"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Жәндіктер

Жәндіктер, насекомдар — буынаяқтылар типіне жататын омыртқасыз жануарлар класы. Қазба қалдықтары девон кезеңінен белгілі. Филогенетикалық шығу тегі көп аяқтыларға жақын, арғы тегі сақиналы құрттар деп есептелінеді. Жер шарында кең тараған, бір миллиондай түрі анықталған (барлығы бір жарым - екі миллион түрі болуы мүмкін). Жәндіктер екі класс тармағына бөлінеді: алғашқы қанатсыз жәндіктер және қанатты жәндіктер. Қазақстанда екі класс тармағына жататын 28 отряды, 550-ден астам тұқымдасы бар. Бұлардың дене тұрқы бірнеше мм-ден (ең майдасы трихограмма — 0,2 мм) 33 см-ге дейін жетеді. Жәндіктердің ең басты ерекшелігі: денесі 3 бөлімнен (бас, кеуде және құрсақ) тұрады. Денесін тығыз кутикула (эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша) жапқан. Басында екі күрделі фасеттік көздері, қарапайым майла көзшелері, екі мұртшасы болады. Ауыз құрылысы қоректену әдісіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Инеліктер, тарақандар, дәуіттер, қоңыздардын аузы — кеміруге; көбелектер, шыбындардың аузы сұйық қоректі соруға; өсімдіктердің шырынымен және адамның, жануарлардың қанымен қоректенетін маса, бит, қандала, цикада, т.б. аузы шаншып соруға бейімделген; кейбір түрінде аузы (бөгелек, біркүндіктер) болмайды. Жәндіктердің жүруге, жүгіруге (тарақан, қоныздар, т.б.). секіруге (шегіртке, шекшек, бүргелер), жүзуге (жүзгіш қоңыздар, т.б.), қазуға (бұзаубас, т.б.). жемін ұстауға (дәуіт, т.б.), гүл тозанын жинауға (бал арасы) бейімделген аяқтары, ортаңғы және артқы буынында бір-бір жұп қанаттары бар. Тек қосқанаттыларда артқы кеуде буынындағы қанаттары — ызылдауыққа айналған. Жәндіктердің басым көпшілігінде ұшуға екі жұп қанаттарын көбелектер, инеліктер, торқанаттылар, т.б.), кейбір түрі тек артқы жұбын (қоңыздар, т.б.) ғана қағады. Құрсағы көп бунақты, кейбір түрінде 11 бунақты. Құрсағында аяғы болмайды, бірақ олардың қалдықтары рудимент (жұмыртқа салатын мүшесі немесе шаншары, еркегінде — жыныс мүшесі) түрінде сақталған. Бұлшық еттерінің жиырылып-жазылуы бас миымен тығыз байланысты және  бұлшық еттен бөлінетін жиырылғыш белок – актомиозин әсер етеді. Жәндіктердің асқорыту жүйесі алдыңғы, ортаңғы, артқы ішектен және сілекей бездерінен тұрады. Олар қорегіне қарай фитофагтар (өсімдік қоректілер), жыртқыштар, өсімдік шірнесімен қоректенетіндер, некрофагтар (өлексемен қоректенетіндер), сапрофагтар (басқа жануарлардың өлексесімен қоректенетіндер), қан сорғыштар. т.б. болып бөлінеді. Жәндіктер атмосфералық ауаны - трахея (кеңірдек) жүйесімен жұтады, ал суда тіршілік ететін дернәсілдерінде екінші реттік трахея не кутикулалы желбезек дамиды. Жәндіктердің дене температурасы тұрақсыз олар салқынқанды жануарлар тобына жатады. Қан айналу жүйесі нашар дамыған. Ол жүрек пен арқа қолқасынан құралған. Жүйке жүйесі бас миы, жұтқыншақ асты ганглия және құрсақ жүйке тізбегінен құралған. Жәндіктерде сезім мүшелері жақсы дамыған. Олар әр түрлі механикалық, химиялық, дыбыстық, көру, есту, терінің сезу қабілеті, т.б. көптеген тітіркенулерді қабылдай алады. Жәндіктер дара жыныстылар және оларда жыныс диморфизмі айқын байқалады. Бұлардың онтогенезі екі кезеңнен өтеді: толық түрленіп дамитындар және шала түрленіп дамитындар. Жәндіктердің биоценоз тұрақтылығын сақтауда айрықша маңызы бар. Олардың ішінде көптеген ауыл шаруашылығы мен орман зиянкестері де жеткілікті. Қазақстанда әр түрлі қоңыркөбелектер, астық қоңыр көбелегі, жапырақ ширатқыштар, мүр көбелектер, өсімдік биттері, жапырақ жегілер, т.б. — зиянды жәндіктер; бит, бүрге, маса, шіркей, сона, т.б. - қан сорғыш жәндіктер; тарақан, үй қара шыбыны, цеце шыбыны, т.б. - аса қауіпті ауру қоздырғышын тарататын жәндіктер; бал арасы, тұт жібек көбелегі сияқты пайдалы жәндіктер кездеседі. Сонымен қатар ара, көбелек, т.б. жәндіктер өсімдікті тозаңдандырады; құмырсқа, қоңыз дернәсілдері топырақты қопсытады. Жәндіктердің сирек және жойылып бара жатқан 200-дей түрі (Тянь-Шань апполоны, әсем барылдауық қоңыз, махаон, сары көбелектің кейбір түрлері, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

 

Дереккөзі: Балалар энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 2/ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2009. – 312 бет: сур.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика