"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Қазтамақ

 

Қазтамақ

Қазтамақ - қазтамақтар тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазтамақ Антарктидадан басқа жершарының барлық аймақтарында өседі. Бақшада, үйде өсетін қазтамақтың (пеларгония) мәдени сұрыптарының жүздеген түрі бар. Қазтамақты әжелеріміз бұрыннан өсіріп келе жатқандықтан «әжелер гүлі» аталып кеткенімен, сәуірден қазанға дейін үздіксіз гүлдейтіндіктен, ол көптеген гүлпазшылардың сүйікті гүлі.
Қазтамақтез өсетін, аса құнарлы топырақты қажет етпейтін, оңай көбейтілетін, күтімі жеңіл гүлдерге жатады. Жарық сүйгіш, жаз айларында аулаға шығарып қоюға болады. Қыста 10°С-ден төмен болмағаны абзал. Топырағының беті құрғағанда суғарып тұру қажет. Көктемнен күзге дейін 10-15 күнде гүлдейтін гүлдерге арналған тыңайтқыштармен қоректендіріп тұру қажет. Қараша айында жапырағы сарғайып, түсе бастағанда сабағын тамырдан жоғары 10-15 см-дей биіктікте кесіп, бір-біріне кедергі жасап тұрған сабақтарын сиретіп, жыл сайын өсімдікті жасартып, жаңартып отыру қажет. Ауырғанда немесе зиянкестер пайда болғанда, дәрілік мақсатта қолдану үшін өсірсеңіз, пестицидтер (химиялық дәрілер) қолданбаңыз. Жалпы, ауырып тұрған гүлдерді емдікке қолданбайды. Бірақ қазтамақ гүлі күшті бактерицидтік қасиетінің арқасында, күтімі дұрыс болса, аурулар мен зиянкестерге ұшырамайды.
Қазтамақты жатын бөлмеге орналастырған жөн. Одан бөлініп шығатын пайдалы қоспалар, күйзелген күйді тыныштандыруға, ұйқысыздықты жеңуге көмектеседі. Ауаны стафилакокк, стрептококк бактерияларынан залалсыздандырады. Мұны тексеру үшін ғалымдар стафилакокк бактериясының бір-екі тамсышын қазтамақтың жапырағына тамызғанда, үш сағатта бактериялар өліп қалған. Сонымен қатар шыбын-шіркейлер қазтамақ бар жерден қашады. Бөлмені жаман иістерден тазартады, ас бөлмеге де қазтамақтың пайдасы зор. Бірақ гүлдің пайдасын көру үшін, алдымен біз гүлге қызмет жасап, жапырақтарын шаң-тозаңнан тазартып тұруымыз керек. Су бүрку арқылы жапырақтарды жуып тазартуға болады, алайда қазтамақтың жапырақтары түкті болып келгендіктен, жапырақтарына су бүркуге болмайды. Су бүріккенде түктерінің арасына су тамшылары тұрып қалады. Ол күн ыстықта кеуіп, қурап қоңыр даққа айналады, ал салқында шіри бастайды. Мұндай гүлдердің шаңын қылшақпен тазалауға немесе жууға болады. Жуар алдында түбектің бетін полиэтилен пакетпен жауып, жылымшы судың астында жапырақтарын жуып болған соң, 1-2 рет сілкіп, дымқыл жапырақтарын көлеңкеде кептіріп алғаннан кейін ғана тұрақты орнына шығарады.
Қазтамақ - ғажайып өсімдік. Оның құрамында аминқышқалдары, дәрумендер, өзектер, микроэлементтер, антибиотиктер бар. Сонымен қатар илікзаттарға бай. Жапырағы бөлетін эфир мен фитонцидтер ауаны зиянды микроағзалардан тазартады. Қазтамақтың жапырағынан ауруларға қарсы неше түрлі тұнба, қайнатпа, езбе, компресс жасайды. Тіпті оны дымқылдау, булау немесе сығымдаудың барлық түрлерін қолданбай-ақ, жапырақтары бөліп шығаратын белсенді заттарды адам ауамен бірге ағзасына сіңіре отырып, емделенетіні анықталған. Қазтамақ суық тиюден бастап қатерлі ісікке дейін көптеген ауруларды оңай және еш қиындықсыз емдеп жазады. Қазтамақ жөтел, жүйке ұстамасы, тұмау, тіс ауыру, бүйректегі тасты түсіру, остехондроз, ҚРА, ҚРВИ, құлақ шаншу, жүрек қыспасы, қан қысымын реттеу, қан тоқтату, бас ауруына, ревматизмге қолданылады.
Суық, тұмау тигенде, қазтамақ жапырақтарының шырынынан 2-3 тамшыдан күніне 2 рет мұрынға тамызып тұру қажет. ҚРА, ҚРВИ, жөтел ауруларына, бір литр суға 25 грамм қазтамақ жапырағын 10 минут қайнатып, тұндырып, күніне 3-4 рет тамақты шаяды.
Кенеттен көтерілген қан қысымында қазтамақ «жедел жәрдем» қызметін атқарады. Ол үшін, қазтамақтың жапырағын 20-30 минут сол қолдың тамырына жабыстырып қойса, қан қысымы реттеледі.
Құлақ шаншып ауырғанда жапырақты жұмсартып, түтікше орап, құлаққа салу керек. (Ескерту: құлақта қалып қоймай, суырып алу үшін жапырақты бірқабат дәкемен орап, дәкенің ұшын ұзындау етіп қойыңыз!)
Тіс ауырғанда да, жапырағын ауырған тіске қойып, басылғанша ұстаймыз.
Бүйректегі тасты түсіру үшін, 2 шай қасық кептірілген және ұнтақталған қазтамақтың тамырына ыстық су құйып, оны ары қарай баяу отта қайнағанша ұстау керек. Бір сағаттай тұндырып, қайнатпаны сүзіп алады. Қайнатпаны күніне 5 рет тамаққа дейін екі ас қасықпен қабылдайды.
Остеохондроз ауруының асқынуы кезінде қазтамақтың жапырағынан компрессжасайды. Компресті түнгі уақытта қойған жақсы, ертеңгілік жылы сумен жуып тастайды.
Жатыр мен геморройдан қан кеткенде қазтамақтың шырынын әр екі сағат сайын 20-30 тамшыдан ішеді.  Теміреткіге жапырақтарын езіп, қоймалжың түрінде дененің сыртына шыққан жаралардың қанын тоқтату үшін пайдаланады. Бас ауырған кезде қазтамақтың жапырағын мұрынға салып қойса көмектеседі.
Қазтамақты косметологияда да қолданады. Қазтамақтың 200 грамм ұсақталған жапырақтары мен гүлдерінің шырынын сығып, қақпағы бар ыдысқа құйып, мұздатқышта мұзға айналдырады. Дайын мұзды таңертең бетке уқалап жағады. Ол беттің қан алмасуын жақсартып, өңін кіргізіп, теріні жасартуға көмектеседі. Шаш қатты түскенде қазтамақтың қайнатпасымен жуса, қалыңдап жылтыр, әрі қанық әдемі болады. Сонымен қатар қазтамақтың үй жануарларына да көмегі бар. Егер сіздің сүйікті күшігіңіз, мысығыңыз құлақ кенесінен зардап шегіп жүрсе, қазтамақтың жапырағын құлағына салып қойсаңыз, бұл келелі мәселеден біржолата құтыласыз. Қазтамақтың шырынымен жануардың жүнін сүртсе, қалың әрі жылтырап тұратын болады.

Дереккөзі: Гүлстан [Мәтін]: Республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы / бас ред. Гөзел Құлжабаева. - 2011 жыл. - Алматы: "Print House Gerona" баспасы. - 2011 жыл, сәуір №4 (74).

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика