"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Кітап сіздің өміріңізде:

Библиотүн

Библиотүн

    

     «Кітапханадағы түн» акциясы – оқуға қолдау көрсету мақсатындағы жыл сайын өтетін ауқымды фестиваль. Аталмыш түнде кітапханалар, кітап дүкендері, әдеби мұражайлар және арт-кеңестіктері өз жұмыс күндерінің уақытын, форматын ұзартады – өз алаңдарында лекциялар, ашық оқулар, театрландырылған көріністер мен концерттерді, көрмелер, заманауи авторлармен кездесулерді ұйымдастырады. Акцияның  негізгі мақсаты - кітапхана, кітап және мұражай ісін дамыту; кәсіби ынтымақтастық  құрылымдарда  қоғаммен байланыс жасау; сонымен қатар оқуды насихаттау және бос уақытты мазмұнды өткізуде жаңашылдыққа іздену.

   Ең алғашқы акция 2012 жылы кітапхана қауымдастығы мен мәдениет менеджерлер ассоциациясының бастамашылдығымен өткізілді. 2 жылдан кейін акцияны 2000 алаң қолдады. Акцияға әртүрлі ұйымдар қатыса алады.  Ең алдымен бұл кітапханалар, мұражайлар, галерея, баспа орындары, әдеби қоғамдастықтар, клубтар, кітап дүкендері. Негізгі шарты:  барлық алаңдарда келушілерге белгілеген уақытта  мәдени бағдарламаларды өткізу. Осы кітапханалық мерекеде әр оқырман өз қалаған кітабын, ақпараттар, кеңестер алып, барлық қатысушылар кітапханалардың қалай жұмыс жасайтынын көре алады.

 

«Кітапханадағы көңілді түн – 2016»

 

     Кітапхананың кіре берісінде әр түрлі жастағы оқырмандарды Қызыл телпек, мыстан Кемпір, Пират пен Сыған, Көктем, және т.б көптеген ертегі кейіпкерлері қарсы алды. 

    Кештің ашылуы «Буккроссинг» акциясымен басталды («Сізді шақырған кітаптарды іздеңіз»), ондағы әрбір  кітап өз оқырмандарын тапты.

    Кітапхана фойесінде кеш қонақтары «Әдеби коктейль-бар» атты сайыста өз бақтарын сынады,  дұрыс жауап берген қатысушыларға "Синьор Помидор", "Фито-сусын", "Лимонадный Джо" және т. б. коктейльдер ұсынылды.        «Маша және Аю» атты фотостендте атақты мультфильм кейіпкерлерінің бейнесінде суретке түсті. Сонымен қатар, фойеде Балқаш сервис колледжі өздері жасаған кондитерлік өнімдерін сатуға қойды.

     «Театр сахнасында...» қалалық гимназияның 11 сынып оқушылары Б.Шоудың «Пигмалион» пьесасына театрландырылған қойылым қойды, режиссер мен  қоюшы - оқытушы Л. Вырва.

     Қолөнерді жақсы көретін оқырмандарымыз «Күлбикенің шеберханасы»  атты мастер-классқа қатысып, онда орта мектептің оқушылары бисермен, оригамимен, квиллингпен айналысты, әртүсті ленталардан түрлі бұйымдар жасады.

     Өз күштеріне сенімді оқырмандарымыз Армрестлинг ойынында бақ сынасты, ал мергендер болса Дартс ойынына қатысты.

    Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған "Не? Қайда? Қашан?" атты зияткерлік ойынында білімпаздар мен көрермендер болып екі команда жарысты. Ойын басында білімпаздар командасының қатысушыларын анықтау үшін  блиц-сұрау ойынын ойнатты, қатысқандардың ішінен 6 қатысушы өз білгірліктерін көрсетті.  Қазақстанның тарихы, салт-дәстүрі, ырымдары, танымал адамдардың өмірбаяндары жөнінде  сұрақтар қойылды. Ойын қорытындысы бойынша 7/4 есебімен білімпаздар командасы жеңіске жетті, жеңімпаздарға  кітапхана атынан кітаптар сыйға берілді.

     Алғаш рет біздің қаламызда, кітапхана қабырғасында BookDating (өзіңнің сүйікті кітабыңды ала кел) - тиімді, қазіргі заманға сай, әр түрлі тақырыптағы және бағыттағы кітаптарды талқылауға арналған озық алаңы ұйымдастырылды.  Толығырақ http://balkhashlib.kz/kk/metod_4_5. Әр түрлі жастағы және әр түрлі қызметтегі кітаптарды сүйіп оқитын оқырмандар жиналды. Букдатингтің форматы бойынша ісшара екі бөлімнен құралды. Бірінші бөлімде садақ атудан жаттықтырушы Ж.Мухаметжанов Ж.Турлыбаевтың "Райымбек батыр" және І.Есенберлиннің "Алмас қылыш" кітаптарымен, №4 кітапхана-филиалының меңгерушісі Р.Искакова өзінің сүйікті кітаптары Н.Островскийдің «Как закалялась сталь» және В.Дудинцевтың «Белые одежды» атты кітаптарымен  таныстырды,  ал кітапханамыздың ең жас спикері, А.Гайдар атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының оқырманы А.Тлеулиева Д.Роулингтің «Гарри Поттер и  Философский камень» және «Алаштың ардағы» атты туындылармен таныстырып өтті.  Кітаптар жайлы әңгіме слайдтар және буктрейлердің көрсетілуімен жалғасты. Екінші бөлімде кітапқұмар оқырмандарымыз А.Құнанбаевтың «Қара сөздерін»,  М.Әуезовтің  «Абай жолы»  романын, Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" атты туындысын, М.Мақатаев пен Қ.Мырзалиевтің  және т.б. ақын-жазушылардың өлеңдер жинақтарын талқылады, содан соң олардың өмірлерінде оң әсерін тигізген кітаптарымен алмасты.  Қазіргі таңда жастар кітап оқи ма?  Иә, әрине, оқиды, біз бұған толықтай көзімізді жеткіздік.

