Цирк (лат. cіrcus — дәлме-дәл, шеңбер) — сахналық өнердің бір түрі. Цирк өнері асқан ептілік пен күштілікке негізделген пантомималық ойын-сауықтар мен клоунның күлкілі әзіл-әжуаларын (клоунада, акробатика, гимнастика, шабандоздық және жонглерлік өнер, эквилибристика, музыкалық эксцентрика, иллюзионизм, т.б.) қамтиды. Әдетте Цирк ойын-сауығы алуан түрлі трюктер мен эксцентрикаға негізделген нөмірлерден тұрады.
Цирк өнерінің алғаш пайда болуы ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жораларымен және ойын-сауықтарымен тығыз байланысты. Шығыста, соның ішінде Қытайда ертедегі қолөнершілер ескен арқанының үзілмес беріктігін өзгелерге сендіру мақсатымен екі тіреудің ұшар басынан керіліп байланған сол арқанның үстімен өздері әрлі-берлі жүріп көрсеткен. Осыдан келе-келе дар ойыны туған. Кәсіби акробаттар, жонглерлер, эквилибристер өнері Ежелгі Грекия мен Римде, Қытай мен Византияда, т.б. елдерде кеңінен белгілі болды. Орта ғасырларда кезбе артистер акробатик. нөмірлерін қала мен ауыл алаңдарында көрсетіп отырды. 16 ғасырдан бастап Еуропада ат үстінде түрлі акробатик. жаттығулар жасауға ден қойған арнаулы шабандоздар мектебі кең етек алды. Асау аттарды үйретіп, ойын көрсету үшін арнайы манеждер (амфитеатрлар) салынды. Осы тақылеттес амфитеатрларды 1764 жылы Мәскеуде және 1765 жылы Санкт-Петербор қаласында ағылшын шабандозы Дж. Бейтс тұрғызды. Ф. Астлей 1770 жылы Лондон қаласында ат ойнын көрсететін шабандоздар мектебін ұйымдастырды. Ол 1780 жылы дүние жүзінде тұңғыш рет шабандоздардың, акробаттардың және жабайы аңдарды үйретуші — машықтандырушылардың тұрақты ойын-сауық көрсетуіне арнап Цирк ғимаратын тұрғызды. Осыдан кейін Астлей 1782 жылы Париж қаласында цирк ойын-сауығын ұйымдастырды. Наполеон бұйрығымен Л. және А. Франконилер 1807 жылы Париж қаласында жаңа ғимарат тұрғызып, оны Олимп. цирк деп атады. Бұдан былай осы сияқты ойын-сауық орындары барлық елдерде Цирк деп аталатын болды. Франкони ат ойындарына театр элементтерін енгізді. Циркте негізінен атпен шабуыл жасау секілді соғыс көріністерін бейнелейтін эффектілі феериялар (“Генрих ҚV-нің Парижге басып кіруі”, “Орлеан қызы”, т.б., Франция) қойылып, мұндай ойын көріністерінде Наполеон жорықтары мадақталды. Кейіннен бірқатар еур. елдерде тұрақты және жартылай тұрақты цирктер ұйымдастырылды. Солардың қатарынан 19 ғасырдың 40-жылдары ойын-сауық нөмірлерінің трюктік және комедиялық бағытын күшейткен Э. Ренцтің циркі алдыңғы қатарға шықты. Ол 1856 жылы Берлин қаласында Цирк ғимаратын тастан тұрғызды. Г. Шуман Берлин қаласында (1868), ал Э. Вульф Брюссель қаласында (1892) тұрақты ойын-сауықтар қоятын цирктер ашты. Бұл цирктерде негізінен ат ойыны мен акробатикалық нөмірлер дамыды. Ойын көрсетуге үйретілген жылқы үйірлері молайып, көпшілік алдында орындалатын сан қилы трюктер де күрделілене түсті. 1873 жылы Париж қаласында өнер көрсеткен ағылшын Д. Филлис шабандоздық шеберлігімен танылды. