Қарақат
Қарақат — тасжарғандар тұқымдасына жататын бұта. Қазақстанда Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсірілетін 11 түрі бар. Биікгігі 60 см-ден 2 м-ге дейін жетеді. Бұтағы тікенекті, жапырағы жалпақ, 3-5 қалақшасы болады. Гүлі ұсақ, екі үйлі, көбінесе қос жынысты кейде дара жынысты. Мамыр-шілде айларында гүлдеп, шілде -тамызда жемісі піседі. Жемісі — жидек. Жеміс шоғында 2-18 түйір жеміс болады. Жеміс құрамында 12-20% құрғақ зат, 78 - 83% су, 5 - 10% қант, 2-4% түрлі қышқылдар, витаминдер (В1, С, Р), сондай-ақ пектин, илік заттар, минералды тұздар бар. Қара қарақатты халық медицинасында кеңінен қолданады. Жидегі тәбет ашады, тер шығаратын және несеп жүргізетін қасиеті бар. Жидегі организмде витамин жетіспеген жағдайда, қан азайғанда және жүдеген кезде пайдалы. Қызыл және жабайы қарақат тек жемісін жинау үшін емес, будандастыру арқылы жаңа сорттар шығару үшін де пайдаланылады. Жидек ретінде қара, қызыл және ақ қарақат көп өсіріледі. Негізгі зиянкестері: бүршік кенесі, өрмекші кенесі, жылтыр көбелектер; ауруы: ақұнтақ кеселі.
Дереккөзі: Балалар энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 2/ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2009. – 312 бет: сур.