"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Кітап сіздің өміріңізде:

Білгенге маржан


Жылқы

Жылқы - так тұяқтылар отрядының бір тұқымдасы. Қазба қалдықтары біздің заманымыздан бұрынғы жеті мың жылдан бұрын-ақ Азия мен Еуропада қолға үйретілгендігін дәлелдейді. Жылқы тұқымдасы есек, құлан, зебр, қазіргі жылқы болып 4 туысқа бөлінеді. Америкада жабайы жылқы болмаған, қолға үйретілген жылқылар кейін тағыланып (мустанг деп аталады) кеткен. Қазір Моңғолияда ғана жабайы жылқы үйірлері кездеседі. Оны Пржевальский жылқысы деп атайды. Қолға үйретілген кәдімгі жылқының шаруашылықта маңызы зор. Ол — ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға не шанаға жегу үшін және спорттық бағыттарда өсіріледі. Шоқтығына дейінгі биіктігі 50-185 см, салмағы 60-1500 кг болады. Жылқы орта есеппен 18-20 жыл, кейде 40 жылға дейін жасайды. Түсі қылаң, баран, ала боп бөлінеді. Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б. жылқылар; баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең, т.б. жылқылар; алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. жылқылар жатады. Жылқы будандары қашыр, қарта қашыр (лошак), құланоид (құлан мен жылқы буданы), зеброид (зебр мен жылқы буданы) деп аталады. Жылқы жүк жылқысы (Владимир жылқысы, Першерон жылқысы, т.б.), мініс жылқысы (Араб жылқысы, Ахалтеке, т.б.), жазық дала жылқысы (Дон жылқысы, Буденный жылқысы, Қостанай жылқысы, моңғол жылқысы, қазақ жылқысы), тау жылқысы (кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай жылқылары, т.б.), солтүстік дала жылқысы (витский, эстон, якут жылқылары, т.б.) болып ажыратылады.  Дүние  жүзінде  жылқының  250-дей, Қазақстанда 16 түрі өсіріледі. Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болды. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық  пен  өркениет дамуынын  негізін қалады. Әсіресе казақ халқы жылқы түлігін ерекше бағалалаған. «Адам – жылқы мінезді» дейді қазақ халқы. Бұған «жылқы — малдың патшасы», «ат – ердің қанаты», т.б. жүздеген мақал-мәтелдерді қоссаңыз,  халқымыздың  адам  мен  оның жан серігі жылқыға біртұтас әлем ретінде қарағанына жеткізуге болады. Баласының үлкен азамат қатарына қосылуының өзін «ат жалын тартып мінді» деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі — тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған халқымыз біреумен жауласса «ат құйрығын кесіскен», біреудің алдында кінәлі болып қалса «ат-шапан айыбын төлеген». Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық ауылына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау коршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер; атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді. Халқымыз жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Қазақ даласында өсірілген жылқылар 1- және 2-дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадын КСРО маршалы Георгий Жуков Қазақстанның Луговой (қазіргі Құлан) жылқы зауытында өсірілген Араб есімді ақбоз ат үстінде қабылдауының өзінде символдық нышан бар еді. Екіншіден, қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Мысалы, бүкіл Қазақстанға танымал Құлагер, Жетісуға мәлім болған Көкбайтал, Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстанның біраз жеріне даңқы жеткен Қараат, 20 ғасырдың 60-жылдарындағы Бәшір Кітапбаевтың Құланқарасы, Бұланқарасы, Желмаясы, т.б. Халыққа жақсы танымал «Кербескер», «Қара жорға», «Бестай», «Бозжорға», «Тепеңкөк» тәрізді әндер мен күйлер, Ақан серінің «Құлагер», «Маңмаңгер», «Құлагердің желісі» әндері, Біржанның «Телкоңыр», «Бурылтай», «Керкекіл» әндері, Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ», т.б. әні жылқыны әспеттеудің үздік үлгілері саналады. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған. Дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5 мыңнан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Еті мен сүті үшін өсірілетін қалған жылқылар жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайылымда жақсы семіреді. Семіртіп сойған жабы жылқыдан 53-57%, кейде 60% ет алынған (230-250 кг). Қазақ халқы жылқы етінен қазы, қарта, жал, жая, т.б. дәмді тағамдар әзірлеп, терісі мен қылын да шаруашылыққа пайдаланған. Ал жабы жылқының биелерінен тәулігіне 18-20 литр сүт сауылған. Сүті мол бие мама бие деп аталған. Бие желінінің сүтке толып, сауылатын мезгілін сауым дейді. Ал құлындамай қалған биелерді қысырақ деп атайды. Жылқы төлдерін: құлын (биенің жас төлі), жабағы (6 айдан асқан құлын), тай (1 жастан асқаны) деп атайды. Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды: құнажын байтал (2 жастан асқаны), дөнежін шығар (3 жастағы байтал), дөнежін байтал (3 жастан асқаны), бесті бие (4 жастан асқаны), қасабалы бие (7-8 жастағы бие), кәртамыс бие (11-14 жастағы бие), жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. деп атайды. Айғырдың атаулары: құнан айғыр (2 жастан асқаны), дөнен айғыр (3 жастағысы), сәурік айғыр (3-4 жастағы үйірге салынбағаны), бесті айғыр (5 жастағысы), сақа айғыр (11-12 жастағысы), т.б. Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Табиғи жүріс — жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс (аяң, желіс, шабыс, жорға). Қарғуға жылқыны жаттықтырады. Жаттыққан жылқы 2,47 м биіктіктен, ұзындығы 8,3 м ордан қарғи алады. Қазақ халқы жылқының маңқа, қара өкпе, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, мандам, боғымалы, қыршаңқы, өлі, желін құрт, сары ауру, жалақ, жауыр, шилі қара, лоңқа, өлі ет, қара дақ, т.б. ауруларын дәл ажыратып, олардан емдеудің өзіндік тәсілдерін жақсы білген.

Қазір  Қазақстанда жылқылар, негізінен,  ет және қымыз өндіруге мамандандырылған шаруашылықтарда, асыл тұқымды жылқы өсіретін жылқы зауыттарында бағылады. Республикада Ат спорты федерациясы жұмыс істейді, ұлттық ат спорты мен жылқы шаруашылығы мәселелеріне арналған «Маңмаңгер» журналы шығады.

 

Дереккөзі: Балалар энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 2/ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2009. – 312 бет: сур.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика