"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Қағазбеков Қасымжан Қағазбекұлы

Просмотров: 1604

     Қасымжан Қағазбекұлы Қағазбеков 1927 жылы қазан айының аяғында Қарасу ауылында (қазіргі Нарманбет елді мекені) руы Тобықты  Жуантаяқтан тараған  орта шаруа отбасында дүниеге келді. 7 жасында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан бастауыш мектептің табалдырығын аттады. Балалық шағы сұрапыл соғысқа сай келген азамат еңбек жолын зауытта жұмыскер болып бастады.  1943 жылы механика – жөңдеу цехында темір өңдеуші болып еңбек етіп, 1944-1948 жылдары Балқаш кен-металлургия техникумында білім алды. Техникумды үздік бітірген жас маман Шығыс Қоңырат кентінде шахтада еңбек етті. 1951 жылдан  бастап Қоңырат кенішінің № 25 қазақ орта мектебінде физика, математика пәндерінің мұғалімі ретінде қызмет атқара жүріп, 1958 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын сырттай бітіреді. 1955-1959 жылдары аталмыш мектептің оқу ісінің меңгерушісі жұмысын атқарып, 1961 жылы мектеп директоры қызметіне көтерілді. Қоңырат мектебінде он жыл еңбек еткен Қасымжан Қағазбекұлы  1970 жылы Балқаш қалалық оқу бөліміне әдістемелік бөлімінің меңгерушілігіне ауысады. Екі жылдан соң Шашубай кентіндегі № 3 мектеп-интернатқа директор, 1973 жылы Абай атындағы № 2 мектепке басшы болып тағайындалып, 1996 жылға дейін осы ұжымды басқарды.  
     Сонау 70-жылдары №2 Абай атындағы мектепті республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындар  қатарына жеткізуді мақсат еткен Қасымжан Қағазбекұлы, Ресей мектептерінің озық іс-тәжірибелерін  енгізді.
     Қасымжан Қағазбекұлы - қазақ халқының өнерін дәріптеген патриот басшы. Оның басшылығымен мектеп  «Елім-ай» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, қазақ балаларының ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, домбырада ойнап, ән салуына  жағдай жасалды.  №2 Абай атындағы лицейдің «Абай тағылымы» комплексі, Абай ескерткіші, «Ақыл-ой  дарыны», хореографиялық эстетикалық  блогы - Қасымжан Қағазбекұлының ізденіс жұмыстарының нәтижесі. Мектептің техникалық базасы нығайып, оқушылардың терең де тиянақты білім алуына жағдай жасалынды.  Әрбір кабинетте радио жұмыс істеп, телетехникалық орталықта әрбір пән бойынша дискілер, көрнекіліктер, видео фильмдер жинақталды. Қасымжан Қағазбекұлы қалада «Техниканың королі» деген атқа ие болды.
    Қасымжан Қағазбекұлының ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі еленіп, көптеген мадақтамалармен марапатталды. Ел қалаулысы атанған ұстаз КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі,  Әдіскер мұғалім, «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысы кезіндегі майталман еңбегі үшін» медалінің, КСРО Ағарту министрлігінің Құрмет грамотасының, ҚазСРО Ағарту министрлігінің Құрмет грамотасының иегері атанып, Ресей Ғылым Академиясының бүкілодақтық Данқ кітабына есімі енгізілген. Бүгінгі лицейдің  өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жаңашыл бастамалары мен жасампаз істерінің негізін қалаушы Қ.Қ.Қағазбеков   23 жыл басшылық жасаған оқу орнының 80 жылдық мерейтойында  Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. 2013 жылы «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
     Қасымжан Қағазбекұлы - №2 Абай атындағы лицейдің мәртебесін биіктетіп, халыққа танытқан іскер басшы, заманынан озып туған кемеңгер ұстаз, әрбір шәкірттің құрмет тұтар асыл тұлғасы бола білді. Лицей ұжымы ардагер ұстазды үнемі құрмет тұтады. 2012 жылы физика кабинетіне Қасымжан Қағазбековтың есімі берілді, ал ұстаз өз тарапынан физика пәнін үздік оқитын облыстық , республикалық олимпиадаларда және ғылыми сайыстарда жүлделі орын алған оқушыларға сыйақы тағайындады.
     Отбасының қамқоры, аяулы әке, тағылымы мол ата 5 бала өсіріп, тәрбие, білім беріп, немере – шөберелеріне жол көрсеткен асыл тұлға.

Мақалалар тізімі:

1. Рүстем, Қ. Еңбегің кетпес далаға // Балқаш өңірі. - 2011. -  21 қазан. - 3б.
2. Қағазбеков, Қ. Қазақ қара // Балқаш өңірі. - 2002. - 10 шілде. - 2б.
3. Ахметов, Қ. Өнегелі ғұмыр // Балқаш өңірі. - 2004. – 4 ақпан. -3б.
4. Саяжанқызы, М. Туған күнімен құттықтады // Балқаш өңірі. - 2007. - 2 қараша. - 1б.
5. Кендірбаева, А. Құрмет құшағында немесе ұстаз туралы сөз // Балқаш өңірі. - 2007. – 14 қараша. - 4б.
6. Қалымбергенов, А. Қарттарым, аман-саумысың... // Балқаш өңірі. - 2007. – 23 қараша. - 4б.
7. Сәденов, Қ. Қалдырған ізі мәңгілік // Пульс. - 2012. – 20 қаңтар. - 5б.
8. Бақтораз, Е. Ұстаздардың ұстазы // Балқаш өңірі. - 2012. – 24 қазан. - 3б.
9. Мақсұтұлы, Қ. Бақыт та, құрмет те – еңбекте // Пульс. - 2013. – 13 қыркүйек. - 5б.
10. Мақсұтұлы, Қ. Қалдырған ізің мәңгілік // Пульс. - 2014. – 28 ақпан. - 7б.
11. Дәрібек, К. Ұстаз жайлы толғаныс // Балқаш өңірі. - 2014. – 7 наурыз. - 6б.
12. Көңіл айту // Балқаш өңірі. – 2016. – 21 қаңтар. – 7б. 
13. Мақсұтұлы, Қ Ұлағатты ұстазға мемориалдық тақта орнатылды / Қ.Мақсұтұлы // Балқаш өңірі. – 2021. – 27 қазан (№82). – 4 б.
14. Серікбаева, Д. Ардақты ұстаз / Д.Серікбаева // Балқаш өңірі. – 2022. – 28 қазан (№79). – 7 б.
 


 


Дата редактирования: 28 Наурыз 2024

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика