Ешпанов Далабай Оспанұлы 1926 жылы 15 қазанда Қызылорда облысында туған. 1949 жылы Алматы қаласындағы Қазақ тау - кен металлургия институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1949 жылы Жезқазған мыс комбинатында аумақтық маркшейдер, аға маркшейдер болып бастады, содан кейін 1953 жылдан бас инженер, шахта бастығы, кеніштің бас инженері, ЖТМК кенішінің директоры болып жұмыс істеді. 1960 жылы Жезқазған ТМК партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1971 жылы Д.Ешпанов Ақшатау тау-кен байыту комбинатының директоры, 1975 жылы Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының бас инженері болып тағайындалады.
1980 жылы Далабай Оспанұлы Балқаш тау - кен металлургиялық комбинатының директоры болып тағайындалды. БТМК-да қызмет еткен жылдары, ол өзін өндірістің жігерлі әрі әділ ұйымдастырушысы, өзінің қарамағындағы жұмыскерлерге талапшыл басшы екендігін көрсетті. Ол еңбек ұжымының қызметіне және тау-кен кәсіпорындары мен байыту фабрикаларының жоспарларын орындауға байланысты өндірістік бағдарламаны ырғақты орындау мәселесін іс жүзінде шешті. Еңбекшілердің тұрмыстық жағдайларына, кадрларды бекіту мәселелеріне, техникалық қайта жарақтандыруға және комбинат жұмысының болашағына көп көңіл бөлді. Қысқа мерзім ішінде байыту фабрикасын қайта жаңартуды жүзеге асырып, сұйық ваннада мыс балқыту (СВБ) жаңа технологиясын енгізуді және оның құрылысын аяқтады.
Ешпанов Д.О. сіңірген еңбегі үшін Ленин, Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және төсбелгілермен марапатталған, «Қаз КСР-ның Еңбек сіңірген кеншісі» атағының иегері. 1985 жылы Далабай Оспанұлы Ешпановқа сұйық ваннада мысты балқытудың автогенді технологиясын енгізгені үшін КСРО Министрлер Кеңесі Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты атағы берілді.
Ешпанов Далабай Оспанұлы 2004 жылы дүниеден өтті.