24 Мамыр 2011
Біз өз Отанымыздың иесіміз,және де ол біз үшін өмірдің ұлы қазынасы сақталған шуаққа толы сандық сияқты. Балыққа өмір сүру үшін – су, құсқа – ауа, жануарларға – орман, дала,таулар, ал адамға Отан қажет. Табиғатты қорғау – Отаныңды қорғау дегенді білдіреді. № 2 кітапхана-филиалында қоршаған ортаны қорғауға арналған «Табиғат – тал бесігі» атты экология сағаты өтті. Іс-шараның мақсаты – табиғатқа, туған өлкесіне, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Іс-шараға № 16 орта мектептің 5-ші сынып оқушылары қатысты. Экология сағаты 2 кезеңнен тұрды: 1-ші кезеңде: балалар табиғат туралы,қоршаған ортаны қорғау туралы белсенді түрде ойларымен бөлісті. 2-ші кезең – ойын түрінде өтті. Мектеп оқушылары гүлдердің желектерінің көмегімен табиғат пен экология туралы мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды білетіндігін көрсетті. Экологиялық сағат барысында балалар табиғат,туған өлке туралы өлеңдер оқып, әндер шырқады. Қорытынды ретінде экология мәселелеріне арналған көрме ұйымдастырылды.