"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Жеті қазына

«Жеті» санын қасиетті санаған қазақ халқында «жеті қазына» деген сөз бар. Ол — адамдардың күнделікті пайдаланып, қолдарына ұстап жүрген нәрселері. Жеті қазынаға қазан, ат, ит, бүркіт, мылтық, диірмен, кітап жатады.
Қазан
Ежелгі сақ пен ғұн тайпаларының қорғандарынан қоладан жасалған қазандар әлі күнге дейін табылуда. Б.з.б. VII - б.з. II ғасырлар арасында өмір сүрген сақтар ұлан-ғайыр далада көшпелі ғұмыр кешкен. Мал өсірген. Сүтін ішіп, етін жеген. Ол үшін қажетті ыдыс қазан болған. Сақтар қазанның бүйірін күн белгісімен және үш сирағын қошқарлардың мүсінімен әшекейлеп жасаған.
Ғұн тайпалары осындай бір ыдыспен V ғасырда еуропалықтарды да таныстырған. Ұстайтын екі құлағы бар ғұн қазандары сақтардікіне қарағанда сопақшалау келеді.
1397 жылы Әмір Темір Әбділ-әзиз шеберді Тебризден (Иран) арнайы шақырған. Түркістаннан 30 шақырым жердегі Қарнақ қыстағында оған жеті темірдің қоспасынан қазан құйдырған. Оның салмағы 2 тонна, биіктігі 160 см болған. Қазанды айналдыра 12 рет «Алладан басқа құдай жоқ!» және 14 рет «Бақытты болыңыз!» деген сөздер жазылған, Осы қазан Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің «Қазандық» бөлмесіне қойылған.
Қазандық – Қожа Ахмет ескерткішінің кіндігі. Ғимараттың ішіндегі құдықтан алынған зәмзәм суы қазанға толтырылып, ғибадат етушілерге беріледі.
Осынау көне заманнан келе жатқан ыдысты халқымыз қасиет тұтқан. Сондықтан ас беру рәсіміне көптеген рулар қатысып, тай қазанды айналдыра бастарын түйістіріп жалауларын шаншып қоятын болған. Бұл – бірліктің, ұйымшылдықтың, татулықтың белгісі.
Ат
Көшпенділердің өмір салтына ең қажеттінің бірі – жылқы. Иман бүрлік өзенінің жағасындағы Ботай жерінде 1980 жылы салмағы ондаған тоннадай жүз мыңдаған жылқы сүйектері табылып, жүзден астам үй-жайдың орны ашылған. Үйлердің қабырғалары жылқы сүйектерінен қаланып, қора-қопсылардың төбелері сүйекпен жабылған. Көп заттардың ішінен ауыздықтар ерекше көзге түседі. Демек, осыдан алты мың жыл бұрын адамдар жылқыны ауыздықтап үйретіп мінген.
Көшпенділердің жаңалығы – шалбар мен үзеңгі. Аттың арқасына жайдақ мінген адам құйрығы мен санын қажамас үшін қос балақты шалбар тігіп киді. Кейінірек б.з. II - III ғасырында үзеңгіні ойлап тапты.
«Ер қанаты – ат» саналатын жылқы қаһарман батырлардың серігі болған. Қазақта батырлардың мінген атын «қазанат» (қазан және ат) деп атаған. Сондықтан халқымыз жақсы көрген баласын «құлыным» деп еркелетіп, ел бастаған азаматын «тұлпарым» деген.
Берен мылтық
XVII ғасырдың орта шенінде қазақтардың қолына мылтық тие бастады. Ол - «отты қару» аталатын жеті қазынаның бірі. Сәнді мылтықтардың дүмі, құндағы, оқпаны зерленіп оюланып, алтындалып, сүйекпен әшекейленген. Аңшылар қолданатын «шиті» мылтықтардың сирағы болған. Олардың оқпаны дөңгелек не бірнеше қырлы болып жасалған. Соған қарай «алты қырлы ақ берен», «он екі құрсау жез айыр», «қара мылтық» деген атаулары бар. Алысқа ататын ауыр мылтықтар – самқал, қозыкеш, құлдыр-мамай. Ертедегі мылтықтар аузынан оқталатын болған.
Мылтықтың оқ-дәрісін салып жүретін сауыт «оқшантай» шақпақ кісе белдікке тағылады. Белдікте арқардың, киіктің мүйіздерінен жасалған шақшалар бар. Оған бір атуға өлшенген оқ-дәрі салынады.
Ит
Адамзат жануарларды қолға үйретуден бұрын итті өзіне серік еткен. Оның бір қарапайым дәлелі – баяғыдан жеткен жартас, үңгірлердегі итті ертіп, аң аулап жүрген адамдардың кескін бейнесі.
Қазақ аңыздарында алғыр тазыларды құмай кұстың жұмыртқасынан жаралған, оның құстай жүйріктігі содан қалған деседі. Құмай тазыларға тән ерекшеліктер: елгезек. қозғалысы шапшаң, сирақтары жіңішке, алдыңғы екі аяғының арасы сәл дөңгелене біткен, құрсағын қаншырдай жаратқан (құрсағы ішке кірген), бітімі шымыр, жүні сұйық, танауы үшкіл (үшкір), тік құлақты, жоны (арқасы) дөңестеу, елеңдеген, көзқарасы сергек, тұяқтары ұзын да өткір, тістері ақсиыңқы. Мұндай тұқымды «қарғыбауын» аямай беріп, асырайды. Жасынан аң ұстауға, із кесуге баулиды. Мылтықтың үніне де ептеп үйретеді.