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап цирк аренасына кілем клоундары шыға бастады. Олар көбіне ойын-сауық үзілістері кезінде күлкілі интермедиялар орындап отырды. Металл арқанды пайдаланудың нәтижесінде даршылар 19 ғасырдың ортасында өте күрделі пирамидалар жасау (тартылған арқан бойымен бір-бірінің үстінде тұрып сан алуан трюктер көрсету) шеберлігін меңгерді. Әуе гимнастикалық жанрымен қатар (Ж. Леотар, Франция) театр элементтері енгізілген жонглерлік және акробатик. ойын нөмірлері де (ағайынды ағылшын акробаттары Котелли мен венгр акробаттары Волерт, т.б.) дамыды. Әсіресе, жабайы аңдарды қолға үйрететін машықтандырушылардың (Т. Батти, 1863), велосипед және шығыршық дөңгелекпен ғажайып ойын-трюктер жасайтын өнерпаздардың (Ш. Наузет, 19 ғасырдың 90-жылдары), т.б. келіп қосылуы цирк өнерінің жан-жақты дамып, өркендеуіне кең жол ашты. Феериялық қойылымдардың техникалық тәсілдері жетілдіріліп, жақсара түсті. Мысалы, 1886 жылы Париж қаласында не бары бірнеше минутта аренасы суға толтырылатын жаңа цирк ғимараты тұрғызылды. Кәсіпкер Ф.Т. Барнум 1873 жылы АҚШ-та бірден 3 манежінде ойын-сауықтар көрсете алатын үлкен көшпелі цирк ашты. Оның бағдарламасы соғыс пантомималарын, оған қоса әр түрлі кемтарлықты көрсетуге құрылды. 1883 жылы антрепренер әрі актер Буффало Билл ауғандар мен үндістер арасындағы соғыстар сюжетіне негізделген ат пантомималарын қоятын және родео деп аталатын ковбойлар мен үндістердің спорттық ат ойындарын көрсететін “Жабайы батыс” циркін ұйымдастырды. Цирк өз ерекшеліктерімен Азия елдерінде де өркен жайды. Классикалық театр ойын-сауықтарына жақын болған қытай циркі лента және қолшатырмен өнер көрсету, турникпен жаттығулар жасау, лаулап жанған оттан секіру, ұзын арқан бойымен жоғары өрмелеу секілді ойын түрлерін қамтыды. Жапонияда пышақпен нысана көздеу, саты үстінде жаттығулар көрсету, көлбеу тартылған арқан бойымен жоғары көтеріліп, төмен түсу сияқты цирк жанрлары бой көрсетті. Yндістанда қолға үйретілген жыланмен ойын қою, ал Африка елдерінде діни салт-жораларымен байланысты биіктіктен секіретін акробаттар сауығы кең өріс алды. 19 ғасырда Еуропа елдері ареналарында арабтардың акробат-секіргіштері өнер көрсетеді. 20 ғасырдың басында және 1-дүниежүзілік соғыстан кейін Цирк тоқырауға ұшырады. Тұрақты ойын-сауық көрсететін Цирктердің саны шұғыл азайды. Бұған қоса айқын шығарм. принципі мен режиссурасы болмауы салдарынан цирк өнері эклектизмге бой ұрды.
20 ғасырдың 20-жылдары негізінен әуесқойлар Циркі кең өріс алды. Палуандар Қажымұқан мен Балуан Шолақ, сонымен бірге Зәрубай Құлсейітов пен Шашубай Қошқарбаев, т.б. халық өнерпаздары қызғылықты нөмірлерімен ерекше көзге түсті. 1965 жылы Алматы қаласында эстрада және цирк өнері студиясы ашылып, жұмыс істей бастады. 1970 жылы Алматы қаласында тұңғыш кәсіби қазақ циркі, ал 1983 жылы Қарағанды циркі құрылды. Бұдан басқа көптеген жергілікті әуесқойлар және халық цирктері қалың көрермендерге мәдени қызмет көрсетті.
Дереккөзі: Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 9/Бас ред. Ә.Нысанбаев – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007. – 720 бет.