Мақтауды тілемейді мамық жырың,
Алашқа әйгіленсін нәзік үнің.
Ақында арқалаған арман көп қой,
Өлеңмен көтере бер, халық жүгін,
Әбіл Кәріпбаев.
Поэзия мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны, махаббат, сүйіспеншілік, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жергілікті қаламгеріміздің бірі ақын-сазгер, білім саласының ардагері, ұстаз Мөлдір Бөлекованың 65 жылдық мерейтойына арналған М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Өмірге өлең жазып мөлдіреген..» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Кешті жергілікті тілші, ақын Нұрдос Кәрім жүргізді.
Шара қонақтары Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ақын А.Игенова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы, «Қаламгер» әдеби бірлестігінің төреағасы Ж.Башар, ақын-сазгер К.Бекмағанбетов, ақын-сазгер журналист Қ.Сәденов, группалас достары Қ.Жексембина, Д.Бурабаев және ақынның замандастары, бірге оқыған құрдастары қатысты.
Ақынның поэзия әлеміне деген ерекше ықыласын С.Сейфуллин ат.ОҚК «Кәусар» әдеби жастар клубының мүшелері өлең-жырларын оқып жеткізді. Кеште тектіліктің қайнарынан сусындаған ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, келген қонақтар ақынға ақжарма жылы лебіздерін білдірді.