31 Тамыз 2024
Әне-міне дегенше балалардың базарына айналған жаз мезгілі де аяқталды. Жазғы демалыс басталып, аяқталғанға дейін кітапханамызда түрлі іс-шаралар өтті. Балалар сурет салды, ойнады, шеберлік сағаттарына қатысты, кітаппен ертегілер еліне саяхаттады. Бүгін жазғы оқу бағдарламасының жабылу кешіне №5 кітапхана-филиалының оқырмандары орталық демалыс алаңына жиналды. Бұл іс-шарамыз «Жазда не оқыдық, біз сізге құпиясыз айтамыз» ойын бағдарламасына арналды. Қатысушылар көңілді ойындар ойнап, ашық аспан астында қызықты кітаптар оқыды. Жас оқырмандар демалыста оқыған кітаптары туралы әңгімелеп, түрлі кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне баға берді. Жаз бойы кітап оқыған оқырмандарға сыйлық ретінде тәттілер таратылды. Сонымен қатар кітапханашы кітап оқу мұнымен тоқтап қалмайтындығын жеткізіп, әрі қарай балаларды кітап оқуды жалғастыруға шақырды.