Мұсатаев Аманқұл 1931 жылы табиғаты ғажайып, киелі Бектау-Ата баурайында дүниеге келген. Ол 1948 жылы Алматы қаласындағы көркем сурет училищесіне түседі. Ол атақты суретшілер К.Наурызбаев, А.Ғалымбаевадан дәріс алып, 1952 жылы Алматы көркем сурет училищесін бітіреді.
Училищені бітіргеннен кейін жолдама бойынша, Қарағанды қаласына келіп жұмыс істеп, соңынан туған жері Ақтоғайға барып онда 26 жыл бойы ауыл мектебінде бейнелеу өнерінен сабақ беріп, балаларды осы өнерге үйретеді.
Мұсатаев Аманқұл Мәскеудің Н.Крупская атындағы мәдениет институтын сырттай оқып бітіреді.
Ол 1950-1960 жылдары археолог Әлкей Марғұланмен бірге Орталық Қазақстанның шың бетіне салынған суреттер мен археологиялық қазбаларды зерттеуге қатысты. А.Мұсатаев 1955 жылдан бастап 30 жыл бойы Әлкей Марғұланмен достық қарым-қатынаста болды, оның барлық экспедицияларына фотограф әрі суретші ретінде қатысты.
А.Мұсатаевтың салған суреттері өз кезінде Бүкілодақтық көрмелерге қатысып жүлделі орындар алып, көптеген дипломдар мен куәліктерге ие болған. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туының ең үздік эскизін жасауға қатысқан, он жеті суретшінің ішінде А.Мұсатаев та болған. Оның басшылығымен шыңдардың бетіне салынған 16280 суретті зерттеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Сонымен бірге ол майлы бояумен қазақтың белгілі батырлары, билері мен ақын-жырауларының 182 портретін салып, бай материалдар жинаған. Оның суретшілік шығармашылығының ең басымдысы – портреттік жанр болып табылады. Оның суреттер галереясынан Қаракесек, Ағыбай, Жалаңтөс батырлардың, Ә.Марғұлан мен Шоқанның және тағы да басқа атақты адамдардың суретін көруге болады.
Мұсатаев Аманқұл – Балқаш өңірінің өкілі ретінде, Әлкей Марғұланның 100 жылдық тойына қатысып қайтқан.
Әдебиеттер тізімі:
1. Оразымбетов, М. Мұражай қалпына келтірілмек / М.Оразымбетов // Мысты өңір.
2. Махметова, Ж. Әлкей Марғұланның хаты / Ж.Махметова // Балқаш өңірі. – 1999. – 12 қаңтар(№3). – 4б.
3. Тілеуінбекқызы, К. Мол мұраның мекені / К.Тілеуінбекқызы // Балқаш өңірі. – 2002. – 17 мамыр(№36). – 2б.
4. Айтжанұлы, Қ. Бабаларын сыйлаған, келешегін ойлаған / Қ.Айтжанұлы // Балқаш өңірі. – 2002. – 7 тамыз(№61). – 3б.
5. Мұсатайұлы, А. Көнеден жеткен таңбалар / А.Мұсатайұлы // Балқаш өңірі. – 2003. – 19 қараша(№93). – 3б.
6. Оразымбетов, М. Тағылым / М.Оразымбетов // Балқаш өңірі. – 2007. – 16 қараша(№93). – 2б.
7. Мұсатайұлы,А Тағылым / А.Мұсатайұлы // Балқаш өңірі. – 2008. – 23 мамыр(№41). – 2б.
8. Мазмұнды кеш // Балқаш өңірі. – 2011. – 27 шілде(№53). – 8б.
9. Мұсатайұлы, А. Жидебайдың хан сайлауына түсуі туралы кейбір аңыз-әпсаналар / А.Мұсатайұлы // Балқаш өңірі. – 2013. – 9 тамыз(№62). – 4б.