Алтын Орда тарихында өшпес із қалдырған хандардың бірі - Өзбек хан. Ол таққа 1313 жылы отырды. Өзбек (т.ж.б. - 1342 ж.) - Бату хан әулетінен, Тоғлықтың ұлы, Мөңке Темір ханның немересі, Алтын Орда ханы (1313 - 1342 ж.).
Өзбек ханның билігі тұсында Египет билеушісі Насыр сұлтанмен тату қарым-қатынас орнатылды. Алтын Орда астанасы Берке Сарайы шаһарына көшірілді. Елдің экономикасы мен мәдениеті гүлденіп, саяси жағдай тұрақтанды, қала мәдениеті өркендеп, дамыды.
Өзбек ханның билігіне сүйікті әйелі Тайдула ықпал етіп отырған. Кенеттен көз сырқатына ұшыраған сұлу ханымды ешбір емші жаза алмайды. Тек Владимирдегі православие шіркеуінің патриархының жасаған емі қонып, Тайдула сырқатынан айығады.
Бұл оқиғаны Мәскеу князі қалталы Иван (Иван I) өз мақсатына пайдаланады. Ол Алтын Орда астанасына мол сыйлықпен келіп жүріп, орыс князьдіктерінің «Ұлы князі» лауазымына қол жеткізеді. Осыдан кейін өзін «Мәскеудің және бүкіл Русьтің Ұлы князімін» деп атай бастайды. Өзбек ханнан Владимирдегі православие шіркеуін Мәскеуге көшіруге рұқсат алады. Хан ордасы үшін жиналатын салықты да өзі жинап, Берке Сарайға әкеліп тапсырып тұру құқығына ие болады. Алтын Ордаға өткізген салықтан қалған қазына оған бірте-бірте өзге орыс князьдіктерінің жерін сатып алуға мүмкіндік береді.
Өзбек хан бейбіт өмірді, өзге елдермен елшілер арқылы қарым-қатынас жасап, сый-сияпатпен алмасып тұруды ұнатқан.
Ортағасырлық араб тарихшылары Өзбек ханнан бастап Алтын Ордада билік құрған хандардың бәрін «солтүстік елдердің патшалары», «қыпшық патшалары» деп атаған. Мысыр елшісі ибн Баттута ханның керемет сарайын, әсіресе, Тайдула ханшайымның сұлулығын тамсана суреттеп жазған.
Өзбек хан 1342 жылы өз ажалынан қайтыс болады.
Дереккөзі: «Сен білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. - 40 бет.