Индонезия, Индонезия Республикасы - Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекет. Ел аумағы 17508 аралдан (Малайя архипелагындағы аралдар мен Жаңа Гвинея аралы, яғни Батыс Ириан) тұрады. Жалпы жер көлемі — 1,9 млн. км2. Ішкі сулары, теңіздегі және экономикалық аймақтағы шекараларын қосқанда 9 млн. км2. Халқының саны — 232 млн. (дүние жүзінде 4-орында). 150-ден аса ұлттар мен ұлыстар тұрады. Ең ірілері — явалықтар, сундтар, мадурлар және 3 млн-нан астам қытайлықтар. Индонезия әлмдегі ең үлкен мұсылман мемлекеті. Халқының 90%-ы ислам дінін, оның сүннит бағытын ұстанады. Қалғандары — католик, протестант, буддизм, т.б. діндерді ұстанады. Мемлекеттік тілі — индонезия тілі. Индонезия - унитарлы мемлекет. Мемлекет басшысы — президент — Министрлер Кабинетін басқарады және Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы болып табылады. Жоғары заң шығарушы орган - Халықтық консультативтік конгресс 5 жылда бір рет қана жиналады. Ол ел президентін сайлайды және мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейді. Ел 27 провинцияға бөлінеді. Астанасы — Джакарта (10 млн-нан аса тұрғыны бар). Ұлттық мерекесі— 17 тамыз - Тәуелсіздік жарияланған күн (1945). Ақша бірлігі – индонезиялық рупи. 2002 жылы мамыр айында елден Шығыс Тимор (жер көлемі 14,9 мың км2, халқы 806 мың) бөлініп шықты.
Индонезия экваторлық ендік бойында орналасқан. Жерінің жартысы — биіктігі орташа және аласа таулар, биік таулар Батыс Ирианда ғана кездеседі. Суматрадан Хальмахера аралына дейінгі аралықта (5000 км) 400-ге жуық жанартау бар. Оның 80-і сөнбеген. Пайдалы қазбалары: мұнай, көмір, темір, марганец, алюминий, никель, мыс, қорғасын, т.б. Климаты экваторлық, ал Ява және Кіші Зонд аралдарында - субэкваторлық. Жазық жерлердегі орташа температура 25°С, ал тауда саіқын. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 2000-4000 мм. Көбінесе нөсер жаңбыр жауады. Өзендері шағын, суы өте лайлы келеді. Таулы бөлігі экваторлық және тропикалық мәңгі жасыл ормандардан тұрады. Аралдардың жағалауларында қалың бұта өседі. Жануарлардан маймыл, піл, керік, аю, қолтырауын, бауырымен жорғалаушылардың және құстардың көптеген түрлері бар.
Индонезия жерін адамдар өте ерте заманнан бері қоныстанып келеді. 2-5-ғасырларда алғашқы мемлекеттер пайда болды. 7-ғасырдың ортасында бірнеше ұсақ мемлекеттер бірігіп, Шривиджай империясы құрылды, ол 9-10-ғасырларда дәуірлеп өсті. 13-ғасырдың аяғында Ява аралында Малжапахид патшалығы пайда болып. 1293 жылы жалпы индонезиялық мемлекетке айналды. 14-ғасырдан бастап елге Үндістан мен Малаккада ислам діні ене бастады. 15-ғасырдың ортасында Маджапахид империясы әлсіреп, 1520 жылы бірі мұсылман мемлекетіне бөлініп кетті. 1575 жылға қарай Орталық-Шығыс Явада Матарам мемлекеті құрылып, Батыс Явада Бантам сұлтандығы пайда болды. 1590 жылдан бастап елге голландиялық отарлаушылар келе бастады. Олар Индонезия жергілікті ақсүйектер арқылы шетке шығару үшін жаңа дақылдар (қалампыр, мускат, бұрыш) өсірді. 18-ғасырда кофе өсіру қолға алынды. Жергілікті халық отаршыларға қарсы жиі-жиі көтеріліс жасады, бірақ олар күшпен басылып отырды. 181 елді Англия басып алғанымен, 1814 жылы Голландияға қайтарып берді. 1904 жылы голландықтар елдің тәуелсіз аймақтарын да толығымен бағындырды. 1911 жылы Ислам одағы (Сарекат ислам) құрылып, оған 2 млн-нан аса адам мүше болды. Карулы көтерілістер жиілеп кетті. 1920 жылдан бастап елде Жапония мен АҚШ-тың ықпалы күшейді. 1942 жылы Голландия үкіметі Индонезияны басып алған Жапония алдында тізе бүкті. Осыдан кейн Жапонияға қарсы Қарсыласу қозғалысы күшейді. 1945 жылы Жапонияның Одақтастар армиясынан жеңілуіне байланысты 17-тамызда Индонезня өзінің тәуелсіздігін жариялады. Индонезия 1945 жылдан БҰҰ-ның мүшесі, Ислам конференциясы ұйымы, Тынық мұхит аймағы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі интеграциялану процестерінде белелге ие. Ел дамыған индустриялды-аграрлы елдердін денгейіне жақындады. Өнеркәсіп экономикасының 25%-ын құрайды. Индонезия күн сайын 1,5 млн. баррель мұнай өндіреді. Мұнай өндірісінің қожайындары, негізінен, шетелдіктер (АҚШ, т.б.). Индонезия экспортқа газ шығаруда дүние жүзінде 1-орында (39%). Оған қоса түсті металдар (никель, мыс), алтын, алмаз, күміс, көмір, уран өндіреді. Жеңіл және тамақ өнеркәсіптері жақсы дамыған. Соңғы жылдары кеме жасау, мұнай, химия, автомобиль құрастыру, электроника өндірістері жедел дамып келеді. Ауыл шаруаылығында халықтың 44%-ы жұмыс істейді. Ол ұлттық табыстың 16%-ын құрайды. Мал шаруашылығы, өсімдік майы, тропиктік ағаш түрлері, кофе, шай, т.б. өсіріледі, балық аулау, теңіз тағамдарын жасау жақсы дамыған. Ел табиғи каучук шығарудан дүние жүзінде 2-орында. Экономикада шет ел инвесторлары үлкен рөл атқарады. Негізгі инвесторлар мен сауда серіктестері: Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Тайвань. Нидерландия, Оңтүстік Корея. Индонезия мен Қазақстан арасында дипломатиялық байланыс 1993 жылы 2 маусымда орнаған.
Дереккөзі: Балалар энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 2/ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2009. – 312 бет: сур.