"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Іс-шаралар тізімі

Мұрағат

Сәбитова Зылиха Нығметқызы

     Сәбитова Зылиха Нығметқызы 1923 жылы Астрахань қаласында туған. Мәскеу қаласында М.И.Калинин атындағы түрлі-түсті металдар институтын бітіріп, 1948 жылы Түсті металлургия Министрлігінің жолдамасы бойынша Балқаш қаласына жұмысқа келеді. Зылиха Нығметқызы – соғыстан кейінгі кезеңде, Мәскеу қаласында білім алып, инженер болған екінші қазақ қызы. Ол 1948-1957 жылдары №517 зауыттың №1 цехында технолог, содан кейін цех бастығының орынбасары болып істейді. З.Сәбитованың осы кезеңдегі атқарған  жұмыстары өте табысты болды.

     Зылиха Нығметқызы қатарынан екі рет (1950, 1954 жж). КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.  Қазақстан Коммунистік партиясының  X съезіне, ғылыми-техникалық бірлестіктің Мәскеуде өткен Бүкілодақтық  IV съезіне және түрлі-түсті металлургия саласының халықаралық, бүкілодақтық отырыстары мен мәжілістеріне қатысып, Қазақстанды  биік мінбелерден көрсете білді. Ол кезде барлық мәселелі сұрақтар, тек Мәскеуде ғана шешілетін. З.Сәбитованың депутаттық сұрақтарды дұрыс қоюына байланысты, тау-кен металлургиялық комбинатына керекті жаңа құрал-жабдықтар алу, өндіріске жаңа ғылыми – техникалық үдерістер енгізу мәселелері толығымен шешіліп отырды.

     З.Сәбитова тек Балқаш қаласының  ғана емес, Қарағанды мен Теміртау қалалаларының құрылысының тез жүруіне, осы қалаларды аббаттандыруға да  көп үлесін қосқан депутат болды. Оның ұсынысы бойынша (1951ж.)  КСРО Жоғары Кеңесінің екінші сессиясында осы қалаларда көп қабатты тұрғын үйлер, мәдениет орталықтары мен ауруханалар және көкөністер сақтайтын қоймалар салу туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге Балқаш қаласындағы металлургтердің Мәдениет Сарайының, Қазбекова, Бейбітшілік және Ленин көшелеріндегі үйлер мен дүкендердің, ауруханалардың салынуына қаражат бөлінуіне көп көңіл бөліп, құрылыстың барысын өзі қадағалап отырған.  

      1957 жылы Қарағанды облысының облыстық кеңестік халық шаруашылығы комитетінің төрайымы қызметіне жібереді. Осы лауазымда отырып, ол Қарағанды облысының экономикасының дамуына өзінің белгілі бір үлесін қосты.

      З.Сәбитова 1994 жылы Қарағанды қаласында қайтыс болды.

    2000 жылы 19 қаңтарда Балқаш қалалық мәслихатының шешімімен №1 ықшам ауданға Сәбитова Зылиха Нығметқызының аты берілді.

Әдебиеттер  тізімі:

1. Сардарбекова, К. Сағындым мен көз көргенді / К.Сардарбекова // Балқаш өңірі. – 1992. – 14 наурыз(№32). – 3б.

2. Айтжанұлы, Қ. Көше атауын өзгертті / Қ.Айтжанұлы // Балқаш өңірі. – 2001. – 27 мамыр(№18). – 4б.

3. Смағұлова, Г., Төлеуова, Б. Металлургия саласының қарлығашы / Г.Смағұлова, Б.Төлеуова // Орталық Қазақстан. – 2017. – 7 наурыз(№27). – 5б.

4. Жаксенова, Н.Т., Исабекова А.Б., Сәкенова Р.Д. Балқаш. Тарих беттері. (1936-2007 жылдар) Құжаттар мен материалдар / Н.Т.Жаксенова, А.Б.Исабекова, Р.Д.Сәкенова. – Қарағанды: «Арқа және К» ЖШС, 2007. – 211-212 б.


Дата редактирования: 25 Қаңтар 2020