12 Қараша 2021
Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлік сияқты сан қасиеттер тоғысқан, жалынды журналист, шежіреші, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты ағамыз Қуандық Мақсұтұлы бұл күнде 60 жастың асқарына шығып отыр.
Бүгін С.Сейфуллин атындағы Орталық қалалық кітапханада «Жыр арнадым, ән арнадым еліме» атты жыр сүйер қауыммен әдеби кездесу болып өтті. Кештің шымылдығы автордың «Ару Балқаш, әнім менің» әдемі әнімен ашылып, ақынның өмірі мен шығармашылығынан бейнеролик көрсетілді. Мерейгерді Балқаш қаласы әкімінің орынбасары С.Жаксылыкова құттықтап, әкім О.Таурбеков және мәслихат хатшысы Қ.Тейляновтың атынан құттықтау хатын, сый-сияпатын табыстады. Ақжарма тілектерімен арнайы келген қонақтар: Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Балқаш қалалық «Қаламгер» әдеби қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Ж.Башарұлы, «Құлық Жалаңтөс - Таңат баба» қоғамдық қоры басқарма алқасы және төрағасы М.Татибеков, «Северное прибалхашье» газетінің тілшісі С.Науанбаев, өнерімен танымал азамат Б.Аринов, ақын М.Бөлекова, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, талантты ақын Н.Кәрім, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қ.Аманқұлов, ақын М.Күземханов, тілші Е.Бақтораз, А.Байыс және т.б. ақын ағаның өрнекті жырларымен сусындап, әндерін сүйсіне тыңдап қанықты. Сазгердің сазы мен сөзі бөлек әндерін қаламыздың Мәдени-сауық орталығының әншілері тамсандыра орындап, жиналған көпшіліктің көңілінде керемет әсер қалдырды.
Қадірлі Қуандық Мақсұтұлы! Қазыналы өлкеміздің өсіп-өркендеуіне қосқан қажырлы еңбегіңізге, кітапхана іс-шараларына үнемі қолдау көрсеткен азаматтық қасиеттеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіз!