С. Махмұтов
Дереккөзі: Қазақстан. Ұлттық энциклопедия[Мәтін]: Т. 7/Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2005. – 571 б.