Муслымов Асқар Қадырұлы 1966 жылы 28 наурызда Балқаш қаласы, Қоңырат кентінде (қазіргі Қоңырат ықшам ауданы) дүниеге келген. № 3 орта мектебінде оқыды. 1984 жылы Балқаш тау-кен металлургиялық техникумына түсіп, сол жылы мерзімді әскери қызметке шақырылды. Әскери қызметі Украинаның Львов мотоатқыштар жедел полкында өтті. 1986 жылдың сәуір айында еліне оралуға санаулы күндер қалғанда «Ворон-2» сигналы келіп түседі, бұл әскерилердің арнайы тілінде «апат» дегенді білдіреді. Отанына оралудың орнына қызметін жалғастыруға тура келді. Оның полкына тұрғындарды көшіруді ұйымдастыру және Чернобыль АЭС-на жақын орналасқан елдімекендерде тонаушылық әрекеттерінің жолын кесу әскери міндеті қойылды. А.Муслымов апат болған елдімекен тұрғындарының орасан зор қайғы мен ерлігінің куәгері болды. 1986 жылдың маусым айында әскери борышын өтеп, үйіне оралады. Оралғаннан кейін Асқар Қадырұлы туған кентінде гир спорты мен армрестлинг секцияларын ұйымдастырып, көптеген жасөспірімдердің құрметті жаттықтырушысы болды. Арада 5 жыл өткен соң Чернобыльда алған радиацияның салдары денсаулығына әсер етіп, күрделі стационарлық емдеу қажет болды. Қазіргі уақытта Асқар Қадырұлы «Транко Балхаш» ЖШС қорғасын – қалайы қорытпаларын құюшы және ұсталық мамандығын ұштастырып еңбек етеді. Ол үш баланы тәрбиелеп өсірген әке, немересінің сүйікті атасы.
Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқаны үшін А.Муслымов «Батылдық үшін» орденімен марапатталған (2019 ж).
Муслымов Асқар Қадырұлы 2021 жылдың 26 қыркүйегінде дүниеден өтті.