Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі - Ноғай ордасы (XIV - XVI ғғ.). Ноғай ордасы алғашқы кезде «Маңғыт жұрты» деп аталды. Өйткені ол, негізінен, маңғыт тайпасынан құралды.
Ноғай ордасы деп аталу себебі - маңғыт тайпасынан шыққан билеуші Ноғайдың есімімен (XIII ғ.) байланысты алынған. Ноғай ордасын осы тайпадан шыққан әйгілі Едіге әмір мен оның ұрпақтары басқарған. Едіге ұрпақтарының хан лауазымын алуға құқығы болмаған (ол тек шыңғыстықтарға ғана тиісті еді). Сондықтан оларға «бек» деген лауазым берілген.
Ноғай ордасының жер көлемі өте үлкен болған. Мемлекет орталығы Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына орын тепкен. Басты қағандық Жайық өзенінің оң жағалауындағы Сарайшық қаласында орналасқан. Халқы Дешті Қыпшақты ежелден мекендеген маңғыт, алшын, жалайыр, қаңлы, керей, қыпшақ, найман, тама, арғын, үйсіндерден құралған. Кейіннен олардың көпшілігі қазақ халқының құрамына кірген.
XVI ғасырдың екінші жартысында ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты Ноғай ордасы жекеленген иеліктерге бөлініп, ыдырап кетеді. Аумақтың көп бөлігі қазақтардың Кіші жүз құрамына енеді.
Дереккөзі: «Сен білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. - 21 бет.