Бүгінгі күні елімізде тыныс жолдары ауруларына шалдыққандар саны жылдан-жылға өсуде. Солардың бірі - қолқа демікпесі. Бұл дерт көбіне ауа-райының өзгеруінен, экологияның бұзылуынан туындайды.
Демікпе алқыну, тұншығу дегенді білдіреді. Бұл - адам мен малда кеңірдек тарамдарының тарылуынан немесе жүректің қысылуынан болатын тұншығу. Демікпе ауыр дене еңбегін атқарғанда, жүгіріп келгенде, қорыққанда, қуанғанда қалыпты физиологиялық үдеріс ретінде байкалады да, көп кешікпей басылып, тыныс алу қызметі бастапқы калпына келеді.
Демікпенің себептері мен патогенезіне қарай өкпе демікпесі және жүрек демікпесі аллергиялык (бактерия, вирус және микробтар әсерінен болатын) ауруға жатады. Өкпе демікпесінің созылмалы түрі бронхит, бронхоэктаза, өкпенің қабынуынан немесе ағзаға суық тигеннен болатын аурулардың (гайморит, фронтит) салдарынан жиі кездеседі.
Демікпе қыс пен көктемде, желді күні, ауа-райы күрт өзгергенде үдейді. Науқас адамға, кәбіне түнге қарай, ауа жетпейді, тынысы тарылады, қақырығы түспейді, кеудесі сырылдайды. Тыныс алу жолы, тамағы ісініп, тарылады.
Кейде мүлдем бітеліп, ағзасы тұншыға бастағандықтан, ентігіп, жиі-жиі тыныстауға мәжбүр болады. Демікпемен ауырған адам жата алмайды, көбінесе түрегеліп отырады, аузын ашып тыныс алады.
Бұл сырқат кейде жыл мезгілінің, ауа-райының өзгеруінен туындайды. Мысалы, дымқыл және жылы ауа-райы, ауаның ластығы демікпенің пайда болуына әкеледі. Ауасы таза, биік таулы аймақтарда бұл кесел аз кездеседі, тіпті ұшыраспауы мүмкін.
Жалпы, қолқа демікпесін тудыратын алғышарттар үш топқа бөлінеді. Оның біріншісі - атопия, тұқымқуалаушылық, гипербелсенділік, екіншісі сенсибилиздеушілік (шаң, малдың аллергені, саңырауқұлақ, аспирин, тозаң әсері), үшінші қоздырғыш - вирустық жұқпалар, темекі шегу. Сондай-ақ бұл сырқатқа суық ауа, өткір иіс, көңіл-күйдің өзгеруі де қозғау салады.
Қолқалардың созылмалы аллергиялық қабынуына келсек, оны туғызатын аллергендердің екі тобы бар: бірінші, экзогенді - сыртқы ортадан келетін, екінші, эндогенді ағзада, яғни белгілі бір мүшеде, тінде пайда болатын.
Аурудың белгілері түнде және таңертеңгі уақытта күшейеді. Демікпе кезіндегі аллергендер тобын анықтау үшін теріге тест жасалады. Мұның сыртында жаңаша тексеру әдістері - радиоиммундық, иммуноферменттік тәсілдер бар.
Қолқа демікпесінің ұстамасы әртүрлі аллергендердің әсерінен басталады. Мысалы, атопиялық қолқа демікпесі тұрмыстағы аллергеннің теріге әсерінен, ал кенеге қатысты қолқа демікпесінің ұстамасы көбіне түнгі уақытта маңайда кененің көбеюі салдарынан ұстайды. Ал саңырауқұлақтық қолқа демікпесінің ұстауына сыз үйде тұру, тамаққа саңырауқұлақ, ірімшік, ашыған сүт, ашыған қамырдан даярланған нан пайдалану әсер етеді.
Тамақтан болатын қолқа демікпесі сиыр сүтін ішкенде, цитрус текті жеміс, жұмыртқа, балық жегенде қозып, қайталанады. Шаң-тозаң туғызған қолқа демікпесі өсімдіктер гүлдегенде, құрғақ және желді күндерде жиі ұстайды. Науқастың бұл түріне ұшырауға көбіне конъюнктивит пен аллергиялық ринит себепші болады.
Егер қолқа обструкциясы бір жылда үш рет қайталанса, бара-бара оның қолқа демікпесіне ұласуы ықтимал. Бұл сырқат сипатына қарай жеңіл, орташа, ауыр деп бөлінеді. Жеңіл қолқа депікпесі сирек ұстайды (шамамен айына бір рет), ем тез әсер етеді. Орташа түрі бір айда үш рет шамасында қайталанады. Ауыр ұстама күнделікті немесе апта сайын қайтаналады. Оған тахикардия араласады. Тері бозарып, ауыз-мұрын, құлақ, қол ұштары көгереді. Ауру ағымында екі кезең бар: I кезең - үдеу, өршу; II - ремиссия, бәсендеу, ұстама аралық кезең.
Демікпені емдеу үшін алдымен оның себебін анықтап, ауру түріне байланысты тек дәрігердің кеңесімен ғана ем қолданылады. Демікпе шұғыл медициналық жәрдем талап ететін ауруға жатады. Қолқа демікпесін емдеудегі негізгі жол - базисті, яғни негізгі терапия. Бұл - қабынуға қарсы ем. Оған арнайы дәрі-дәрмек қабылдау, ингаляция, арнайы иммундық ем жатады.
Б. Сарышева, пульмонолог-дәрігер
Қызылорда
Дереккөзі: Денсаулық : ғылыми-көпшілік журнал. – 2010 жыл, наурыз.
Қолқа демікпесі
Қолқа демікпесі – бронхтардың әртүрлі тітіркендіргіштерге сезімталдығының күшеюімен жүретін, олардың жалпылама ұстамалы обструкциясымен білінетін тыныс жолдарының созылмалы қабыну сырқаты.
Грекше «астма» – ауыр тыныс, тұншығу дегенді білдіреді. Созылмалы қабыну қайталанып отыратын ысқырықты сырыл, ентігу, әсіресе түнде және таң ата кеудедегі қысылу сезімі мен жөтелге әкелетін тыныс жолдарының жоғары сезімталдығынан туындайды. Ем нәтижесінде немесе өздігінен қайтатын бұл эпизодтар әдетте жайылған, бірақ өзінің айқындылығын өзгертіп тұратын бронхтардың түйілуіне байланысты болады.
Қолқа демікпесі сыртқы және ішкі факторлардың қатысуымен, көбіне экологиялық бұзылыстар салдарынан дамиды. Ол негізгі екі түрге бөлінеді: инфекциялық емес – аллергиялық (атопиялық) және инфекциялық – аллергиялық.
Қолқа демікпесінің пайда болуына әсер ететін факторлар: тұқымқуалаушылық, яғни науқастың туыстарының астмамен немесе басқа аллергологиялық аурулармен (аллергиялық ринитпен, атопиялық дерматитпен) ауыруы; климаттық, атап айтқанда ылғалдылығы жоғары жерлерде бұл сырқаттың дамуы 93,8%-да кездеседі; маусымдық, кейбір науқастар жоғары температураға сезімтал болғандықтан ауру қыс және жаз мезгілдерінде өршиді. Кейбір науқастарда белгілі бір өсімдіктердің гүл ашу кезеңімен байланысты дамиды; үй шаңы – ересектер арасындағы атопиялық қолқа демікпесінің ең жиі кездесетін себебі. Қолқа демікпесінің белгілері: жөтел немесе ентігудің, тұншығудың кезекті ұстамалары; ысқырықты сырылдардың пайда болуы; жөтел мен кеуде қуысына ауыр салмақ түскендей сезім.
Қолқа демікпесінің маңызды клиникалық белгісі: белгілердің өздігінен немесе бронх кеңейткіш дәрмектерді және қабынуға қарсы дәрілерді қолданғанда жойылуы. Жиі салқын және ылғал ауамен немесе аллергенмен, физикалық күштемемен, әртүрлі иістермен, жылаумен, күлумен немесе вирусты инфекциямен шақырылатын қайта өршулер, және де белгілердің маусымдық өзгермелілігі мен науқаста немесе оның туыстарында осыған ұқсас аурулардың болуы.
Қолқа демікпесі екі кезеңге бөлінеді: өршу және ремиссия (басылу).
Ауырлық дәрежесін келесі белгілер бойынша бағалайды: бір аптадағы түнгі ұстаманың саны; апталық және тәуліктік тұншығу ұстамасының күндізгі саны; тәулік бойына қысқа әсерлі β2-агонистерді қолданудың қажеттілігі; физикалық белсенділік пен ұйқы бұзылысының айқындылығы; өршу кезеңінде сыртқы тыныс алу қызметі көрсеткішінің өзгеруі, ал ремиссия кезінде өзгерістің болмауы; сыртқы тыныс қызметінің тәуліктік өзгермелілігі.
Қолқа демікпесінің емінде негізінен дәрілердің екі тобы қолданылады. Олар: бронхтардың түйілуін азайтатын оронходилататорлар және олардың қызаруын азайтатын қабынуға қарсы дәрілер. Бірақ соңғысы кенет дамыған демікпе ұстамасын жоя алмайды.
Жоғарыда аталған емнен нәтиже болмаған жағдайда, қабынуға қарсы дәрмектер ретінде глюкокортикоидтар (преднизалон) және де бірінші кезекте ингаляциялық түрлері қолданылады: беклометазон; моментазон; будесонид; флутиказон; флунизолин т.б.
Антихолинергиялық дәрілер: олардың ішінде атропин және оның туындылары, атровент, травентол, оксивент, вентилат т.б. бронх бұлшық еттерінің жиырылуына және кілегейдің көп түзілуіне әкелетін арнайы нерв талшықтарынан бөлінетін аиетилхолиннің әсерін тежейді, 30-90 минуттан соң әсер етеді. Бірақ бұл дәрілердің ауыздың құрғауы секілді жанама әсері бар. Ал бұл өз кезегінде демікпе ұстамасын күшейтуі мүмкін. Осы топтың жанама әсері аздау дәрілеріне – ипратропиум бромиді (атровент) жатады.
Ш.ӘБЕНОВА,
пульмонолог дәрігер
Дереккөзі: «Денсаулық» журналы, - 2012(№12). – 4 бет.