Бір жасқа әлі толмаған балалардың 2%-інде көз жасы қалтасының қабынуы кездеседі. Жаңа туылған нәрестенің бір немесе қос көзіңде аздаған, тіпті кейде көп ірің болады. Бұл не, жәй дәнекер қабықтың қабынуы (конъюктивит) ма, әлде көз жасы қалтасының қабынуы (дакриоцистит) ма? Анықтау үшін баланы дәрігерге, оның ішінде балалар немесе көз дәрігеріне көрсеткен жөн.
Адамның көз жасы безі дүниеге келгеннен кейін 1-2 айдың ішінде жас шығарады. Міне, сондықтанда көз жасы қалтасының қабынуы белгісі көбіне нәрестеге 1-2 ай толғаннан кейін пайда болады. Кейде көз жасы қалтасының қабынуы дүниеге келген соң дереу немесе 10-15 күннен кейін басталуы да мүмкін.
Аурудың бастапқы кезінде көз жасаурап, жас ағады. Содан соң көз жасы шырышқа, іріңге айналады. Кейде көздегі ірің таңертеңгісін байқалады.
Оны сүртіп тастағаннан кейін, ірің қайтып білінбейді. Осындай жағдайда көз жасы қалтасы тұсын саусакпен басса, көзден шырыш не ірің бұрқ ете калады. Осы бөлінген зат аз бөлінсе де, көз жасы қалтасының қабынуы диагнозын қоюға болады.
Егер көз жасы қалтасының қабынуын емдемесе, қасаң қабық жалақтанған көзде қалтадағы ірің жалақты іріңді жараға айналады. Немесе, ауру асқынып, көз жасы қалтасының тұсындағы тері шелі іріндеп кабынады. Бұл кезде дене кызуы көтеріледі, көз саңылауының мұрын жақ бөлігінде тері қызарып, ісінеді. Ол мұрынның қырына, бетке тарауы мүмкін. Мұндайда көз жасы қалтасы тұсын басуға болмайды. Себебі, ірінді ісікті қоздыратын инфекция тарап, көшірінді ірің орталық жүйке жүйесіне жетуі ғажап емес. Сондықтан да көз жасы қалтасының қабынуын жәй ауру демей, дер көзінде емдеу керек.
Көз жасы калтасының қабынуы асқынбаса, онда қалта тұсын уқалаған дұрыс. Уқалаудың ерекшелігі мынада: Ең алдымен қолды, бас бармақты тазалап, сабынмен жуу керек. Содан кейін бас бармаққа май (вазелин) жағады. Нәрестенің көзіне екі тамшы 2%-тік колларгол ерітіндісін тамызады. 3-5 минут өткен соң бас бармақты мұрынның көз жасы қалтасының қабынуы бар тұсындағы көз саңылауы жағына, қастың астына тік ұстайды. Сөйтіп бармақты жоғарыдан төмен және сыртқа қарай 5-6 рет жылжытады. Осыдан кейін көзге және танауға 2 тамшыдан 2%-тік колларгол ерітіндісін тамызады. Бұл емді науқас баланың ата-анасы балалар дәрігерінің үйретуімен 7-10 күн жүргізеді. Осы уақыт аралығында көз іріндегенін қоймай, жасаурай берсе, баланы міндетті түрде көз дәрігеріне қарату қажет.
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2000(№2). – 7 бет.
Көз жасы қалташығының қабынуы
Көз жасы қалташығының қабынуы (дакриоцистит) — көздің жасаурауы, кейде асқынып іріңдеуі. Оның себебі: кейде танаудың кілегей қабығының мерез, гайморит сияқты созылмалы аурулар салдарынан қабынып, танау бітеліп қалады да, көз жасы мұрынға өтпей қояды. Сөйтіп көз жасы қалтасына іркілген сұйыққа микроб енсе, қалтаның кілегей қабығы қабынады, асқынса көз қалташығы іріңдейді. Бұл ауру егде адамдарда жиі кездеседі.
Емі — бітелген көз жасы жолы хирургиялық әдіспен кеңейтіледі. Ауру дер кезінде емделмей, ұзаққа созылса, оның көз қарашығына шабуы ықтимал.
Дереккөзі: Медициналық анықтама / Құраст.: А.А.Сүлейменов, М. Исамбаев. – Алматы: Қазақстан, 1968. – 141 бет.