"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Нарманбет Орманбетұлы

Нарманбет Орманбетұлы (1860—1918) артына өлмес жыр, ісімен өшпес із қалдырып, заман қаһарына ұшырап, кейінгі ұрпақ үшін аты ұмытылып келген ақын Нарманбет Орманбетұлы Қарқаралы уезіндегі 22 болыс елді аузына қаратқан Қотан-Балқаш болысының ең беделді, әділетті болысы болғаны жайлы деректер 1990 жылдан бастап жариялана бастады. Ақындық, шешендік өнерімен аты шыққан. «Қазақтың бейқамдығын, момындығын, кеңпейіл дархандығын, бауырмалдығын бөгде ел пайдаланып кетеді-ау» деген сезім Нарманбет сынды ойлы ақынның жанына батады. Болашақты сақтаудың жолы еңбек пен білім деп, халықты ұйқыдан оянуға шақырады. Ақынның ұлағатты сөздері бүгін де мән-мағынасын жоғалтпайды.

Қалған өмір тым қысқа,
Артыңа қалдыр бір нұсқа.
Босқа жүрмей дарылдап,
Бас, аянда, қарғыма!
Қайратыңа зар қылма!
Түрлент тілінді! Түзет мінінді! – дейді..
Дала мектебінен нәр алған, Қарқаралы — Семейде білімін шыңдаған, ұлы Абаймен қатар жүріп, өнегесін үлгі еткен Нарманбет  ақынның:
Адамға абырой мен бірлік керек,
Ұят, нысап, намыс пен тірлік керек.
Ғылым, білім, ілгері басуға ойла,
Еңбек қып ерінбестен болып зерек.
Болмайды тағдыр ісін қалай деуге,
Ақ соқпақ адастырмас талай жерге.
Жақсылар, істі түзет, жұртты күзет!
Біріңді-бірін шауып тастай берме... – деген өсиет сөздері бар.
«Соншалықты адалдығынан Нарманбетті ел ішінде пірәдар деп атаған. «Пірәдар» деген сөз екі дүниенің адалдығы ғой» – деген еді ақынның немересі марқұм Дана Шәріпова.
«Қарқаралыны билеп тұрған Нареке» деп ерекше қадірлеген ояз:
-  Нареке, Сіз шешен, тапқыр адамсыз. Мен Сізге төрт сұрақ қояйын. Соны шешіңіз, халқыңа өсиет болсын:
- Ақсауыт дегеніміз не? Арғымақ дегеніміз не? Ақылды дегеніміз не? Ер жігіт дегеніміз не? — деген екен. Сондағы Нарманбеттің: «Ақсауыт деп айтыңыз – атқан жаудың оғы өтпесе, арғымақ, деп айтыңыз — қашқанда жаудың аты жетпесе, ақылды деп айтыңыз – тозған елдің басын қосып септесе, ер жігіт деп айтыңыз — жолдасын жауға тастап кетпесе»,  — деген ел аузындағы жауабын Елемес Құдышұлы деген ардагер айтып берген еді.
Нарманбет ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеп жинақтаған ақтоғайлық Амангелді Туғанбаевтың еңбегі бір төбе.
Нарманбет ақын Қарқаралыда сот болып тұрып, 1918 жылы тамыз айында кенеттен қайтыс болған, Соңғы тілегін Бижанның Қасеніне арнап, елге жерлеуін өтінген. Бижанның Қасені оның сүйегін жылқының жас терісіне дәрілеп орап, бір түнде Қарқаралыдан Қарасуға жеткізгенде суыт жүргеннен аттың тұяғы ойылып түсе қалған дейді ауыл ақсақалдары. 1919 жылы Нарманбетке берілген ас – Қазақстанда өткен соңғы ірі ас. Ат шаптырып, ас беру – еске алу, ақын рухы алдында бас иіп лайықты сый көрсету — ұлттық салтымыз. Арқа ақынын еске алу 1991 жылы тамыз айында оның туған жері Қарасуда үлкен салтанатпен аталып өтті. Осы үлкен істі қолға алып ұйымдастырған бұрынғы Тоқырауын аудынының әкімі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Байыз Төлебайұлы  Мейірмановтың  шақыруымен Жәнібек  Кәрменов, Мағауия Хамзин,  Серік Негимов,  Шымболат Ділдебаев сынды қазақтың белгілі азаматтары келген еді. Ақындар айтысы, аламанат жарысы, түрлі ойын-сауық өткізілген.
Ақтоғай елі бас қосып Нарманбет ақынды еске алған. Оның мазарына мәрмәр тастан ескерткіш қойылыл ескерткішті жасаған Бекмұрат Бегдаров. Бұрынғы XXII партсъезд атындағы совхоз «Нарманбет ауылы» деп өзгертілді. Енді Балқаш қаласында да Нарманбет атында көше бар.

 

Дереккөзі: Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 7/Бас ред. Ә.Нысанбаев – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2005. – 720 бет.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика