11 Маусым 2014
2014 жылдың 10 маусымында С.Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапханада «Қала тарихындағы жаңа есім» атты танысу сағаты өтті. Осы сағатта №16 орта мектепті алтын медальмен бітірген, педагогикалық училищенің түлегі Виктор Талахтың анасы Маргарита Талах қонақта болды. Кітапхана залы қатысушылармен лық толып, қала мектептерінің тарихшылары, сол кездегі №16 мектептің және педагогикалық училищенің мұғалімдері, кітапханашылар қатысты. Кешті қаламызға белгілі теле-журналист Наталья Павловская жүргізді. Виктор Николаевич Талах Киев университетінің тарих (1985) және заң (2001) факультеттерін бітіріп, Майя халқының мәдениетін, тілін, жазбасын зерттеуші ғалым, бірнеше шет тілдерін меңгерген, испан тілінен ежелгі Америка тарихын аударған, Украина ғылымында майя жазбасының иероглифін зерттеген алғашқы автор екендігінен хабардар етті. Содан кейін сөз тізгінін алыстан келген қонағымыз Маргарита Талахқа берді.
Маргарита Ивановна өз сөзінде Балқашта баласының зор білім алғанын, оқытқан ұстаздар қауымына алғысы шексіз екенін құрметпен айтты. Сөз кезегі №16 орта мектепті 33 жыл басқарған ардагер-ұстаз Х.Ы.Адамбековаға берілді. Оқушылар Сарайының ұстазы В.С.Красовская, мектептегі сынып жетекшісі А.Хасанова сөздерін жалғастырды. Өз сөздерінде бала, оқушы Виктордың қандай болғаны жайлы баяндап, жылы лебіз тілектерін білдірді. Шара барысында флеш-галерея көрсетіліп, «Рожденный под знаком кометы» атты кітап көрмесі қойылды. Ісшара соңында В.Талахтың анасы ұлының кітаптарын кітапханаға сыйға тартты. Украинадан келген қонаққа кітапхана тарапынан сый-сыяпат көрсетілді.