     Кешіміздің ең батыр да батыл қатысушылары «Елесті лабиринт» атты кітаптар сақтау қорының шытырман жолдарына саяхат жасап,  кітапхананың жұмбақ қорларымен танысты.

    «Әдемілік бізге көптік етпейді»  деген атпен ұйымдастырылған  сұлулық салонында Балқаш сервис колледжінің шебер  шаштаразшыларының көмегімен біздің сұлу оқырмандарымыз өздеріне әдемі шаш үлгілерін, шаш өрімдерін жасатты. 

    "Кел, шырқайық!" атты караоке-кешінде қонақтар қуана әндер сайысына қатысып,  одан әрі кешіміз дискокешпен жалғасты.

      Барлық залдарға тақырыпқа қатысты кітап көрмелері қойылды. 

      Кітапхана түні ең белсенді және тұрақты қатысушыларына сыйлықтар табыстауымен аяқталды.

 

«Кітапханадағы түн - 2014»

 

    Осы жылы С.Сейфуллин атындағы Орталық қалалық кітапхананың 80 жылдығы және жазушы, қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің 120 жылдық мерейлі мерекелерімен байланыстырылып ұйымдастырылды.

     «Сәкен – жырдың сарқылмас дариясы» атты әдеби рандеву  оқырмандардың ерекше қызығушылығын оятты. Қала колледждерінің студенттері мен оқырмандары ақынның өлеңдерін оқып, театрланған көрініс ұсынды. Автоматтандыру секторы қызметкерлерінің дайындауымен С.Сейфуллин жайлы электрондық фото-видео материалдар ғаламтор-залындағы компьютерлер жадына енгізілді. «Өзің оқы да, өзгеге ұсын» атты үндеуімен ұйымдастырылған «Буккроссинг» акциясына жастар мен үлкендер қатысып, 250 кітап өз оқырмандарын тапты. Жұмбақ жауабын дұрыс тапқан әр қонақ үшін түрлі сусындар сыйға берілетін «Коктейл-бар» жұмыс жасады. Келесі залдағы «Кокология» жапондық ойынында тест сұрақтарына жауап беру арқылы өз жан-дүниесін тануға мүмкіндік туды. Кітапхананың «Всемирная паутина» ғаламтор-залында пайдаланушылар тек компьютермен жұмыс жасап қоймай, сонымен қатар интеллектуалды квест-ойындар ойнауына мүмкіндік алды. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты әдеби салоны, өз өлеңдері мен сүйікті авторлардың шығармашылығын оқуға құмар поэзия өкілдеріне есігін айқара ашты.  Кітапханаға алғаш жазылушылар кез-келген кітапхана филиалдарында ғаламтор-залын жыл соңына дейін ақысыз пайдалану жолдамаларына ие болды. Вавилова Алланың басшылығымен «Қиялшылдар әлемінде» қолөнер залы жұмыс жасады, онда оқырмандар күз пейзажын жасауды, шанышқымен тоқуды және т.б. үйренді.  Өнерсүйер қауымға «Биле,биле» атты би залы жұмыс жасап, «Северный берег» және «Цепелин» рок-топтарының өнерін тамашалауға мүмкіндік туды.

     Нәтижесінде әр залды орта есеппен 100-ге тарта оқырман қызықтады.  Акцияның аяғына дейін болған адал оқырмандарымызға сыйға кітаптар табысталды.

     

«Кітапханадағы түн - 2013»

 

     Бағдарламада белсенді оқырмандарға «Алтын формулярды» құрметпен табыстау, Рісаsо программасымен дайындалған «Кітапханаға жазылуға асық» флеш-галереясы, «Ертегілер әлеміне саяхат» мульткөріністері көрсетіліп, кітап сақтау орнына экскурсия жасалынды. Әдеби салонда гимназия мектебінің оқушылары (ұстазы - Л.В.Вырва) М.Гелприннің «Свеча горела» шығармасы бойынша театрландырылған көрініс көрсетті. «Айтылмаған сыр жаңғырығы» лирикалық кеші «Қаламгер», «Кәусар» клубтарының қатысуымен өтті. Әдеби кафе-барда  викторина сұрақтарына дұрыс жауап бергендерге «Синьор помидор», «Буратино», «Тірі және өлі су» т.б. сусындары ұсынылып, сыған қызы Азаға кітаппен бал аштырып, А.Вавилованың қолөнер мастер-класында шеберліктерін көрсетті. Сәнді фотограф А.Шариповадан фотоға түсірудің қыр-сырын үйренді. «Кітаппен сырласу» релаксация бөлмесінде оқырмандар тамашамен қауышты. Көңілі толған кітапхана оқырмандары өздерінің лебіздерін ілінген плакаттарға жазып қалдырды. 


Дата редактирования: 01 Сәуір 2020

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика