Дакимова Нағима Солтаханқызы 1944 жылы 20 мамырда Балқаш қаласының 1-ші сызық бойындағы №1 жер кепеде дүниеге келген. «Ақ школ» деп аталатын бастауыш мектебінде білім алған. 1959 жылы Шығыс Қоңырат кенішіндегі №18 жеті жылдық мектепті тәмәмдаған. 1961 жылы Қызылорда қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, 1965 жылы үздік бітіреді. 1965 жылдан Гүлшат поселкасындағы орта мектепте 13 жыл қызмет етті. 1962 жылдан бастап мотоцикл үйірмесіне қатысып, «К-175» маркалы мотоциклмен қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Сол сәттен бастап Қазақстан әйелдер арасындағы мотоспортының алғашқы қарлығашы атанды. 1978 жылы Жезқазған қаласында өткен І облыстық мұғалімдер съезіне делегат болып қатысты.
Нағима Солтаханқызы 1978 жылы Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озат қызметкері атанып, 1979 жылы Алматыда өткен Республикалық ғылыми конференцияға қатысты. 1983 жылы «Кеңес Одағының Халық ағарту ісінің озат қызметкері» атағын алды. 1983-84 оқу жылдарында электрлі көбейту кестесін құрастырғаны үшін «Жаңашыл мұғалім» атағын иеленді. 1984 жылы Қарағанды педагогикалық институтының педагогика және методика бөліміне сырттай оқуға түсіп, 1989 жылы аяқтады. 1987 жылы Жезқазған қаласында өткен ІІ облыстық және VІІ Республикалық мұғалімдер съезінің делегаты болып «Аға мұғалім» атанды. 2000 жылы «Триз» факультативтік оқу бағдарламасын құрастырды.
2017 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай Нағима Солтаханқызы Балқаш қаласы әкімінің Алғыс хатымен және «Балқаш қаласының 80 жылдығына» төсбелгісімен марапатталды. 2018 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 90 жылдығына орай шыққан энциклопедияға енген.
Дакимова Нағима Солтаханқызы 2022 жылғы 25 қазанда дүниеден озды.