Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсында ортағасырлық Жанкент қаласының орны сақталған. Жанкент «Жаңа қала» деген мағынаны білдіреді. Қала парсыша Дех-и-Нау, арабша әл-Қарият әл-Хадиса, түрікше Янгикент деп аталған. Жанкент X - XI ғасырларда оғыз билеушілерінің қысқы ордасы болған. Қаланың бүгінде шығыстан батысқа созылған, көлемі 375x225 шаршы метрлік орны сақталған. Солтүстік-батыс бұрышында ішкі қамалы орналасқан. Сыртқы қорғаныс қабырғасының біраз бөлігі сақталған. Оның бұрыштарында оқ ататын қуыстары бар күзет мұнаралары орналасқан.
Қала X - XII ғасырлар аралығында өркендеген. Қаланың XV ғасырдан кейінгі тағдыры жөнінде ешқандай мәлімет кездеспейді.
Жанкент қалашығы. Аэросурет
Дереккөзі: «Сен білесің бе?» энциклопедиясы / Құраст.: Қ.Ж. Райымбеков, Қ.Т. Байғабылов. – Алматы: Аруна, 2011. – 303-304 бет.