Қарғыбау – күшік алудың кәдесі. Асыраушы адам ит иесінің балаларына сыйлық апарып береді. Енесінің итаяғына жем салып, күшігіне сүт жалатады.
«Жақсы ит малға серік» дегендей, күндіз мал бағысып, түнде ұрылар мен жыртқыштардан күзететін сақ құлақ иттер болады. Олар көбіне жуан дауысты, дене бітімі үлкен, сирақтары білемдей (жуан), басы «қазандай», кеудесі биік әрі толық келеді.
Төрелер мен сұлтандардың қымбат тазысына үй ішінен орын берілген. Кілемнің үстінде жатқан асыл тазылар туралы өткен ғасырда қазақ жерін аралаған саяхатшылар жазған. Ит қотанның (ауланың) берекесі саналғандықтан өзгеге беруге, сатуға болмайды. Қотаншыл итті «Құтпан» (құттың басы) деп еркелетіп, бағалап дәріптейді.
Бүркіт
Қазақ халқында бүркіт салып аң аулау – көнеден келе жатқан дәстүр. Жақсы ат, құмай тазымен қатар, қыран бүркіт ұстау серіліктің белгісі саналған. Бүркіт алудың екі әдісі бар: балапан кезінде ұясынан алу не қақпанмен ұстау.
Бүркіт ұясын қия жартастарға, биік құздарға салады. Сондықтан ұядағы балапанды алу үшін жеңілдеу біреуді жартастың үстінен арқанмен түсіріп, балапанды алған соң, тартып алады. Балапанды бұлай алу қауіпті.
Екінші жол – қақпан құру. Аңшы аңдып жүріп жемтігін ұстаған бүркітті үркітіп жібереді де, сол жерге білдіртпей қақпан құра қояды. Қайта ұшып келген бүркіт қақпанға түседі.
Адамға үйренуі үшін бүркітті күні бойы қолға ұстап, жиі-жиі басынан, мойнынан сипай береді. Ортасынан жіппен байланған көлденең ағашқа отырғызады. Ырғалып тұрған ағаш бүркітті ұйықтатпайды. Бүркіттің бір жерін ауыртып не қорқытып алмау керек. Шамданған құс иесін қанатымен сабалайды. Сондықтан құсқа «томаға» (екі көзін жауып тұратын қалпақ) кигізеді. Томағаны жем берерде, аңға түсерде сыпырады. Иесіне үйренген кұсты енді шақыруға баулиды. Алдымен етті жақыннан көрсетіп, артынан ара қашықтықты ұзарта береді. Әбден үйретілген бүркітті аңшы жотаның басына алып шығады. Ал серіктестері айғайлап түлкіні, қоянды үркітеді. Аңшы тұра қашқан аңға бүркіттің томағасын сыпырып қоя береді. Құс алдымен аспанға самғап ұшады да, жемтігіне тік шаншылып түседі. Бүркітті қартайған кезінде еркіне қоя береді.
Жаңа жауған қардан аңдардың ізі айқын көрінеді. Осы кез аң аулауға қолайлы. Мұны «қансонар» дейді.
Қасым хан 1520 жылы Жайық пен Еділдің арасында үлкен «салбурын» жасаған. Бұл – қазақ хандарының жігіттер мен нөкерлерін жинап бір-екі айға далаға аңға шығуы.
Диірмен
Қазақ халқы егін егіп, жердің пайдасын да көрген. Тары, бидай дақылдарын еккен. Олардың дәнін үгіп, қол диірмендерімен тартып алатын болған.
Биік таудан сарқырап ағатын тау өзендерін жазыққа шығарудың ерекше әдістері болған. Өзеннің жағасынан есекке ауыр жүк артып қоя берген. Сол есектің өткен жолынан арық, тоған қазып, жазыққа су шығарған. Осындай бір тоғандардың қазылуы туралы мынандай аңыз-әңгіме бар.
Атақты тоғаншы Кеншін (XIX ғасырдың соңы) басшылығымен Зайсан өңірінде тоғандар қазылыпты. Тоғаншылар қазып келе жатып, шөккен түйедей тасқа тіреледі, Кеншін оларға қарағай әкелдіріп, тастың үстіне үш күн от жақтырады. Әбден қызған тасқа өгіз арбамен су тасытып құйдырады. Осылай бөлшек-бөлшек болып сынған тастарды жолдан алып тастайды.
Қазақтар көшіп-қонып жүрсе де, осы ағаш сабы бар шағын қол диірмендерін тастамаған. Көшпенді тұрмысқа лайық жеті қазынаның бірі санаған.
Кітап
1950 жылы жазға салым Отырар төбеде ойнап жүрген балалар тышқан інінен сарғайған нәрсені көреді. Оның қатпарланған қағаз екенін байқайды. Інді қазып, мұқабасы мал терісімен тысталған көне кітапты тауып алады.
Отырар – Арыстың Сырға құятын тұсындағы ортағасырлық көне қала. Керуен жолдарының тоғысында тұрған шаһарға дүниенің төрт бұрышынан алуан тілде жазылған неше түрлі кітаптар, қыш кітаптар, шежірелер, қолжазбалар, пергаменттер, фолианттар әкелінген.
Халқымыз ежелден білімді адамды, кітапты ерекше қадірлеген. Қазынаның бірі – кітап арқылы сауат ашып, балаларын оқытқан. Әр үйде өзінің ататек шежіресі жазылған қолжазба кітабы, батырлық жырлары, қисса-дастандар мен құрандар сандыққа салынып, сары алтындай сақталған.

Дереккөзі: «Сен  білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. – 264-269 бет.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика