"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Ағайынды Мусиндер

Просмотров: 1850

     Ағайынды Мусиндер қазан революциясына дейін кедей отбасында туған.  Есімхан 1902 жылы, Әділхан  1905 жылы және Әлихан   1908 жылы дүниеге келген.
     30-шы жылдардың басында Мусиндер отбасы Балқаш көлінің жағалауында үлкен кен өндірісі ашылып, алып құрылыстың басталғанын естиді. Мусиндер отбасы Қоңырат кенішіне көшіп келіп, тау – кен байыту фабрикасының құрылысында жұмыс істей бастайды.
    Әлихан  Мусин бала кезінен бастап – ақ, өзінің ерекше қабілеттілігін көрсетіп, жақсы оқиды. Техникумды бітірген соң, Мәскеу қаласындағы алтын және түрлі – түсті металдар институтына жолдамамен жіберіліп «Тау-кен орындарын барлау» мамандығы бойынша оқуға түседі. Институтты 1937 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады.             
     1937 жылы институттты бітірген соң, Қоңырат кенішінде инженер болып жұмыс істейді. 1938 жылы Ә.Мусин Өспен кенішіне бас инженер болып  ауысады. Алтай полиметалл комбинатының Березовка тау-кен басқармасында да жұмыс істейді. 1941 мен 1946 жылдар аралығында Лениногор кенішінде телім бастығы, содан соң бас инженер болып жұмыс істейді.
     1946 жылдан бастап, Әлихан Мусин ғылыми жұмыстармен айналыса бастайды. 1949  жылы Жезқазған тау-кен орнын өндірудің  жаңа әдістерін жетілдіріп, жүзеге асыру бойынша кандидаттық диссертация қорғайды.
     1949 жылы Ә.Мусин Қазақстан ғылым Академиясының тау-кен істері  институтының директоры болып тағайындалады. Ол осы міндетін өмірінің соңғы жылы – 1963 жылдың желтоқсан айына дейін үлкен жауапкершілікпен орындады.
     Мусин Әлихан Шөжебайұлы тау-кен өндірісі саласындағы атақты ғалым болды.  Ол техника ғылымдарының докторы (1957ж.), профессор (1959ж.), Қазақ  КСР ғылым Академиясының корреспондент мүшесі (1958ж.), Қазақ КСР –ның еңбек сіңірген ғылымы (1961ж.) атақтарының иесі.
      Әлихан Шөжебайұлы екі туындының және 60 ғылыми жұмыстың авторы.   КСРО  АШЖК  қола медалымен (1960ж.) және «Құрмет белгісі» орденімен  марапатталған.
Ә.Мусинге 1961 жылы Лениногор полиметалл комбинатының кеніштеріндегі, қалың кен қабаттарын кенетті жағдайда қолмен  бұзу әдісін енгізгені үшін, Лениндік сыйлық берілді.
     1995 жылы Балқаш қаласының тұрғындарының қолдауы бойынша, Балқаш  тау – кен металлургиялық техникумына (қазір Балқаш техникалық – гуманитарлық колледжі)  Әлихан Мусиннің  аты берілді.
     Мусин Әлихан Шөжебайұлы 1963 жылы қайтыс болды.
    Ағайынды Мусиндердің  үлкені Мусин Есімхан Шөжебайұлы   өзінің еңбек жолын құрылысшы болып  бастаған. Содан кейін байыту фабрикасында  жұмысшы  шеберлігін  арттырудың барлық сатыларынан өтеді. Содан зейнеткерлікке шыққанша, ауысым бастығы болып жұмыс істеді.
     Есімхан Шөжебайұлы - Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
     Ағайындылардың ортаншысы  Әділхан Шөжебайұлы  да байыту фабрикасында  жұмыс істейді. Басында диірменнің  машинисі, содан кейін аға жүйелеуші болып істейді. Ол ауысым шебері Әубәкір Әлімжановтың ауысымында істеп, 1938 жылы Қоңырат кенішінің кенін бірінші болып қабылдағандардың ішінде болды.  Әділхан Шөжебайұлы Еңбек Қызыл Ту орденімен  және «Ерен еңбегі үшін» медальымен марапатталған.
     Ағайындылар айырылысуға  бірін-бірі қимағандай, бұл өмірден бірінен соң бірі кетті. Мусиндер отбасы үшін  1961-1963 жылдар – қасіретке толы жылдар болды.
     1998 жылы 4 наурыз күнгі Балқаш қалалық мәслихатының шешімімен  Строительдер көшесі – Ағайындылар  Есімхан, Әділхан және Әлихан Мусиндер көшесі болып аталды.                                  

Әдебиеттер тізімі:

1. Сардарбекова, К. Ғылымның шыққан шыңына.
2. Смағұлов, Е. Есімі ұрпаққа өнеге // Балқаш өңірі.
3. Тарих деректерінен  // Балқаш өңірі. – 1992. – 24 қараша(№140). – 3б.
4. Жүктелген міндетті жұмыла көтеру керек // Балқаш өңірі. – 2001. – 24 тамыз(№67). – 3б
5. Тұрсынқызы,Г. Жадыңда жүрсін / Г.Тұрсынқызы // Балқаш өңірі. – 2002. – 14 тамыз(№51). – 2б.
6. Құрас: Жексенова Н.Т., Исабекова А.Б., Сәкенова Р.Д. Балқаш. Тарих беттері. (1936-2007 жылдар) Құжаттар мен материалдар жинағы. Қарағанды: «Арқа және К» ЖШС, 2007. – 209,216 б.
7. Башар, Ж. Ғұлама кешкен ғұмыр / Ж.Башар // Балқаш өңірі. – 2008. – 14 қазан(№68). – 3б.


Дата редактирования: 29 Наурыз 2024

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика