Майра Мұхамедқызы – опера әншісі. 1969 жылы 9 мамырда Құлжада (Қытай) қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі – музыкатанушы, композитор, ал анасы – Қытай Халық Республикасының халық әншісі. Сондықтан болар, ата-анасы қыздарының музыкалық талантын қолдап отырған. Майра Қытай халық университетінің музыка бөлімін бітірді. 1994 жылы отбасымен бірге тарихи Отаны – Қазақстанға оралды, Майра Виолетта, Джильда (Д. Верди, «Травиата», «Риголетта») партияларын орындай жүріп, Абай атындағы Опера және балет театрында өз шығармашылығын шыңдай бастады. Әлемнің түкпір-түкпірін шарлаған ол «Үлкен опера» француз театрының сахнасында тамаша өнер көрсетті. Әмір Қаракұловтың «Жылама» көркем фильмінде басты рөлді ойнады. 2000 жыл Майра Мұхамедқызы «Тарлан» сыйлығының иегері атанды.
Дереккөзі: «Сен білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. – 554 бет.