Алматыдан шығысқа қарай 25 км жерде, Іле Алатауының бөктерінде, Талғар өзенінің оң жақ жағалауында ежелгі Талғар қаласы орналасқан. X ғасырдан бастап Талғар «Талхир» деген атпен белгілі болған. Қаланың орталық бөлігі мұнаралы бекініс дуалымен қоршалған. Бекініс дуалының қазірде сақталған биіктігі – 5-6 м, қалыңдығы – 15-17 м. Қалаға солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс тараптан кірер екі қақпа бар. Құрылыс орындарының қалдыктары бекініс сыртында да көптеп сақталған. Қаланың жалпы аумағы – 28 гектар. Қаланың іргетасы б.з. IX ғасырында қаланып, XI-XII ғасырларда гүлденген. XIII-XIV ғасырларда қала күйрей бастаған.
Қала орнынан зергерлердің, көзешілердің шеберханалары табылды. Олардан кыш ыдыс күйдіретін пештер аршылып, зергерлер мен ұсталардың, көзешілердің, ершілердің құрал-саймандары шықты. Қалада теңге шығаратын орын болған.
Гүлденген кезеңінде Талғар Іле өңірінің әкімшілік-мәдени орталығы болған. Талғар қазбалары бүкіл Іле өңірінің отырықшылық өмірі жайында құнды мәліметтер береді.
Дереккөзі: «Сен білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. – 301 бет.