Динозаврлар — мезозой эрасында тіршілік еткен бауырымен жорғалаушы жануарлар; архозаврлар класының бір тармағына жатады. Дене тұрқы 20 см-ден 35 метрге дейін. Динозаврлардың қаңқа сүйектері алғаш рет 19 ғасырда Англия, одан соң Канададан, ал Қазақстанда Арал маңынан, Оңтүстік Қазақстанда (Әлімтау, Қазығұрт, т.б.) табылған. Қазір осывдай қанқалар бойынша анықталған динозаврлардың екі отрядқа (кесіртке жамбасты, құс жамбасты) жататын алты жүздей түрі белгілі. Динозаврлар (Бшозаигіа) триас кезеңіндегі қарапайым құрылысты тераподтардан дамыған. Алғашқы динозаврлар артқы екі аяғымен, кейінгілері төрт аяғымен жүруге бейімделген. Жыртқыш динозаврлардың артқы аяқтары құстардың аяқтарына ұқсас болған. Көптеген құс жамбасты динозаврлардың үстінде (орнитоподтарды қоспағанда) жыртқыштардан қорғануға бейімделген түрлі бұдыршақтар, сүйек сауыт (стегозаврларда, анкилозаврларда), мүйіз пайда болған (мүйізді динозаврлар). Динозаврлар жұмыртқа салып көбейген. Көптеген ғалымдар динозаврларды жылықанды жануарларға жатқызады, бірақ олардың жылу реттеуші жабынды қабаты болмаған. Динозаврлар тіршілік ортасының өзгеруіне (мысалы, табиғи апаттар, жер бетінің өсімдік жамылғысының біртіндеп өзгеруі, т.б.) байланысты жойылып кеткен. Омыртқалы жануарлардың даму тарихын, мезозой шөгінділерінің геологиялық жасын анықтау үшін динозаврларды зерттеудің маңызы зор.
Динозаврлардың отыз бес түрінің үш жүздей қаңқа сүйегі Канададағы «Динозаврлардың аймақтық саябағында» сақталған.
Дереккөзі: Балалар энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 1/ред. Б.Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2008. – 296 бет: сур.