"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Жаңалықтар

20 Наурыз 2019

Біз Наурыз мерекесін тойлаймыз!


     Тарихымыздан дәстүр, ата-бабамыздан салт болып келе жатқан Ұлы мерекеміз –Наурыз, еліміздің барша азаматтарының жақсы тілек, ерекше қуанышпен атап өтетін үлкен мейрамы. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының қарсаңында қала кітапханаларында іс-шаралар өткізілді.     

С.Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапханада «Ұлттық мереке - ұрпаққа өнеге» атты дәстүр сағаты ұйымдастырылды. Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін  жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шараға Мәдени-сауық орталығының «Балқаш сазы» хорының әжелері  және  колледж студенттері қатысты. Ақ жаулықты әжелер Наурыз мерекесімен құттықтап, мерекелік әннен шашу шашты. Қазақтың салт-дәстүрлері бесікке бөлеу, құйрық – бауыр асату, шашу рәсімдерінен көрініс көрсетіп, мерекенің дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже» туралы айтып өтті. Шара соңында бата беріліп, адал ниет, жақсы тілектер айтылды.

       № 1 кітапхана–филиалында кітапхана оқырмандарымен «Ұлыстың оңы, ырыстың молы - Наурызым» атты әдеби қонақжайы өтті. Мерекелік іс-шара Наурыз мейрамына қатысты ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, мақал-мәтелдер, ұлттық ойын түрлері, бата, әуен, ұлттық тағамдарды дайындау тәсілдері жөнінде мол мағлұматтар берілді.

       №4 «Сырлас» кітапхана-филиалында «Төрлет Наурыз, бар әлемді нұрландырып!» атты екі бөлімнен тұратын мерекелік калейдоскоп өткізілді. Шараның 1-ші бөлімінде ұлттық дәстүр наурыз мейрамы туралы және  2-ші бөлімінде «Сәукеле» сырласу шаңырағын жаңғыртып жалғастыру мақсаты қойылды. Іс шараға    «Зияткер» мамандандырылған мектеп-интернатының 9 «а» сынып оқушылары ұстаздарымен, қалаға танымал  ардагер - әжелер: Молдахметова Тұрымтай, Искакова Роза, Ибрагимова Алтынай, Мажманова Завира, №5 жалпы білім беретін мектептің технология пәнінің мұғалімі Есенгелді Жібек арнайы шақырылды. Кітапханашы жастарға наурыз мерекесінің  салтанаты мен дәстүрін таныстырып, көрермендермен сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырды. «Тұсау кесу» дәстүрінен көрініс  көрсетіліп, шашу шашылып, нәрестеге бата-тілектер жаудырылды. Шараның екінші бөлімінде «Сәукеле» қыз-келіншектер клубының  жұмысы мен міндеті таныстырылды. Рухани қазынамыз - салт-дәстүрді сақтау мақсатында ізгі істермен жалғастыру алға қойылды.  Ә.Бөкейханов атындағы №15 мектеп лицейінің 6 сынып оқушысы Тілек Еркенұр және №5 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Балтабай Тоғжан Наурызға әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

      №5 балалар кітапхана-филиалында жыл сайын дәстүрлі түрде Наурыз мейрамы тойланып келеді. Биыл мереке қарсаңында «Наурыз - берекем, наурыз - мерекем» атты ертеңгілік ұйымдастырылып, іс-шараға мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы шақырылды. Кітапханашылар қонақтарды «Амал» дәстүрі бойынша қарсы алып, оларды кітапхананың оқу залында дайындалған киіз үйдің төріне жайғастырды. Шара барысында қатысушыларымыз халқымыздың салт-дәстүрі және Наурыз мейрамы туралы ақпараттар алып, «Теңге алу», «Асық», «Аттамақ» сияқты ойын түрлерін ойнады. Сонымен қатар қазақтың «Балаға ат қою» салты бойынша сахналық қойылым көрсетілді. Мереке барысында мектеп оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі балалар ән мен биден шашу шашты. Ерекше балалар О.Асқарұлы мен Х.Темірбекқызы қазақтың «Қара жорға», ал А.Сәкітай «Қамажай» билерін билеп, көрермендерді тәнті етті. ЖББ №25 мектептің 8-сынып оқушыларынан құралған «Қыздар» тобы «Қазақ» биін билеп, әнші қыз А.Кәрімханқызы «Наурыз - думан» әнін шырқады. Киіз үйдің ішінде қазақтың дәстүрлі дастарханы жайылып, қонақтарымызға сый-сыяпат көрсетілді.

       Гүлшат кентіндегі №7 кітапхана-филиалында «Наурыз жыл басы» атты кездесу өткізілді. «Наурыз - жаңа жыл басы, жаңа өмір бастауы» - деп,  кітапханашы құттықтау сөзін бастап,  қатысушыларды ежелгі Наурыз мерекесінің шығу тарихы және дәстүрлерімен таныстырды.

Вернуться назад

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика