Көбелектер - қабыршаққанаттылар отрядының екінші атауы. Қабыршаққанаттылар отрядының негізгі тұқымдастары: ақ көбелек, мүр көбелек, түн көбелектері, қан көбелек, көгілдір көбелектер, кәдімгі күйе көбелектері, т.б. Көгілдір көбелектер қанатының үстіңгі жағы көгілдір (тұқымдастын аталуы осыдан), кейде көк, жасыл, сарғыш-қызыл, ал астыңғы жағы көкшулан түсті, онда ұсақ көзше дақтары болады. Қанаттарын жайғанда ұзындығы 20-40 мм-ге жетеді. 1000-ға жуық түрі белгілі. Жұлдызқұрттары өсімдіктер арасында тіршілік етеді. Қазақстанда 9 түрі ұлттық "Қызыл кітапқа" енгізілген. Кәдімгі күйе көбелектерінің қанаттары ұзын және жіңішке (осы бөлігінде жалпақ шашақша түктері болады) келеді. Қанатын жайғанда ұзындығы 0,9-1,2 см болады. Бұл тұқымдастың өкілдері жүннен, теріден жасалған бұйымдарға зиян келтіреді және азық-түлік қорын бүлдіреді. Негізгі түрлері: ішек көбелегі, жиһаз көбелегі, қамбар көбелегі.
Дереккөзі: Балалар энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 2/ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2009. – 312 бет: сур.