"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Қышқашбаев Тілеуғали Әшірбекұлы

Просмотров: 682

 

Қышқашбаев Тілеуғали Әшірбекұлы - композитор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері. Ол 1957 жылы 23 тамызда Балқаш қаласында дүниеге келген. №2 Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы Алма-Ата мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, оны 1981 жылы бітіреді. Т.Қышқашбаев өзінің кәсіби қызметін 1979 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрінің әртісі болып бастады. 1981 жылдан 1983 жылға дейін Балқаш педагогикалық училищесінде оқытушы болып жұмыс істеді. Онда Балқаш өңірінде болмаған Қазақ ұлттық аспаптар оркестірін ашты, оның репертуарында С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев және басқа да атақты композиторлардың іргелі шығармалары шырқалды. Сондай-ақ ол оқу бағдарламасына «Домбыра үйрену» сағатын енгізді. Т.Қышқашбаев Балқаш қаласының мәдениет сарайында директор болып еңбек етіп, талантты жастарды біріктіріп, «Балқаш әуендері» ансамблін құрды. 1983-1988 жылдары П.И.Чайковский ат. Алма-Ата музыкалық училищесінде оқытушы болып жұмыс істеді. 1988-1994 жылдары Алматы мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, 1994-1996 жылдары П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің директоры қызметін атқарды. Т.Қышқашбаев 1996-1998 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі өнер басқармасының бастығы, 1998-2000 жылдары Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы болды. 2000-2008 жылдары   Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік (ұлттық) өнер академиясының ректоры, 2008-2012 жылдары «Тәуелсіздік Сарайы» МКҚК бас директоры, 2012-2014 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының міндетін атқарушы және төрағасы,  «Ә.Қастеев ат. ҚР өнер мемлекеттік музейі» РМҚК директоры, «Астана  қаласының тілдерді дамыту басқармасы», «Нұр-Сұлтан қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ басшысы қызметтерін атқарды. Т.Қышқашбаев осы жылдар ішінде өзінің туған қаласымен байланысын үзбей, Балқаш қаласының таланттарына қолдау көрсетіп отырды.
Т.Қышқашбаев кәсіби және шығармашылық қызметінде қазақ тілін, ұлттық өнерді, музыканы асқақтатып, дамытуға әрдайым зор көңіл бөледі. Ол - талантты композитор, «Шаттық ел» симфониясының, оркестрлер мен ішекті аспаптар квартетіне арналған 4 симфониялық поэманың, 60-тан астам әннің авторы. Т.Қышқашбаев Республикалық ономастика комиссиясының тұрақты мүшесі бола отырып, елдімекендердің көшелеріне тарихи дәстүрлі, оның ішінде біздің өңірмен байланысты атауларды беруге көмектесті, мәселен, оның бастамасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының картасында Балқаш, Ақтоғай, Қараменде би Шақаұлы көшелері бар. Т.Қышқашбаевтың қолдауымен 2019 жылы Балқаш қаласының 27 көшелері мен алаңдарға қазақтың байырғы атаулары берілді. 2021 жылы орталық көшеге ұлы Абайдың есімі беріліп, Балқаштың бірнеше мектебі жаңа есімдерге ие болды.
Ел дамуына қосқан үлесі үшін Т.Қышқашбаев «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» атағына, «Парасат», «Құрмет», ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Астанаға 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталған.
Балқаш қалалық мәслихаттың 2022 жылғы 31 тамыздағы №15/121 шешімімен Тілеуғали Әшірбекұлы Қышқашбаевқа «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
1. Мейрамғазинов, Б. Балқаш өңірінен шыққан тау тұлға / Б.Мейрамғазин // Балқаш өңірі. – 2022. – 19 тамыз. – (№61). – 6 б.
2. Муслымов, А. «Балқаш қаласның Құрметі азаматы» атағын беру туралы / А.Муслымов // Балқаш өңірі. – 2022. – 2 қыркүйек (№64). – 1 б
.

 

 


Дата редактирования: 19 Сәуір 2024

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика