Қатерлі ісік аурулары ішінде әйелдерде кездесетін сүт безі обыры соңғы кездері жиілеп кетті.Сүт безі мен жыныс ағзалары жүйке жүйесі мен қандағы гормондар арқылы байланысады және өмір бойы өзгеріске ұшырап тұрады. Мысалы, етеккір алдында сүт безінің көлемі ұлғайса, етеккірден кейін кішірейеді. Мұндай өзгерістер ай сайын қайталанады. Сүт безі әйелдердің жүкті кезінде де ұлғаяды. Бұл ауру көбіне жасанды түсіктің көбеюі және жас нәрестені жасына келгенше емізбеу салдарынан туындайды. Мұның бәрі әйелдердің жыныс ағзаларының ауруына, гормондар тепе-тендігінің бұзылуына, әсіресе ұрық арқылы шығатын эстроген гормонының көбеюіне және емшекте әртүрлі ісіктердің пайда болуына алып келеді. Аталмыш гормонның мол мөлшерде ұзақ уақыт бойы қанмен араласып жүруі ісік алдында болатын аурулардың асқынуына ықпал етеді де, ол сүт безінің қатерлі ісігіне ұласады. Мұндай ісіктің пайда болуына жатырдың ушығып қабынуы, сондай-ақ қалқанша без бен бауыр аурулары да ықпал етеді. Ал бауырдың организмдегі барлық артық гормондарды өңдеп зиянсыздандырып тұратын ағза екені белгілі.
Сүт безінің қатерлі ісігі сау сүт безіне шыға қоймайды. Оның туындау алдында фиброаденома және мастопатия дерттері пайда болады. Мұндай жағдай байқалу бойына кешіктірмей дәрігер онкологқа көріну қажет.
Сүт безінің қатерлі ісігін алғашқы сатысында қатерсіз ісіктен айыру қиынға соғады. Ол үшін науқасты маммографиялық және морфологиялық тексеруден өткізу керек.
Сүт безінің қатерлі және қатерсіз ісіктерінің алдын алу жолдарының бірі организмдегі тепе-теңдіктің бұзылуына себепші болатын факторларды жою болып табылады. Әр әйел өз организміндегі етеккірдің келуі, жыныстық қатынас, босану және бала емізуге қатысты өзгерістерге дер кезінде мән беріп, өзгеріс байқалған жағдайда білікті маман дәрігерлердің ақыл-кеңесіне жүгінуі тиіс. Ай сайын өзін-өзі тексеріп тұратын әйел сүт безінің қатерлі ісігін 90 пайыз жағдайда өзі-ақ алдын ала анықтай алады.
Соңғы жылдарда туу жасындағы әйелдер арасындағы ауруларды ерте анықтау мақсатында профилактикалық тексеру шаралары жүргізіліп келеді. Мұндай шараларды емханада мамандандырылған дәрігерлер жүргізеді.
Жалпы сүт безінің қатерлі ісігі білінбей басталып, ауырмай өседі және басқа ағзаларға тарайды. Ем неғұрлым ерте басталса, соғұрлым тиімді болады. Сонымен бірге әйелдердің баланы жиі туып, оларды 3 жасқа дейін емізіп, асырауының өзі бұл дертті болдырмаудың бірден-бір жолы екендігін ұмытпаған жөн.
Е.Х. Абдуллаев,
онколог-дәрігер
Дереккөзі: Денсаулық [Мәтін]: ғылыми-көпшілік журнал/ бас ред. Молдахмет Қаназ. – 2009 жыл, қыркүйек. – Алматы: «Полиграфкомбинат» ЖШС. – 2009 жыл, қыркүйек.
Сүт безінің обыры
Сүт безінің обыры (СБО) – әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық ауру. Соңғы 10-15 жылда бірқатар дамыған елдерде осы аурудан болатын өлім-жітімнің едәуір азайғандығы байқалады. Әрине, жағдайдың мұндай беталысы ең алдыменен халықтың СБО туралы білімінің арта түскендігі мен аурудың ерте анықталып, кешенді ем қабылдануының нәтижесі болса керек. Сүт безі обырының алдын алатын шаралар туралы әйелдерге мағлұмат берудің көптеген тиімді әдістері бар.
СЕБЕПТЕРІ
СБО-ның пайда болуы – көп сатылы үдеріс, дегенмен, оның туындауын күшейтуші негізгі фактор – аналық бездің эстроген-гормондары және етеккір тоқтауынан кейінгі майлы тін. Етеккірі тоқтаған, эстроген деңгейі жоғары әйелдерде СБО-ның пайда болу каупі жоғары.
Май жасушасы етеккір тоқтағаннан кейінгі эстрогендердің көзі болып табылады. Мұндай жағдайда эстрогендер көзі ретінде ароматаза белсенділігінің ингибиторлары пайдалы, СБО-ның алдын алуда олардың антиэстрогендерге қарағанда тиімді екені белгілі. Бұл олардың екі еселенген рөліне байланысты. Олар эстрогендердің шоғырлануын азайтып, жасушаның үнемі қатерлі ісік үдерісімен аяқталатын шектен тыс көбеюіне кедергі жасайды.
Науқастардың тек үштен бірінде ғана байқалатын тұқым қуалаушы факторлар да анықталды.
СБО жиілігінің жартысы халықтың қартаюымен де байланысты болып отыр. Қатерлі ісік көбінесе жасы 50-ден асқан әйелдерде пайда болады. Ертеректе адамдар бұл жасқа жетпей қайтыс болып кететін – XIX ғасырда орташа өмір сүру ұзақтығы 40 жас болатын. Тамақтану ерекшеліктері, отбасының қалыптасу, некеге тұру жасы, жүктілік, балалы болу жағдайлары, жыныстық өмір, емшекпен тамақтандыру ерекшеліктері өзгеріске ұшырады. Әйелдердің бойы мен салмағы өсті, етеккірдің ертерек басталып, кешірек тоқтауы етек алды.
СБО-ға шалдыққан әйелдердің орташа жасы – 55. Дегенмен, науқастардың көпшілігі кері әсерге едәуір ерте, яғни 25-35 жасында шалдығады.
Қазіргі уақытта СБО-ның мынадай қауіп факторлары белгілі:
- етеккір, жыныстық қатынас, бала туу қызметтеріндегі өзгерістер;
- аналық без және жатырдың созылмалы, қабыну аурулары;
- семіздік, артериялық гипертония, сусамыр, атеросклероз, бауыр аурулары;
- қалқанша без ауруы;
- сүт безі тінінің дисгормональдық беріштенуі.
Сыртқы факторларға мыналар жатады:
- йондаушы радиация;
- темекі шегу;
- ісік тудыратын химиялық заттар (канцерогендер);
- мал майын жиі қолдану, құнарлылыгы жоғары тагамдарға әуестік.
АЛДЫН АЛУ
А, С, Е дәрумендеріне бай көкөніс және жеміс-жидекті жиі қолдану қажет. Қазіргі уақытта СБО-ның екіншілік профилактикасы едәуір тиімді.
СБО және ісікалды ауруларын ерте анықтау өте маңызды, өйткені обырдың жергілікті түрін хирургиялық әдіспен емдеу 100 пайыз жағдайда жылдар бойы қажырлы ем жүргізуге алып келеді. Осы орайда заманауи аспаптық әдістер арқылы профилактикалық маммография жасау пайдалы.
Алдын алу бағдарламалары көлемінде маммографиялық зерттеу 40 жастан бастап және одан жоғары жастағы әйелдерге ұсынылады. Ерекше атап өтетін нәрсе, маммография – СБО-ның ерте микроскопиялық түрлерін анықтаудың бірден-бір әдісі, осы жолмен анықталған аурулардың 100 пайызы дерлік толық жазылып кетеді.
Р.О. АМИРҒАЛИЕВА,
Боралдай ауылдық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері.
Алматы облысы
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2011(№4). – 25 бет.