"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Білгенге маржан


Бауырымен жорғалаушылар

 

Бауырымен жорғалаушылар, рептилиялар (Rерtіlіа) — омыртқалы жануарлардың бір класы. Ежелгі бауырмен жорғалаушылар — котилозаврлар орта карбон кезеңінде қарапайым, қосмекенді стегоцефалдан тараған. Котилозаврлардан триас кезеңінің аяғында аң тәрізді бауырмен жорғалаушылар тобы — сүтқоректілердің алғашқы түрлері шықты. Бауырмен жорғалаушылардың ең жақсы дамыған кезеңі — мезозой. Бұл кезде ихтиозаврлар, мозазаврлар, птерозаврлар (ұшқыш кесірткелер), динозаврлар тараған. Бұлардың бәрі мезозойдан кайнозойға өткен кезде жойылып кетті де, олардың орнына бауырмен жорғалаушылардың қазіргі түрлері қалыптасты. Қазақстанда юра кезеңінде тіршілік еткен ұшатын кесірткенің,бор кезеңіндегі динозаврлардың,мезозой, кайнозой шөгінділерінен түрлі тасбақаның, кесірткенің, крокодилдің(қолтырауынның) қалдықтары табылған. Дүние жүзінде 8000-нан астам түрі кездеседі.
Қазақстанда 2 отряды (тасбақалар, қабыршақтылар), 2 отряд тармағы (кесірткелер, жыландар), 13 тұқымдасы (тұщы су тасбақасы, құрлық тасбақасы, геккондар, ешкіемер, келес, ұршықсап, сцинктер, кесірткелер, соқыр жыландар, су жыландар, құм айдаһары, сұр жыландар, қалқан тұмсықтылар), 24 туысы, 51 түрі бар. Бауырмен жорғалаушылар теңізде, тұщы суда және құрлықта тіршілік етеді. Денесінің ұзындығы бірнеше см-ден 10 м-ге дейін болады. Терісі әдетте безсіз, мүйіз қабыршақпен не қалқандармен жабылған, бұл олардың денесін құрғап кетуден және түрлі зақымнан қорғайды. Қаңқасы мен бұлшық еттері жақсы жетілген. Бауырмен жорғалаушылар өкпесімен тыныс алады. Қан айналу жүйесі 2 шеңберлі, жүрегі 3 камералы (2 жүрекше, 1 қарынша, тек крокодилдерде — 4 камералы). Бауырмен жорғалаушылар жұмыртқа салу арқылы көбейеді, ірі жұмыртқаларын құрлыққа салады. Жұмыртқалары коректік сары уызға бай. ұрық осы уыздың есебінен өсіп жетіледі. Кейбір кесірткелер (сцинк) мен жыландар тірідей туады. Олардың кейбір түрлері партеногенетикалық жолмен (еркегінсіз) көбейеді. Қос бүйрегі арқылы зәр шығарады (көпшілігінін несеп шығаратын қуығы болады). Бауырмен жорғалаушылардың тіршілік әрекеті көбіне күн сәулесі радиациясы мен өзін қоршаған орта температурасына байланысты. Дене температурасы 6-8°С-қа төмендегенде олардың қимылы нашарлайды, ал температура 2-3°С болғанда қысқы ұйқыға кетеді. Көбінесе, шөлді жерлерді мекендейді. Су тасбақалары, крокодил-дер балықтармен, балдырмен, кесірткелер жәндіктермен, құрлық тасбақалары өсімдіктермен қоректенеді. Өздері де аң-құсқа жем болады. Ірі жыландар мен крокодил терісінен түрлі бұйымдар жасалады, кейбір елдерде тасбақа еті мен жұмыртқасы тағамға пайдаланылады, жылан уы медицинада қолданылады. Бауырмен жорғалаушылардың кейбір түрлері (жұмырбас шұбар кесіртке, зайсан жұмырбас кесірткесі, кесел, сары жылан,т.б.) Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген (1996).

 

Дереккөзі: Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы[Мәтін]: Т. 2/Бас ред. Ә.Нысанбаев – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999. – 720 бет.

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика