"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Керейт хандығы

Керейт хандығы IX - XII ғасырларда Завхан, Тола, Селенгадан Шығыс Моңғол құмына дейінгі сайын даланы қоныс етіп, батысында Найман хандығы, солтүстігінде меркіттер, оңтүстігінде татарлар, шығысында Ся мемлекетімен іргелес жатты. Ол кезде Керейт хандығы керейт, жиркин, қонхойт, сақайт, тумаут, албат, тункайт-киркун деп аталатын тайпалардан құралатын. Аталған тайпалардың ең ірісі керейлер болды және керей атауы («керей» - ру-тайпа атауы да, «т» - тунгус, моңғолша көптік жалғауы) содан қалды.

Рашид әд-Дин моңғол жазбаларының желісіне сүйене отырып, керейлер саны (XI - XII ғасырлар) 200 мың шамасында болған дейді. Керейлер XI ғасырдың 2-жартысында алғашқы хандық билік құрды. Ол кезде керейлерді бұйрық лауазымды тайпабасы билейтін.
XII ғасырда әскери билікке сүйенген ұлыс ел деңгейіне көтерілді. Аталған кезеңде Керей ұлысын Маркуз Бұйрық хан  басқарды.  Керей хандары  алтыннан шатыр (үй орда) тігіп, алтындаған ер-тұрман сайлап, алтын кеседен ас-су ішкені жайлы ортағасырлық жазбаларда айқын жазылған.
Тайпалар мыңдыққа, ішкі рулар жүздікке бөлініп, мыңдықты мыңбасылар, жүздікті жүзбасылар басқарды. Керейт хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Керей ұлысында айшықты шекара болмағанымен, орда тігер орны, қыс қыстауы, жаз жайлауы белгілі болған. Олар әйгілі Қарақорымды бас қала етті. Түндік, Цэцейдей, т.б. қалалар салды. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, киіз үйде өмір сүрді.
Керейлер несториан сенімін ұстанды. Оларда жазба заң болмады, әдет заңына жүгінді. Керей заңы бойынша ата жауына сатылу ең ауыр қылмыс саналған.
Маркуз Бұйрықтың немересі Куржакуз Бұйрық хан өлген соң, ұрпақтары хан тағы үшін өзара көп қақтығысты. Керейлерді, бір жағынан, татар, тунгустар қыспаққа алса, екінші жағынан, Ерке қара тобын наймандар қолдады. Тоғырыл Уаң хан тобына («Тоғырыл» - өз аты, ал «уаң хан» немесе «ұлыс билеушісі» лауазымы - Тоғырылға шүршіт ханы Вангин Чинсан берген лауазым) Есукей батыр бастаған татарлар ішіндегі боржигин руының моңғол аталығы қол ұшын берді.
Тарихта керейлердің дәуірлеген кезеңі - Уаң хан басқарған түс. Батыс католиктеріне «шығыстан шыққан пірәдар Иоан» аңызы бойынша жеткен оның Уаң хан аты кезінде Батыс Еуропаны дүр сілкіндіргені белгілі.
Керейлер мен моңғолдар өзара ант су ішіскен түбегейлі достық қатынаста болды. Бұл қатынас Тоғырыл және Тэмужин (Шыңғыс хан) тұсында одан әрі жалғасты. Уаң хан Тэмужинді өкіл ұлы санады. Тэмужин 1189 жылы өз әулетінің ханы сайланғанда оны алғаш колдағандардың бірі осы Уаң хан болды. Тэмужиннің ар-намысын қорғау үшін 1179 жылы меркітке қарсы құрылған үштік одағын (Уаң хан, Жамұқа және Тэмужин) ұйымдастырушы да Уаң хан еді.
Аталған жорыққа тек керейдің өзінен 20 мың қол атқа қонды. Керейлер Тэмужин бастаған топпен бірлесіп, 1198 жылы татарларды шапса, 1201 жылы Жамұқа бастаған Алақай бұлақ одағына соққы берді. Тэмужинмен бір-лесіп, 1203 жылы наймандардың батыс қанатына шабуыл жасады.
Алайда Уаң хан мен Тэмужин достығы да ұзаққа созылмады. Даңқы арта түскен Тэмужин керейлерді «бейбіт түрде ел болып бірлесуге шақырды». Бірақ керейлер Тэмужиннің бұл пікірін қабылдамады. Сөйтіп, екі жақ 1203 жылы ақтық шайқасқа шықты, керейлер жеңіліп, тарих тұғырынан тайды.
Керейлердің бір тобы ата жұртында қалып, Шыңғыс хан империясына қызмет етті. Енді бір тобы батысқа - Орта Азияға бет бұрды. Мұнда келгендері Жошы, Шағатай ұлысы, Моғолстан билігінде болып, кейін көпшілігі Қазақ хандығына бағынып, қазақ ұлтын құрады. Керейлер өзбек, қырғыз халықтары арасында да кездеседі.



Дереккөзі: Ұлы Дала мемлекеттері [Мәтін]. – Алматы: «Адамар» баспасы, 2006. – 216 бет.
 

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика