02 Маусым 2024
Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев қаламызға келіп, балқаштықтармен жүздесті.
Халықаралық балалар күні қарсаңында бірнеше ұрпақ өкілдерінің сүйікті киносына айналған «Менің атым Қожа» фильмінде басты кейіпкер Қожаны сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, әйгілі сценарист, жазушы, кинодраматург Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев қаламызға келіп, балқаштықтармен жүздесті.
Жылы лебізбен қарсы алған балқаштықтар қонағымыздың киноға түскен кездерін, естеліктерін тыңдап, балалық шаққа саяхат жасағандай болды. Фильмнің бала жанына жақын, шынайы да шебер түсірілгені сондай, сол немерелер, яғни, жаңа ғасыр ұрпақтары да аталған картинаны жақсы көреді. ЖББ №5 мектеп оқушылары дайындаған көріністен кейін балалардың фильмді тағы да көруге деген қызығушылықтары оянды. Еркін микрофонда Нұрлан Санжарұлы балалардан қойылған түрлі сұрақтарға жауап беріп, өзінің қызықты да күрделі өнер жолы жайында кеңінен ойымен бөлісіп, жас ұрпаққа жан-жақты болуды, тұрақты дамуға, тұлға ретінде жетілуге талпыну керектігін сөз етті.
Қожа - әрбір қазақ азаматының бала бейнесі, кірбіңсіз тәтті арманы, сағынышы. Еліміздің руханиятына өшпес мұра қалдырған Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде, оның қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналып кеткен «Менің атым – Қожа» повесі – мәңгілік!